Таяу аралықта Қазақстанға нарықтық экономикалы ел мәртебесі берілуі мүмкін - Т.Жақсылықов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу аралықта Қазақстанға нарықтық экономикалы ел мәртебесі берілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Берлин еуразиялық клубының 10-шы отырысында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлім етті.

«Біздіңше, Еуропа мен Қазақстан арасындағы сауда-инвестициялық әлеует Қазақстанға нарықтық экономикалы ел мәртебесін беру жолымен кеңейтуге болады. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы келіссөздер жүргізілуде. Ол таяу аралықта аяқталып, бұл мәртебеге ие болатындығымызға сенім артамыз», - деді вице-министр. Т.Жақсылықовтың атап өтуінше, Қазақстан мен Еуроодақ елдері арасындағы өзара сауда көлемі тұрақты өсім көрсетіп келеді.2013 жылдың қорытындысында ол шамамен 54 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл Қазақстанның жалпы тауар айналымынан 40 пайызға артық. «Оның ішінде Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 3,2 млрд. долларға жетті», - деді ол.