Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын елге қайтару: бүгін бірнеше рейс жоспарланып отыр
АСТАНА.KAZINFORM - Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Бүгін Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары аясында Air Astana әуе компаниясының екі рейсі жоспарланған:
Жидда – Ақтау – Алматы бағыты бойынша A320 әуе кемесі (148 орын) және Жидда – Атырау – Алматы бағыты бойынша A321 әуе кемесі (184 орын) ұшып шығады. Сондай-ақ Fly Dubai әуе компаниясының Дубай – Алматы бойынша екі рейсі, Дубай-Астана бағыты бойынша бір рейсі жоспарланған (506 жолаушы).
Қазақстан азаматтарын елге тасымалдауды қамтамасыз ету жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдармен үйлестіре отырып жалғасып келеді.
Айта кетейік, бүгін Алматыға Оманнан эвакуацияланған 300-ден астам қазақстандық ұшып келді.
Атырау қаласына Сауд Арабиясының Медина қаласынан ұшып келген чартерлік рейс қонды.
Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен ұшатын эвакуациялық рейстерде бос орын болған жағдайда өзге ел азаматтарын да алып кету мүмкіндігін қарастыруға дайын. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев айтты.