Таяу Шығыстағы ахуал: Энергетика министрлігі мұнай нысандарының қорғалуына түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов ел аумағында АҚШ инвестициясымен құрылған мұнай нысандарын Иран шабуылынан қорғау мүмкіндігіне қатысты пікір айтты. 

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Жалпы, нысандардағы жұмыс қалыпты тәртіпте жүріп жатыр. Атап айтқанда, жүйенің жұмысына кедергі жасалып жатқан жоқ. Әрине, осы консорциумның барлық мүшесімен әртүрлі сценарий пысықталып жатыр. Бұл өз кезегінде ірі жоба екені түсінікті. Қазақстан жағынан барлық міндеттеме орындалып келеді. Сонымен қатар, транзитке қатысып жатқан тараптар және энергия ресурстарын қабылдайтын елдер де өз әрекеттерін жасап отыр. Сондықтан барлығы осы құбырдың ешбір тоқтаусыз жұмыс істеуіне мүдделі, — деді Санжар Жаркешов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Вице-министр ел аумағындағы нысандардың әскери қорғалуы бойынша іске асырылып жатқан шаралар құпия екенін, яғни жариялауға жатпайтынын атап өтті.

Еске салсақ, былтыр қараша айында Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан ВПУ-2 жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды

Биыл ақпан айында АҚШ президентінің әкімшілігі Каспий құбыр консорциумының мұнай инфрақұрылымына жасалған соққылардан кейін Украинаға дипломатиялық ескерту жолдады. Бұл шабуылдар Қазақстан мұнайын экспорттауға қатысты америкалық экономикалық мүдделерге әсер етті