Таяу Шығыстағы мұнай тасымалына қатысты қауіп бағаның өсуіне түрткі болды

АСТАНА. KAZINFORM — 29 қыркүйек таңертең әлемдік мұнай бағасы қатарынан екінші сауда сессиясында қымбаттауын жалғастырды. Таяу Шығыстағы ахуал мен АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің келешегіне қатысты белгісіздік мұнай нарығындағы алаңдаушылықты күшейтіп отыр. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Коллаж: Kazinform / Freepik / Midjourney

Reuters агенттігінің соңғы мәліметіне сәйкес, Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 106,60 долларға жетті. Азиялық сауда сессиясының бастапқы кезеңінде оның бағасы 0,6 пайыз артып, барреліне 105,91 доллар деңгейінде болған.

Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнайдың бағасы таңертең 0,8% пайызға көтеріліп, барреліне 93,32 долларға жетті.

Мұнай бағасының өсуіне өңірден мұнай тасымалының үзілуі мүмкін деген қауіптің сейілмеуі әсер етіп отыр.

Қыркүйекте Таяу Шығыстағы ірі мұнай өндірушілердің экспорты тәулігіне 12,8 млн баррельге дейін өсіп, ақпан айынан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Алайда мұнай жеткізілімдерінің бір бөлігі әлі де күрделі әрі қымбат логистикалық бағыттарға тәуелді.

Осы тұста нарық қатысушылары АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді қайта бастауға бағытталған әрекеттерді де жіті бақылап отыр. Екі елдің өкілдері делдалдармен жеке-жеке консультациялар өткізгенімен, әзірге келіссөздердің нақты нәтижесі мен мәмілеге келу мүмкіндігі туралы анық ақпарат жоқ. Мұнай нарығы үшін маңызды факторлардың бірі болып отырған Ормуз бұғазы маңындағы ахуал да назардан тыс қалмайды.

Бұған дейін Kazinform мұнай бағасының кейінгі бір аптадағы ең жоғары деңгейге жеткенін хабарлаған еді. Сол кезде нарық Таяу Шығыстағы жағдайға және Вашингтон мен Тегеранның келісімге келуіне қатысты үмітке назар аударған болатын.

Айта кетейік, Сауд Арабиясы мұнайды Қызыл теңіз арқылы тасымалдауды қайта бастады. Құбыр желісінің қайта іске қосылуы елге Ормуз бұғазын айналып өтіп, Шығыс провинциясындағы кен орындарынан Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портына мұнай тасымалдауға мүмкіндік береді. Ұзындығы шамамен 1,2 мың шақырым болатын мұнай құбыры тәулігіне 7 млн баррельге дейін мұнай жеткізуге қауқарлы.

Бұған дейін Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізудің бұзылуы әлемдік мұнай нарығына төнетін тәуекелдерді күшейтіп, бағаның өзгеруіне әсер еткені хабарланған еді.

Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық тараптың Ормуз бұғазы арқылы рекордтық көлемде мұнай жөнелткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл көлем Иранмен қақтығыс басталғанға дейін тіркелген көрсеткіштен асып түскен.