Таяу Шығыстағы шиеленіс әлемдік нарықтарға қысымды күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM – Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы салдарынан әлемдік қаржы нарықтары жоғары пайыздық мөлшерлемелердің ұзақ сақталуына дайындала бастады, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығына сілтеме жасап.

Фото: ҚБА

Қауымдастық сарапшыларының мәліметінше, 16 шілдеде АҚШ долларының бағамы өсімін жалғастырып, аптаның басындағы деңгейге біртіндеп жақындай түсті. Сауда қорытындысы бойынша USDKZT жұбы бір доллар үшін 472,07 теңгені (+1,54 теңге) құрады. Сауда көлемі 428,8 млн доллар болып, алдыңғы күнмен салыстырғанда 10,2 млн долларға артты.

Сарапшылар ұлттық валютаның әлсіреуін негізінен ішкі факторлармен байланыстырады. Атап айтқанда, бюджет қаражатының игерілу қарқынының артуы, импорттық төлемдердің көбеюі, сыртқы борышқа қызмет көрсету, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы бейрезиденттердің белсенділігі және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шетел валютасын сатып алуы теңгеге қысым түсірген.

Ақша нарығында индикативтік мөлшерлемелер базалық мөлшерлеме дәлізінің төменгі шегіне жақын деңгейде сақталды. TONIA мөлшерлемесі 16,79%-дан 16,76%-ға төмендесе, SWAP-1D кірістілігі 12,53%-дан 12,87%-ға дейін өсті. Жалпы сауда көлемі 631,1 млрд теңгені құрап, 44 млрд теңгеге азайды.

Сонымен қатар Ұлттық банктің депозиттік аукционында сұраныс 0,8 трлн теңгеден 1,1 трлн теңгеге дейін өсіп, жылдық 17% мөлшерлемемен толық қанағаттандырылды. Өтімділікті ірі көлемде нарықтан алу нәтижесінде Ұлттық банктің ашық позициясы 8 трлн теңге деңгейінде сақталды.

KASE индексі төмендеді

Бейсенбі күні KASE индексі 0,47%-ға төмендеп, 7 663,9 тармаққа түсті. Ең үлкен төмендеу «Қазатомөнеркәсіп» акцияларында тіркелді (-3%). Сарапшылар мұны инвесторлардың пайдасын тіркеуімен байланыстырады.

Алдағы кезеңде ішкі қор нарығына бірінші жартыжылдықтың операциялық және қаржылық есептері ықпал етуі мүмкін.

Мұнай арзандады

Апта басынан бері шамамен 11%-ға қымбаттаған мұнай бағасы бейресми келіссөздер туралы ақпарат аясында 0,9%-ға төмендеп, барреліне 84,2 долларға түсті.

Нарық қатысушылары Қатар, Мысыр және Пәкістанның Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеу жөніндегі делдалдық әрекеттерін жіті бақылап отыр. Алайда теңіз тасымалына қатысты қауіп-қатер әлі де жоғары күйінде қалып отыр.

Иран АҚШ елдің энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасаған жағдайда йемендік хуситтерден Баб әл-Мандеб бұғазын жабуға дайын болуды сұраған. Сарапшылардың пікірінше, дипломатиялық әрекеттер мұнай бағасындағы геосаяси үстемені толық төмендете алған жоқ.

АҚШ қор нарығына қысым күшейді

АҚШ-тың негізгі қор индекстері 0,2–1,5% аралығында төмендеді. Бұған геосаяси тәуекелдердің күшеюі және жартылай өткізгіш өндірушілер акцияларының арзандауы әсер етті.

Соған қарамастан АҚШ-та жарияланған макроэкономикалық көрсеткіштер оң нәтиже көрсетті. Маусым айында бөлшек сауда көлемі 0,2%-ға өсті, ал жұмыссыздық бойынша алғашқы өтінімдер саны 208 мыңға дейін азайды.

Бірқатар компания жақсы қаржылық есеп жариялады. UnitedHealth Group акциялары 1,2%-ға, U.S. Bancorp – 1,6%-ға, Abbott Laboratories – 10,7%-ға қымбаттады.

Алайда тұтынушылық сұраныс пен еңбек нарығының тұрақтылығы АҚШ Федералдық резерв жүйесінің базалық мөлшерлемені жақын арада төмендететініне қатысты үмітті әлсіретіп отыр.

Қорғаныс активтері де қысымға ұшырады

Сарапшылардың айтуынша, инвесторлар АҚШ-та жоғары пайыздық мөлшерлемелер ұзақ уақыт сақталады деген болжамға басымдық беріп отыр.

Осының аясында алтын бағасы 1,5%-ға төмендеп, унциясына 3 989 долларды құрады. АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 4,56%-ға дейін көтерілсе, доллар индексі 100,8 тармаққа (+0,3%) жетті.

Қауымдастық сарапшыларының пікірінше, қазіргі кезде инфляция мен АҚШ ФРЖ-ның ақша-несие саясатына қатысты күтулер қорғаныс активтерінің қозғалысына геосаяси фактордан да көбірек ықпал етіп отыр.

Осыған дейін әлемдік экономиканың өсімі 2026 жылы 2,8 пайызға дейін баяулайтыны туралы жаздық.