Таяу Шығыстағы соғыс жағдайында мұнай бағасы өсті

Израиль мен Газадағы жағдай Таяу Шығыстағы өндіріске кедергі келтіруі мүмкін деген қауіптен дүйсенбі күні мұнай бағасы 4%-ға қымбаттады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі бұл туралы BBC жаңалықтарына сілтеме жасап.

Фото: Andrey Rudakov/Bloomberg News

West Texas Intermediate (WTI) мұнайының бағасы барреліне 86 доллардан асты. Brent маркалы мұнай бағасы да азиялық сауда-саттық басында көтерілді.
Израиль мен Палестина аумақтары мұнай өндіруші елдер қатарында емес. Дегенмен, Таяу Шығыс аймағы жаһандық жеткізудің үштен бір бөлігін құрайды. ХАМАС-тың сенбі күні Израильге жасаған шабуылы — екі жақтың соңғы онжылдықтағы ең үлкен шиеленісуі болды.

«Мұнай бағасы ірі мұнай өндіруші Иран мен Сауд Арабиясы елдеріне тарауы мүмкін ауқымды қақтығыстардың ықтималдығы салдарынан өсіп жатыр», - деді Энергетика жөніндегі сарапшы Саул Кавонич BBC News-ке.

Кавоничтің пайымдауынша, маңызды мұнай сауда жолы - Ормуз бұғазы жабылатын болса, әлем бойынша мұнай жеткізудің бестен бір бөлігі тоқтап қалады. Ормуз бұғазы экономикасы мұнай мен газ өндіруге негізделген Парсы шығанағы аймағындағы ірі мұнай экспорттаушылар үшін өте маңызды.

Алдағы күндері оқиғалардың қалай өрбитіндігінің беймәлім болуы АҚШ-тың қазынашылық облигацияларына және дағдарыс кезінде инвесторлар сатып алған долларға инвестицияларды ынталандыруы мүмкін, дейді HSBC банкінің сарапшысы Джеймс Чео.

Мұнай бағасы осы жылдың мамыр айында баррельіне 70 доллардан сәл ғана асып түсті, бірақ өндірушілер нарықты қолдау үшін өндірісті шектеуге тырысқандықтан, содан бері тұрақты түрде көтерілді.

Ірі мұнай өндіруші Сауд Арабиясы шілде айында өндірісті тәулігіне миллион баррельге қысқартатынын мәлімдеді. Мұнай өндіруші елдер тобындағы ОПЕК+ басқа мүшелері де бағаның төмендеуіне қолдау көрсету мақсатында өндірісті қысқартуды жалғастыруға келісті. ОПЕК+ мүшелерінің әлемдік шикі мұнай өндірісіндегі үлесі шамамен 40%-ды құрайды. Оның шешімдері мұнай бағасына үлкен әсер етуі мүмкін.