Таяу Шығыс пен Орталық Азияда тұщы су төңірегіндегі шиеленіс ушығуы ықтимал - Назарбаев
«Адамдардың өмірін қамтамасыз ететін ресурстардың шектеулігі проблемасы да лайықты назарға алынып отырған жоқ. Ең алдымен, бұл тұщы судың жетіспеушілігіне қатысты. Ол үшін күрес мемлекетаралық қарама-қайшылықтың көзіне айналуда. Су ресурстарының тапшылығы Пәкістан мен Үндістанның арасындағы қарым-қатынасты ушықтырды. Білетініміздей, өткен жылдың күзінде Үндістан 1960 жылдан жұмыс істеп келе жатқан Инд өзені жөніндегі екіжақты комиссияның жұмысын тоқтататындығын мәлімдеді. Таяу Шығыс пен Орталық Азияда да ушығу ықтималдығы жоғары», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Жер шарындағы халық санының артуына байланысты әлемнің жекелеген өңірлерінде азық-түлік дағдарысы орын алуы мүмкін екендігін де ескертіп өтті. Егістік алқаптарының қысқарып, топырақтың құнарлылығы төмендеп бара жатқанын да еске салды.
«Сарапшылардың есептеуінше, таяу 40 жылдың ішінде астықтың егістік алқаптарын кемінде 2 есеге ұлғайту қажет болады. Бұл ретте еуразиялық елдердегі, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын ірі өндіруші ретінде Қазақстандағы ауыл шаруашылығын интенсификациялау да маңызды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.