Таяу Шығыстағы ауқымды іс-шара

АСТАНА. ҚазАқпарат - Негізінде, АҚШ пен Парсы-араб шығанағы елдеріне тікелей қатысы бар, сонымен қатар, халқының басым көпшілігі мұсылман болып табылатын мемлекеттерді де қамтитын айтулы басқосуға Елбасы бастаған жоғары деңгейдегі қазақстандық делегацияның қатысуының символикалық маңызы зор.

Ислам әлемінің ажырамас бір бөлшегі болғандықтан әрі аумағы жағынан ең үлкен мұсылман елі болып саналатын Қазақстанға ислам әлеміндегі әртүрлі саяси, халықаралық, экономикалық және қауіпсіздік мәселелері әсер етпей қоймайды. Оның үстіне, осы жолғы саммит аясында көтерілген міндеттер терроризммен бірге, экстремизммен күресу сияқты өзекті мәселелерге қатысты болып отыр.

Саммитке Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Тәжікстанның президенттері мен өкілдерінің қатысуы да  маңызды  басқосуға соны сипат берді деп айтуға болады.  Тарихта АҚШ пен араб-мұсылман әлемі арасында бұрын-соңды болмаған осындай ауқымды саммит аясында белгіленген мақсаттар Батыс пен Ислам әлемінің алдағы жылдардағы қарым-қатынасына ықпал етіп, негізгі бағыттарын айқындауы мүмкін. Сондықтан, АҚШ президенті Д.Трамптың алғашқы сапарын және ірі сыртқы саяси қадамын стратегиялық одақтасы әрі барша мұсылмандардың киелі мекені - Меккенің сақшысы Сауд Арабиясына жасауы бекер емес.

Тарихқа көз тастасақ, Сауд Арабиясында мұнай өндірісінің дамып, экономикасының қарқындауына АҚШ үлкен үлес қосқаны белгілі. Екі одақтас елдің тығыз ынтымақтастығы коммунистік идеологияның таралуына бірлесіп тосқауыл қою кезеңінен бастау алады.    Д.Трамп мұсылман әлеміне қаратып, арнайы әзірленген бағдарламалық баяндама жасады. Араб тілді басылымдарда оның тарихи баяндамасы әртүрлі пікірлер туғызғанына қарамастан, басым көпшілігі оң көзқарас білдіргені рас. Мысалы, Д.Трамп дін атын жамылған экстремизмге қарсы күресудің өркениеттер арасындағы қақтығыс емес, керісінше, жақсы мен жаманның арасындағы күрес екенін мәлімдеді.

Ол мұсылман елдерінің өздері алдымен экстремизм сияқты келеңсіз жайттармен күресіп, өз күштеріне сүйеніп, ауыртпалығын көтеруге жауапты болу керектігін баса айтты.  Осы жолғы баяндамасында АҚШ президенті демократия және адам құқығы туралы аз сөйлеп, экстремизмге «ұлттар коалициясы» ретінде бірлесіп қарсы тұру керектігі төңірегінде көбірек сөз қозғады.

Сауд Арабиясы мен АҚШ арасында қол жеткізілген 280-350 млрд долларға жуық келісімдердің арқасында АҚШ-та мыңдаған жаңа жұмыс орындарының ашылатыны белгілі болды. Атап айтқанда, мұнай, құрылыс, өнеркәсіп, мұнай-химия, тікұшақ өндірісі, қару-жарақ өндірісі, бұрғылау, мұнай өнімдері салаларында келісімдерге қол қойылды. Жалпы көлемі 110 млрд долларды құрайтын қорғаныс саласындағы келісімдер арқылы Сауд Арабиясы осыған дейін АҚШ-тан сатып алып келген қару-жарақтың біраз бөлігін бұдан былай өз аумағында шығара алатын болады.  Осылайша, Сауд Арабиясы АҚШ экономикасына, өндірісіне және инфрақұрылымына жүздеген миллиард доллар құюды жалғастыра беретіні белгіленді.   

Араб саясаттанушылары аталған тарихи сапардан кейін Сауд Арабиясы келешекте келесі іргелі бағыттарды негізге алатынын айтуда. Біріншіден, Парсы-араб шығанағы ынтымақтастық кеңесінің ұжымдық және бірлескен әскери мүмкіндіктері күшейтіледі. Екіншіден, Сауд Арабиясы Мысыр, Бахрейн, Йордания және Марокко елдеріне саяси-экономикалық қолдау көрсетіп, сонымен қатар, Йемен, Сирия және Ливанға қатысты араб елдерінің аймақтық саясатын өз пайдасына сәйкес үйлестіруге ұмтылуы мүмкін. Үшіншіден, АҚШ-пен жақсы қарым-қатынаста болу Эр-Риядтың сыртқы саясатындағы басты мақсаттардың бірі болып қала бермек. Соңғы кезде Сауд Арабиясы Ресей мен Қытай сияқты ірі елдермен де байланыстарын күшейткені мәлім. Қысқасы, Сауд Арабиясы мен АҚШ қатынастары жаңа деңгейге көтеріліп, Таяу Шығыстағы ахуалға әсер етпек.  Әлемнің қуатты мемлекеті АҚШ пен мұсылман әлемінің ықпалды елі Сауд Арабиясының жаңа ықпалдастығы Ислам әлемінің келешегіне, аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздіктің орнауына қалай және қаншалықты әсер ететінін алдағы жылдар көрсете жатар.