Таяуда Алматыда жедел және шұғыл көмек ауруханасы ашылады

АЛМАТЫ. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Таяу күндері Алматының Алмалы ауданында жедел және шұғыл көмек ауруханасы ашылады. Бүгін қала әкімі Ақметжан Есімов аталған аурухананың құрылысымен танысты.

350 орындық аурухана хирургиялық, травмотологиялық және гинекологиялық бағытта жедел, шұғыл көмек көрсетуге арналған. Аурухана замануи еуропалық құралдармен жабдықталған. 9 операциялық залда бейнебақылау, операцияны алыс қашықтықтан бақылау, жасалған ота барысы туралы мәліметтерді сақтауға арналған құрылғылар орнатылған. Аурухана құрылысына тұңғыш рет ерекше материалдар пайдаланылған. Мәселен қабырғалар, еден мен төбе арнайы бактерияға қарсы жабындылармен қапталған.

Қала әкімі аурухананың құрылысы мен жабдықталуына жоғары баға берді. «Енді сіздердің басты мақсаттарыңыз - жемісті еңбек ету. Ал ең бастысы - адамды тезірек емдеу. Бұл аурухананы ұстау біздің жергілікті бюджетке үлкен күш. 840 адам штатта. Біз алматылықтардың денсаулығының мықты болуы үшін бәрін істейміз»,- деді ол.

Нысан желтоқсанның 25 күні пайдалануға берілмек. Құрылысы 2006 жылы басталған құрылыстың жалпы құны 7 миллиард 318,3 миллион теңге. Қазіргі кезде бұнда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, медициналық жабдықтар орнатылу үстінде.