Таяуда «Астана-Атырау» бағытында «Атырау» жүрдек пойызы жүретін болады

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - 2013 жылғы 22 тамызда Астана вокзалының перронынан «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған «Астана-Атырау» бағытындағы №19/20 жүрдек пойызы аттанады.

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Жаңа пойыз төрт күнде бір қатынайды. Астанадан Атырауға 22 сағат 57 минутта, ал Атыраудан Астанаға дейін 22 сағат 15 минутта жетеді. Пойыздың жаңа құрамы 27 вагоннан тұрады, оның 22-сі жолаушылар вагоны, 2-і «Гранд» санатты (екі орындық люкс), 2-і «Бизнес» санатты (екі орындық) және «Турист» санатты (төрт орындық) 18 жолаушы вагоны, сондай-ақ, 3 техникалық, 1 вагон-бар мен 1 мейрамхана вагоны. «Гранд» санатты вагонда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бір купе қарастырылған.

Вагондар «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамының техникалық-ресурсын жаңарту және арттыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде сатып алынған және соған сәйкес 2014 жылға дейін тағы 420 жолаушылар вагоны сатып алынатын болады.