деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Бангкоктағы дипломатиялық миссиясының ақпаратына сәйкес, астана уақыты бойынша сағат 17.15-те Қазақстанның төрт және Беларустың бір ұшқышы Бангкоктан Алматыға «Эйр Астана» әуе компаниясы ұшағының рейсімен жолға шықты. Аталмыш азаматтар Алматыға сенбіге қараған түні жетеді деген ақпаратты растаймыз», - деді брифингте А.Әбдірахманов.
Оның айтуынша, аталмыш мәселенің оң шешімін табуына ҚР Сыртқы істер министрлігі, атап айтқанда Бангкоктағы дипломатиялық миссияның қосқан үлесі зор болды. «ҚР Сыртқы істер министрлігі екі ел арасындағы қарым-қатынасты жоғары бағалап, біздің азаматтарымызға қайырымдылық көрсетіп, олардың елге оралуына рұқсат бергені үшін Тайландтағы әріптестеріне шынайы алғысын білдіреді», - деді ол.
Оның айтуынша, осы орайда ҚР Сыртқы істер министрі мен Тайландтың Сыртқы істер министрі арасында әңгіме болып, бұнда Қазақстан тарапы осы істің оң шешілгені үшін Тайландқа ризашылығын білдірген.
А.Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, ұшақтан тәркіленген қару-жарақ Тайланд аумағында қалады. «Ол қару-жарақтың Солтүстік Кореядан шыққаны анықталды және Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес ондай қару-жарақ жойылуы тиіс», - деді ол.
Оның айтуынша, сонымен қатар, ұшақ әзірше Тайланд аумағында қалатын болады. Оның келешек тағдырын Тайланд билігі анықтайды.