***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті қабылдады» деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президенті баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Басылымның жазуынша, Ж.Досқалиев Елбасына министрліктің 2009 жылғы жұмыс қорытындылары туралы хабардар еткен.
Елбасының Денсаулық сақтау министрін қабылдағаны жайындағы ақпарат «Казахстанская правда» газетінде де жарық көрді. «Мемлекет басшысы жаңа міндеттер қойды. Медицинада және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесінде профилактикалық бағыттарды күшейту, халықты сапалы дәрі-дәрмектермен және азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндетті шешу қажет. Осы тапсырманың бәрі әзірленіп жатқан Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізін құрайды», деді журналистерге арналған брифингте Жақсылық Досқалиев.
Қаңтардың 26-сында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Ұлттық банктің және Қаржы ұйымдары мен қаржы рыногын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттіктің (ҚҚА) 2010 жылға арналған экономикалық саясатының негізгі бағыттары жөніндегі үндеуі талқыланып, қабылданды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «2010 жылғы экономикалық саясаттың негізгі бағыттары» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, 2009 жылғы ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 1,1 пайызды құрады. Өткен жылғы инфляция болжанған 8-8,5 пайыздың орнына 6,2 пайыз болды. Капитал деңгейінің тиімді дәрежесін қалыптастыру және банктерге қосымша өтімділік беру банк саласында тұрақтылықты қамтамасыз етті. Жалпы алғанда осы реттеу шаралары банктердің сыртқы қарызын 33,6 пайыз азайтуға жағдай жасады. 2010 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан жасалынып жатқан шараларға байланысты қайта құрылған екі банктің сыртқы қарызы тағы да 10 миллиард АҚШ долларына азайтылмақ.
«Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Брюссельдегі жұмысы таңертеңнен қауырт басталды. Соның ішінде ең басты отырысы ЕҚЫҰ мен Еуроодақ арасындағы министрлер деңгейіндегі саяси үнқатысу болды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Тараптар арасындағы саяси үнқатысу деп аталатын бұл кездесуде қатысушылар «Корфу процесі» секілді кеңесу шарасының маңыздылығын атап өтіп, осы мәселеге байланысты биылғы жылы сарапшылардың сегіз отырысы болатынына қанағат білдірді. Кездесуде көтерілген екінші күрделі мәселе Ауғанстан проблемасы болды. Аталған жайттарды басылымның бүгінгі санынан «Саяси үнқатысу салиқалылыққа шақырады» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
«Ұйым төрағасының бастамаларын қолдайды». «Грузия ЕҚЫҰ төрағасының бастамаларын қолдайды және оның жүзеге асуына тілеулес. Осы пікірді кеше еліміз Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен өткен кездесуінде Грузияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Паата Каландадзе мәлім етті. Тараптар әңгіме барысында Қазақстан басшысы жария еткен еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ұраны төрт "Т" - "траст" (сенім), "традишн" (дәстүр), "транспаренси" (ашықтық) және "толеранс" (төзімділік) туралы сөз қозғады. Қазақстанның ұстанымы ЕҚЫҰ елдері арасында ғана емес, барлық Еуразия құрлығы бойынша қарым-қатынасты нығайтуға, қауіпсіздікті сақтауға өз үлесін қосатыны айтылды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
***
«Еліміздің ең көне шаһарларының бірі - Тараздың аумағын кеңейтуге кеше Үкімет келісім берді», деп жазады «Айқын» газеті. Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың ұсынуынша, Тараздың аумағын оның маңындағы Байзақ және Жамбыл аудандарының жерін қалаға қосу арқылы кеңейту қажет. Сонда облыс орталығының шекарасы 5 мың 953 гектарға ұлғаймақ, бұл бағыттағы дайындық жұмыстары қазіргі уақытта толығымен аяқталған. Ал сол жерлерді иелік етіп отырған фермерлерден жерді сатып алу үшін 162 миллион теңге де қарастырылған. Басылымның сәрсенбілік санында жарияланған мақала «Үкімет Тараздың шекарасын кеңейтті» деген тақырыппен берілген.
«Тайландта тұтқындалған ұшақ шымкенттікі ме?». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарияланған мақалада Associated Press агенттігінде жарық көрген хабарға назар аударылған. Онда «Заңсыз қару-жарақ тасымалдады» дген айыппен Бангкокта экипажымен тұтқындалған ИЛ-76 ұшағы Шымкент әуекомпаниясына тиесілі», делінген. «Бірақ бұл әзірге ресми органдардың нақты мәліметі емес. Өйткені осы мәселені зерттеген Associated Press ақпарат агенттігі ешқандай ресми органдарға сілтеме жасамай, жеке өзінің ғана зерттеу қорытындысын жариялап отыр», деп жазады басылым.
«Айқын» газетінде еліміздің бірнеше ғалымдарының «Ғылым мен білімге сүйенген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметі жайлы ой-толғам» атты көлемді мақаласы жарияланды. Мақалада айтылған жайттардың егжей-тегжейін басылымның бүгінгі нөмірінен оқып біле аласыздар.
***
Кеше Парламент мәжілісінде «Жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасы талқыланды. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінде «Жерді аямағандарды аямайтын заң керек» деген тақырыппен мақала жарияланды. Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің дайындаған заң жобасына Мәжіліс тарапынан 1700-дей ұсыныс түсіп, соның 650-і енгізілген. Басылымның жазуынша, жаңа заң жобасының бір артықшылығы алғаш рет осы салада жобалық құжаттардың маңызды рөлі орнықты айқындалған. Бұл құжат бұдан былай жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелерін әзірлеудегі негізгі құжат ретінде қаралатын болады.
«Бас-аяғы 23 минутқа созылған Үкіметтің кешегі отырысында мәжіліс залына қаулы қолтықтай кірген екеудің асығы алшысынан түсті. Алдымен Үкімет мүшелеріне Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов экономикалық саясаттың 2010 жылға арналған негізгі бағыттары туралы қаулының жобасын ұсынды. Іле-шала министрдің өкшесін баса мінберге көтерілген Жамбыл облысының әкімі қанат Бозымбаев ортаға Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл аудандарының әкімшілік шекараларын өзгерту туралы қаулының жобасын тастады», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымдағы айтылған жайттармен «Теңге бағамы тұрақты болмақ» деген тақырыптағы мақаладан толық мағлұмат аласыздар.
Малды тек арнайы орындарда сою жөніндегі заңға енгізілген өзгерістер қарапайым халық арасында біраз наразылық тудырған болатын. Сонымен қатар таяуда өткен Үкімет отырысында республика бойынша осындай арнайы орындардың құрылысы дұрыс жолға қойылмағандығы да айтылған болатын. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінің малды тек арнайы орындарда сою жөніндегі заңға енгізілген өзгерісті уақытша тоқтату қажет пе деген сауалын ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик Рақымжан Елешевпен Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Талғат Махановқа қойған. Олардың берген жауаптарын басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.
***
«Известия-Казахстан» газетінің жазуынша, Париж билігі жаңа су тасқынына дайындық жүргізуде. Осыдан 100 жыл бұрын, 1910 жылы қаңтардың 26-ында Парижді су басып қалған болатын. Бірнеше сағаттың ішінде Сена өзенінің суы 8,6 метрге көтерілген. 10-нан астам адам қаза тапқан. Қазіргі уақытта барлық сарапшылар жаңа қауіп-қатердің барлығын айтуда. Қала өз қазынасын құтқаруға дайындалып жатыр. Өте құпия жағдайда Лувр, Орсе мұражайларының қызметкерлері баға жетпес мәдени құндылықтарының біраз бөлігін Париж маңындағы қалалардың біріндегі қоймаға орналастырған. Қарапайым есептеулердің өзінде су тасқынының шығыны 15 миллиард еуроға жетуі мүмкін.