Форум барысында Алматы қаласының сауда-өнеркәсіптік палатасынының төрағасы Мұхтархан Бияров қос ел арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы айтып берді.
«Қазақстанда туристік кластер дамып келеді. Біз туризм, қонақ үй бизнесі саласында Тайландтың көптеген озық тәжірибесін ала аламыз. Сондай-ақ, бұл елде күріш шаруашылығы жақсы дамыған. Дәнді дақылды өсіру мен өңдеу әдісі Қазақстанның ауыл шаруашылығына да теңдессіз тәжірибе береді деген сенімдемін», - деді М.Бияров.
Оның айтуынша, аталған кездесу қос ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасты дамытуға елеулі серпін береді.
ҚР СІМ ақпараты бойынша, ҚР мен Тайланд арасындағы сауда айналымы 2014 жылдың қаңтар-қараша айларында 128,4 млн. АҚШ долларын құраған. 2010 жылы бұл көрсеткіш 86,1 млн. доллар болса, 2013 жылы 163,2 млн. АҚШ долларын құраған.
Сондай-ақ, 2014 жылдың соңына қарай Тайланд елінің кәсіпкерлері Қазақстанға 3,9 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Ал Қазақстан Тайланд экономикасына 11 млн доллар көлемінде қаржы салды.