Тайпейде өткен дзюдодан Азия чемпионатында қазақ палуандары 2 алтын және 4 қола жүлдені жеңіп алды

АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мамырдың 23-24-і күндері Қытайдың Тайпей қаласында өткен дзюдодан әйелдер және ерлер арасындағы Азия чемпионатында қазақ палуандары 2 алтын және 4 қола жүлдені жеңіп алды.

Сөйтіп Қазақстан құрамасы командалық есепте төртінші орынды иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР Туризм және спорт министрлігінің Штаттағы ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, осы чемпионатқа Азияның 26 елінен 221 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы барлық салмақ дәрежесінде боз кілем төріне шықты. Жерлестерімізден 78 киләдан жоғары салмақта ел намысын қорғаған шығыс қазақстандық - Гүлжан Исанова мен 100 киләға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қарағандылық - Максим Раков алтын медальді жеңіп алып, Азия чемпиондары атанды. Ал қызылордалық -Ұлан Рысқұл (100 киләдан жоғары), астаналық - Тимур Болат (90 киләға дейін), алматылық - Зарина Әлдікова (63 киләдан жоғары), тараздық Ленария Мингазева (52 киләға дейін) қола жүлдені қанжығаларына байлады. Бұлардан бөлек, қарағандылық - Ержан Шынкеев (абсолютті салмақ дәрежесі), қарағандылық - Келбет Нұрғазина (48 киләға дейін) алматылық - Мариям Ордабаева (70 киләға дейің), астаналық Анна Завгородняя (78 киләға дейін) бесінші орын алды. Айта кетейік, Азияның осы чемпионатына Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев қатысқан жоқ. А. Жіткеев ағымдағы жылғы тамыздың 25-і мен 30-ы аралығында Голландияның Роттердам қаласында өтетін Әлем чемпионатына дайындауда. «Командалық есепте бірінші орынды Оңтүстік Кореяның дзюдошылары жеңіп алды. Олардың еншісінде 6 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар. Екінші орынды 3 алтын, 5 күміс және 4 қола медальмен Жапония құрамасы иеленді. Үшінші орында - Қытай. Олар 3 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль еншіледі. Төртінші орын Қазақстан құрамасына бұйырды. Біздің қыздар мен жігіттер 2 алтын, 4 қола медальдің иегерлері атанды. Бізден кейінгі орындарды Моңғолия, Солтүстік Корея және Өзбекстан иеленді», делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.