Тайс Томпсон «Барыс» құрамын толықтырды
АСТАНА. KAZINFORM — «Барыс» хоккей клубы АҚШ-тан келген шабуылшы Тайс Томпсонмен біржақты келісімшартқа қол қойды.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Келісім бір маусымға есептеліп, 2026 жылдың 31 мамырына дейін күшінде болады.
Томпсонды 2019 жылы ҰХЛ драфтында «Нью-Джерси» таңдаған. Өзінің кәсіби мансабының басым бөлігін ол АХЛ-де өткізді. Өткен маусымда Тайс «Бриджпорт» құрамында өнер көрсетіп, 65 ойында 21 (8+13) ұпай жинады.
Айта кетсек, бұдан бұрын елордалық клубпен АҚШ хоккейшілері Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, канадалық Джейк Масси, ресейлік Юрий Паутов, Владимир Волков, Эмиль Галимов, қазақстандық Кирилл Панюков, Кириллом Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченкомен келісімшартқа қол қойды.
Қазақстандық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымда алғашқы үш ойынды елордада өткізеді. Алдымен 7 қыркүйекте Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасымен кездессе, одан кейін 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) клубтарымен шеберлік байқасады.