Тайваньда бір түнде 26 жер сілкінісі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тайваньның өткен түнде бірден 26 жерасты дүмпуі тіркелген шығыс бөлігінде жоғары сейсмикалық белсенділік байқалып отыр. Бұл туралы аралдың орталық метеорологиялық басқармасының директоры Синь Цзайцинь хабарлады.

Оның айтуынша, магнитудасы 5,6 ең қуатты жер сілкінісі 27 сәуірде болған. Оның ошағы Таваньнің солтүстік-шығыс жағалауындағы Хуалянь және Илань уездері түйіскен жерде орналасты. Бұл аймақта магнитудасы 3,6-дан 4,5-ға дейін жерасты дүмпулері жалғасып отыр.

Түнде сондай-ақ Тайдун уезінің аумағында магнитудасы 5,5 болған тағы бір ірі жер сілкінісі тіркелді. Зардап шеккендер мен материалдық шығын туралы мәліметтер келіп түскен жоқ, деп хабарлайды ТАСС.

23 млн. халқы бар Тайвань аралы Тынық мұхитының түбіндегі ірі тектоникалық жарықтың қасындағы сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Онда жер сілкіністері жиі болып тұрады.

6 ақпанға қараған түні Тайнань арнайы муниципалитетінде магнитудасы 6,4 болған жерасты дүмпуінің салдарынан бірнеше ғимарат опырылып құлады. Онда 117 адам қаза тапқан. Олардың дерлік барлығы құлаған 17 қабатты үйдің тұрғындары еді.