Онда еркін күрестен ел намысын 84 келі салмақта Ермек Байдуашев, әйелдер күресінде 55 келіде Айжан Смағұлова қорғайды. Ал грек-рим күресінде бапкерлер 55 және 96 келі салмақ дәрежелері бойынша Асхат Құдайбергенов пен Жасұлан Сыдықовқа сенім білдіріп отыр.
Бұған Олимпиада жолдамасын 30 наурыз бен 2 сәуір аралығында Астанада өткен Азиялық іріктеу турнирінде еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров (66 кг) пен Марид Муалимов (120 кг), әйелдер күресінен Елена Шалыгина (63 кг), грек-рим күресінен Дархан Баяхметов (66 кг) пен Даниял Гаджиев (84 кг) ие болған еді. Мұндай мәртебеге оның алдында 2011 жылы Ыстамбұлда болған Әлем чемпионатында еркін күрестен Дәулет Ниязбеков (55 кг), Дәурен Жұмағазиев (60 кг), Абдулхәкім Шапиев (74 кг), Таймураз Тигиев (96 кг) қол жеткізген болатын. Ал әйелдер күресіне Жұлдыз Ешімова (48 кг) мен Гүзел Манюрова (72 кг), грек-рим күресінен Алмат Кебісбаев (60 кг), Асхат Ділмұхамедов (74 кг), Нұрмахан Тінәлиев (120 кг) ие болды. Енді құрама қоржынына түспеген өзге 4 жолдамаға балуандар Қытайда таласып көреді. Онда қол жетпегенін 4-6 мамырда Финляндияның Хельсинки қаласында өтетін ақтық іріктеу турнирінде сарапқа салатын болады.