Тайфунның жақындауына байланысты әуе компаниялары халықаралық және ішкі рейстер кестесіне өзгерістер енгізген.
Атап айтқанда, Starlux Airlines әуе компаниясы Тайваньнан Индонезия мен Жапонияға, соның ішінде Окинава мен Симодзисима аралына қатынайтын рейстерін тоқтатты. Филиппинге, Вьетнамға және Жапонияның Кобе қаласына ұшатын рейстер де кешіктірілді.
Сонымен қатар компания 24 қазанда Тайчжун әуежайынан орындалатын және осы әуежайға келетін барлық рейсін тоқтатты. Рейстері болмай қалған жолаушылар үшін Токиодан Тайваньға қосымша екі рейс ұйымдастыру жоспарланған.
Tigerair Taiwan әуе компаниясы да Жапонияның Токио, Осака, Саппоро және Фукуока қалаларына ұшатын бірқатар рейсін тоқтатты. Оңтүстік Кореяның Чеджу аралымен әуе қатынасы да шектелді. Жапония мен Оңтүстік Кореяның басқа қалаларына, сондай-ақ Вьетнам мен Таиландқа қатынайтын кейбір рейстер кейінге шегерілді.
EVA Air компаниясы сенбі күні түске дейін Таоюань халықаралық әуежайы мен Тайбэй-Суншань әуежайынан орындалатын бірқатар рейсін тоқтататынын хабарлады. China Airlines жолаушыларды рейстердің тоқтатылуы, кешігуі және ұшу уақытының өзгеруі мүмкін екенін ескертті.
Қолайсыз ауа райы ішкі әуе қатынасына да әсер етті. Uni Air компаниясы Тайбэй, Тайчжун, Цзяи, Тайнань және Гаосюн қалаларынан орындалатын бірнеше рейсін тоқтатты. Компанияның Мацзу аралдарына қатынайтын барлық рейсі де тоқтатылды.
Mandarin Airlines Тайвань қалалары мен жақын маңдағы аралдар арасындағы кейбір рейстерін тоқтатты. Одан кейінгі өзгерістер ауа райына байланысты болады.
Әуе қатынасынан бөлек, 24 қазанда Тайвань мен Мацзу, Сяолюцю және Жасыл арал арасындағы бағыттарды қоса алғанда, алты бағыт бойынша паром қозғалысы тоқтатылды.
Билік пен әуе тасымалдаушылары жолаушыларды әуежайлар мен теңіз порттарына шықпас бұрын рейстер туралы соңғы ақпаратты тексеруге шақырды.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Дуцзюань» тайфуны Жапониядағы көлік қатынасына елеулі кедергі келтірген болатын. Қолайсыз ауа райына байланысты Japan Airlines шамамен 120 ішкі рейсін, ал All Nippon Airways 140-қа жуық рейсін тоқтатқан. Сондай-ақ кейбір теміржол желілерінде пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылған еді.