Тайваньда нөсер салдарынан жарақат алып, көз жұмғандар саны артты

Фото: news.cn

АСТАНА. KAZINFORM — Тайваньның орталық және оңтүстік аймақтарына бір апта бойы тоқтаусыз жауған күшті жаңбырдың салдарынан 4 адам қаза тауып, 74 адам жарақат алды, ал 3 адам хабарсыз жоғалып кеткен, деп хабарлайды Синьхуа.

Бұл туралы аралдың өрт сөндіру қызметі мәлім етті.

Тайваньда 108 бақылау станциясында тәулігіне 200 мм-ден астам жауын-шашын тіркелді. Гаосюн қаласында бір апта ішінде жауын-шашын мөлшері 2759 мм-ге жетіп, бұл аралдағы жылдық орташа көрсеткіштен (2500 мм) асты.

Төтенше жағдайлар орталығының мәліметінше, 3 тамыздағы жағдай бойынша 5795 адам эвакуацияланды, 140 жол мен туннель жабылды, тауларда 124 лай көшкіні болды. Электр қуатынан жүздеген үй ажыратылды, көптеген аймақтарда лай көшкініне байланысты «қызыл» ескерту жарияланды.

Метеорологтардың болжамы бойынша, орталық және оңтүстік Тайваньда жаңбыр дүйсенбі күні де жалғасуы мүмкін. Осыған байланысты Гаосюн, Тайнань және Пиндун қалаларында жұмыс пен оқу тоқтатылды.

Бұдан бұрын Тайванда толассыз нөсер жауыннан 3 адам қаза тапқанын жаздық.