«Таза қала»: Абай қаласында коммуналдық жұмыс ақсап тұр

Фото: Jibek Joly

АБАЙ. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы Қарағанды облысының моноқалаларын аралауды жалғастырады. Бүгінгі шығарылым 30 мыңға жуық халқы бар шағын мекен Абай қаласының тазалығы мен жасыл желегіне арналды.

Бағдарлама жүргізушілері екіге бөлініп, қаланың тазалығына қатысты ақпаратты зерттейді. Бірі жақсы, енді бірі жағымсыз тұстарын анықтайды және бар мағлұматты жинап, сарапшыларға тапсырады.

Фото: Jibek Joly

Мамандар шешімді 5 критерийге сүйене отырып шығарады. Әрқайсысы 10 балдық жүйемен бағалайды.

Қала орталығы жайнап тұр, шет жағы ше

Абай — шахтерлердің, энергетиктердің, құрылысшылардың қаласы. Соңғы жылдары мұндағы апаттық үйлер сүріліп, орнына көпқабатты баспаналар бой көтерген.

Фото: Jibek Joly

Абаттандыру бағытында да ілкімді істер бар. Бірер жылда 14 жаңа балалар алаңы салынған. Қаладағы мүсіндер де ерекше көрік беріп тұр.

Фото: Jibek Joly

— Біз қазір эскиз жасап жатырмыз, бұл — болашақта әкімдік жанына орнатылатын композиция. Қазақтың эпосы менің жан дүниемде терең орын алған. Сондықтан мен әжейді, қозыларды, үлкен тазымен және ойнап жүрген екі немересімен бейнелеуге тырыстым. Мына бір композицияда ақсақал немересін оқуға баулып отыр. Жалпы қала бойынша жиырма шақты туындым бар, — дейді мүсінші Рашид Кидрасов бағдарламаға берген сұхбатында.

Фото: Jibek Joly

Өткен жылы қалада 10 мың ағаш отырғызылған. Бұл ретте Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов санға емес, сапаға мән беретінін, күтіп-баптауға қаланың мүмкіндігі жететін көлемде ғана тал еккенін айтып отыр.

Абай қаласын аралап шығу көп уақыт алмайды. Осылайша бағдарлама тілшісі екінші шағынаудандағы бұрынғы үй орнын көрсетті.

Фото: Jibek Joly

Іргетас қалдығы әлі күнге дейін шашылып жатыр. Қала басшысы бұл мәселе көктемде шешіледі деп уәде берді.

Фото: Jibek Joly

— Тазарту жұмыстары соңғы 2-3 жылдан бері жүргізіліп келеді. Әрине барлығы қаражатқа келіп тіреледі, бәрін бірден тазартуға қаражат жетпеді. Қазір 5-6 іргетастың орны қалды, оны келесі жылы көктемде толығымен жоямыз, — деді С. Оспанов.

Құлып салынған қоқыс жәшігі

Қала ішіндегі аулаларда қоқыс контейтерлерінің жағдайы мәз емес. Тіпті түсірілім тобы құлып салынған қоқыс жәшігін де көрсетті. Жаңадан салынған балалар алаңы да жаңа деп айтуға жарамай қалыпты.

Бірақ балаларға мұндай ойын алаңдары қызық емес секілді. Ескі матрастардан биіктікке секіретін спорттық жабдық жасап қойған. Ол баланың денсаулығына да, қаланың эстетикасын да сай келмейді.

Фото: Jibek Joly

Бағдарлама тілшісі айналаны аралап жүріп, қоқыс шоғырланған аумақтарды кезіктірді және эксперимент ретінде оны жинауға кірісті. Анықталғандай, оған 30-40 адам да, арнайы техника да қажет емес. Тек қана мәселені дер кезінде анықтау және 18 минут уақыт қажет екен.

Фото: Jibek Joly

Өз жауабында Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов қаладағы 1200 жер үйдің әрқайсысына бір контейнерден қойып шыққанын айтты.

Фото: Jibek Joly

Сонымен бірге, мұндағы қоқыс полигоны қалаға тым жақын орналасқан. Былтыр Абай қаласының маңында қоқыс полигоны салынып жатқаны жайында ақпарат шақты. Онда өткен жылдың соңына дейін құрылыс аяқталады деп жазылған еді. Белгіленген межеден жарты жыл уақыт өтті. Қоршау да көрінбейді, санитарлық талаптар сақталмаған.

Фото: Jibek Joly

— Жаңа полигонды түгел қоршап, көгалдандырып, кеңсесімен, техника қоятын гаражымен бірге салып жатырмыз. Тіпті көлікті өлшейтін таразы, дезинфекция жасайтын арнайы орны болады. Заманауи полигонды қыркүйек айында аяқтаймыз, — деп уәде берді әкім.

«Мейірімді қақпақтар»

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Абай қаласында 400 гектар аумақ тазаланған, ауқымды іске 9 мыңдай тұрғын қатысқан. Яғни, қала халқының үштен бір бөлігі тазалыққа үлес қосады деген сөз.

Әсіресе орталық саябақта 2017 жылдан бері 300 түп терек, 500 түп қарағай егілген. Дәл осы саябақта тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Мейірімді қақпақтар» деп аталатын жоба бар екен.

— Бұл акция 2020 жылы бастау алған, онда біз волонтерлермен, жастармен жиналып, қаламызға қалай көмек бере алатынымызды, экология мәселелеріне қалай назар аудара алатынымызды талқыладық. Сонда жастар пластик қалдықтарын, дәлірек айтқанда, қақпақтарды жинау бастамасын ұсынды. Өйткені олар қазір нарықта сұранысқа ие, кәсіпкерлер оны қабылдайды, — дейді эколог Темірлан Кәкенов.

Фото: Jibek Joly

Қақпақтарды жинау орны тек саябақпен шектелмей, мектептерде, сауда орталықтарында, қоғамдық орындарда да жолға қойылған. Жиналған шикізатты мекемелерге тапсырып, түскен табысты жануарларды азықтандыру сынды пайдалы дүниелерге жұмсайды.

Ұстаздар кезекшілік ететін аллея

Осыдан 10 жыл бұрын Абай ауданының мектеп директорларына арнайы аллея аманат етіледі. Сол уақыттан бері білім саласының қызметкерлері берілген аумақты күтіп-баптап, гүл егіп, мүсін орнатып, сәндеп келеді. Бұл үшін Абайдағы әр мектепке кезекшілік жүктелген. Ұстаздардың адал еңбек, маңдай терінің астарында оқушылардың бойына экологиялық мәдениетті сіңіру деген жанашырлық та бар екен.

Фото: Jibek Joly

Қала басшылығымен қатар жергілікті кәсіпкерлер де айналасын абаттандыруға үлкен үлес қосып жүр. Диірмен, жасыл желек, сәнденген көпір — кәсіпкерлердің құлшынысынан туған. Мұндай орындар қала бойынша өте көп. Бірі үлгі болып, екіншісі жалғастырып шаһарды жасыл қалаға, таза қалаға айналдырған.

Фото: Jibek Joly

— Мен өз дүкенімді өте жақсы көремін, әдемі жерде өмір сүргім келеді. Әрбір адам сұлулықты жақсы көреді ғой, — дейді кәсіпкер Эльфия Эйхлер.

Сонымен бірге, бағдарлама тілшілері Абай қаласының үздік ауласын да көрсетті. Мұнда тұрғын үй пайдалануға берілген кезден бері қоныстанған адамдар бар. Көршілер ұйымшыл және аула маңайын әсемдеуге де қуана атсалысады. Ақылдасып, келісіп жүріп жайлы орын ұйымдастырып қойған.

Коммуналдық жұмыстар ақсап тұр — сарапшылар бағасы

«Таза қала» жүргізушілері Абай қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.

Бұл шығарылымда Астана қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстембеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев төрелік етті.

Фото: Jibek Joly

— Қала тұрғындарын қараңыздаршы, қандай бақытты. Олар басқа қалаға көшкісі де келмейді. Олар өз істерін жақсы көреді, махаббатпен қарайды. Сондықтан бұл қалаға 9 ұпай беремін, — деді депутат Дәулет Мұқаев.

Сәулетші С. Рүстембеков Абай қаласына 7 ұпай берді.

— Абай қаласының дронмен түсірген кадрларын қарағанда қуанып қалдым. Барлығы жайнап тұр, әп-әдемі. Ал жақыннан көрсеткенде шалалықтары көзге көрініп тұр. Шынын айтқанда, басқа қалаларға қарағанда тазалық жағынан әжептеуір ұтып тұр. Бірақ қаланың орталығы жайнап тұр, шет жағында — қоқыс. Сондықтан менің берген бағам — 7 ұпай. Жалпы қала ұнады, — деді сарапшы.

Өз кезегінде Гүлдана Әбіш 8 ұпай қойып, коммуналды жұмыстарды күшейту керектігін айтты.

— Қаланың абаттандыруы сапалы жасалған, жасыл желегі көп. Жақсы жұмыстар жасалып жатыр. Коммуналды жұмыстарға келсек, ол жағынан да жұмыс жүргізілуі керек деп ойлаймын. Қала көшелеріндегі тазалық жақсы деп санаймын. Адамдар қаланы таза ұстауға тырысып жүр, — деді Г. Әбіш.

Жалпы есепте Абай қаласы 24 ұпай жинап, Астанадан кейінгі екінші орынға жайғасты. Тізім басында Астана (28), үшінші орында Теміртау (22), төртінші орында Лисаков (21), бесінші орында Рудный (20), алтыншы орында Ақсай және Шахтинск (18) қалалары тұр. Сондай-ақ 16 ұпай алған Степногорск және Жітіқара қалалары жетінші орында, 14 ұпайымен Құлсары сегізінші орында және ең төменгі орында 10 ұпай алған Жаңаөзен қаласы тұр.

Фото: Jibek Joly

Еске сала кетсек, «Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.

Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ.

Тележоба аптасына 2 рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30–да көрермен назарына ұсынылды.