«Таза қала» Бурабайда: Бөлектаудан Кенесары үңгіріне дейін

АСТАНА. KAZINFORM — Бурабай жыл сайын миллионнан астам туристі қабылдайтын еліміздегі ең танымал демалыс орындарының бірі. Көгілдір көлдер, қарағайлы орман, тарихи нысандар мен заманауи туристік орталықтар өңірдің тартымдылығын арттырып келеді. Алайда туристер саны көбейген сайын тазалық, инфрақұрылым және табиғи аумақтарды сақтау мәселелері де өзекті бола түседі. Jibek Joly телеарнасының «Таза қала» бағдарламасы Бурабайдың бүгінгі ахуалын бағалап, Ақмола туризмінің артықшылықтары мен түйткілдерін зерделеді.

Фото: Видеодан скрин

Бөлектау: көрініс тамаша, күтім жеткілікті ме

Ақмола облысы — табиғат сұлулығы, бай тарихи мұрасы және заманауи туристік инфрақұрылымы үйлесім тапқан өңір. Мұнда көгілдір көлдер мен қарағайлы орманды тамашалап қана қоймай, Ботай мәдениетінен бастап Кенесары үңгіріне дейінгі тарихи орындармен танысуға, интерактивті музейлерді аралап, этноауылдар мен марал шаруашылықтарының тыныс-тіршілігін көруге мүмкіндік бар. Балаларға арналған ойын-танымдық орталықтар, ондаған шақырымға созылған веложолақтар, көрініс алаңдары мен демалыс орындары өңірдің туристік тартымдылығын арттыра түседі.

Фото: Видеодан скрин

Бурабайға келген қонақтар табиғаттың әсем көрінісін тамашалау үшін ұзақ жол жүріп, қиындық көрмейді. Өңірде туристерге арналған бірнеше шолу алаңы жабдықталған. Табиғи аумақтарға келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы өңірде 7 шолу алаңы салынды. Нысандар экожүйеге түсетін жүктемені азайтып, табиғи ортаға зиян келтірмеу қағидаты негізінде жобаланған. Соның бірі — теңіз деңгейінен 147 метр биіктікте орналасқан Бөлектау шоқысы. Мұнда қалықтаған бүркіт бейнесіндегі ерекше көрініс алаңы орнатылған. Тау басына көтерілгендерді Бурабайдың көркем табиғатын ашатын әсерлі панорама қарсы алады.

Фото: Видеодан скрин

Бөлектаудағы шолу алаңына жеткенше «Қоқыс тастамаңыз!» деген бірнеше тақтай ілінген. Бірақ бірде-бір қоқыс жәшігі байқалмады.

Салдарынан тау бөктерінде шашылып жатқан қоқыстарды жиі кездестіруге болады. Оның бір бөлігін жел ұшырып әкелсе, енді бірі демалушылардан қалғаны байқалады. Пластик бөтелкелер, тағам қалдықтары мен тұрмыстық қоқыс табиғат аясындағы көрініске кері әсер етеді.

Вандализм мен қоқыс

Бурабай — табиғаттың талай сыйын бойына жинаған көркем мекен. Алайда оның сұлулығына сын келтіретін көріністер де жоқ емес. Соның бірі — қоқыс пен вандализм.

Фото: Видеодан скрин

Курорттағы көл жағалауында да бей-берекет тасталған пластик бөтелкелер, тамақ қалдықтары мен бір реттік ыдыстар демалушылардан кейін қалған ізді анық аңғартады. Қоқыс жәшіктері де дер кезінде шығарылмайтын көрінеді.

Фото: Видеодан скрин

Бірер сәттен кейін мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін аумақтың тазалығы мен тәртібіне жауапты мамандар пікір білдірді. Олардың айтуынша, қоқыс контейнерлерін күтіп ұстауға өзге ұйым жауапты.

— Бұл басқа ұйымның қоқыс жәшіктері. Мұнда қайта өңдеуге жарамды пластик қалдықтар жиналады. Әдетте олар үш-төрт күн сайын тазаланады, — дейді Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторы Арман Елубаев.

Бурабайдағы тағы бір өзекті мәселе — вандализм. Жартастар мен табиғи нысандарға жазу жазу әлі де тоқтамай тұр. Көптеген жартаста келушілер қалдырған түрлі жазулар көзге түседі. Кейбір демалыс орындарындағы орындықтар мен инфрақұрылым нысандары да бүлінген.

Фото: Видеодан скрин

Табиғатты қорғау мамандарының пікірінше, мұндай әрекеттер өңірдің келбетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, табиғи мұраны сақтау ісіне де кері әсер етеді. Сондықтан туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарымен қатар, келушілердің экологиялық мәдениетін арттыру мәселесі де күн тәртібінен түспейді.

Кенесары үңгірі қараусыз қалды ма

Бурабайдағы ең танымал тарихи нысандардың бірі — Кенесары үңгірі. Алайда туристер жиі баратын орынның инфрақұрылымы әлі де көңіл көншітпейді. Өңірде ұзақ жылдар бойы гид болып жүрген, жергілікті жердің тарихы мен ерекшеліктерін жақсы білетін Зада Тәшенова үңгірге жету үшін келушілер көптеген қолайсыздыққа, тіпті қауіпке ұшырайтынын айтып отыр.

Фото: Видеодан скрин

— Ұлттық парк аумағында үңгірге бару үшін туристерге жаяу бағыт белгіленген, яғни Абылай хан алаңынан Кенесары үңгіріне дейін 5 шақырым, сәйкесінше кері қайту жолы да — 5 шақырым, — дейді гид.

Алайда бұл бағытта арнайы жаяу жүргіншілер жолы қарастырылмаған. Құрғақ күндері шаң көтерілсе, жаңбырлы уақытта жол жүру тіпті қиындай түседі.

Үңгірге жеткен туристерді тағы бір мәселе қарсы алады — келушілер көтерілетін баспалдақтар 30 жыл бойы жөндеу көрмеген.

— Бұл баспалдаққа отыз жылға жуық уақыт болды. Орманшылар қолдан келгенше жөндеуге тырысады. Біз бұл жерді қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы аңшылық кезінде аялдап, тыныстаған қасиетті орын ретінде құрметтейміз. Сондықтан мұнда келген туристер де осы құрметті сезінуі керек. Жыл сайын келушілер саны артып келеді. Алайда баспалдақпен көтерілген туристер тайып құлап кете ме деп алаңдаймыз, — дейді Зада Тәшенова.

Кенесары үңгіріне күн сайын ондаған турист келеді. Дегенмен келушілердің жайлы демалуына қажетті жағдай толық жасалмаған. Туристер үңгір маңында әжетхананың жоқтығын жиі айтып, бұл мәселені шешу қажеттігін көтеріп келеді.

Жылқы мәдениетінің бастауы — Ботай

Бурабай десе көпшілік алдымен көл мен орманға бай көркем табиғатты елестетеді. Алайда өңір тек табиғатымен ғана емес, терең тарихымен де құнды. Соның бір дәлелі — Ботай мәдениетінің мұрасын таныстыратын «Ботай-Бурабай» тарихи-мәдени кешені.

Ашық аспан астындағы бұл музей келушілерді бес мың жыл бұрынғы Ботай мәдениетінің дәуіріне жетелейді. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып салынған қоныста ежелгі баспаналар, тұрмыс-тіршілік көріністері мен археологиялық олжалардың көшірмелері қайта жаңғыртылған.

Фото: Видеодан скрин

Ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» музейінің ғылыми қызметкері Рауан Ержановтың айтуынша, қоныстағы әрбір нысан Ботай қоғамының әлеуметтік құрылымы мен өмір салтынан сыр шертеді.

— Орталық тұрғын үйде ру көсемі тұрған. Оның қолындағы найза, садақ пен жебе, қанжығасына байланған аң терілері және отырған тағы билік нышандарын білдіреді. Ал үйдің кіреберісі басқа баспаналарға қарағанда аласа етіп жасалған. Бұл ішке енген адамның еңкейіп кіріп, көсемге құрмет көрсетуін меңзейді, — дейді ол.

Тарих пен табиғат үндескен мұндай орындар туристік бағыттың тартымдылығын арттырып қана қоймай, ұлттық мұраны келер ұрпаққа дәріптеуге де үлкен үлес қосып келеді. Сондықтан Ботай-Бурабай кешені — өткен мен бүгінді жалғайтын ерекше мәдени кеңістік.

Ескі «Волгадан» кабриолет жасаған тұрғын

Бурабай тұрғыны Диас Керей ескі «Волга» көлігінен кабриолет жасап, көпшіліктің назарын аударды. Жаңаша кейіпке енген көлік курортты аймақ көшелеріне шыққан сәттен-ақ тұрғындар мен туристердің қызығушылығын тудырған.

Қазір ерекше көлік Бурабайдың бейресми символдарының біріне айналып үлгерді. Табиғат аясында серуендегісі келетін қонақтар арнайы ақы төлеп, кабриолетпен өңірдің көрікті жерлерін аралайды.

Фото: Видеодан скрин

— Қазір бұл көлікті туристердің көбі таниды. Өйткені оның видеолары TikTok, Instagram және басқа да әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Бағаны да барынша қолжетімді ұстауға тырыстық. Негізгі мақсатымыз — әр туристің осы көлікпен серуендеп көруіне мүмкіндік жасау, — дейді ол.

Бурабайдың тағы бір тумасы, тәжірибелі саяхатшы Дәулет Мүрсал да өңірдің туристік әлеуетіне жоғары баға береді. Ол әлеуметтік желілерде саяхат тақырыбында контент әзірлеп, отбасымен бірге Қазақстан мен шетелдің түрлі өңірлерін аралап келеді.

Саяхатшының айтуынша, Бурабайдың басты артықшылығы — әртүрлі талғам мен бюджетке сай демалыс түрлерінің болуы.

— Бурабайды табиғаты ұқсас өзге туристік бағыттармен салыстырсақ, көптеген көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда тұр. Мұнда қарапайым демалыс үйлерінен бастап жоғары деңгейлі қонақүйлерге дейін бар, яғни әр адам өз мүмкіндігіне қарай демалыс түрін таңдай алады, — дейді Дәулет Мүрсал.

Фото: Видеодан скрин

Оның пікірінше, табиғат аясында шатыр тігіп демалу, отбасымен уақыт өткізу немесе жайлы қонақүйде тынығу секілді мүмкіндіктердің қатар ұсынылуы өңірдің тартымдылығын арттыра түседі.

Тарихты жаңа технологиялармен танытқан музей

Бурабайдағы туристік бағыттар табиғи көрікті жерлермен ғана шектелмейді. Өңірге келген қонақтар тарихи-танымдық нысандарды да аралай алады. Солардың бірі — заманауи технологиялардың көмегімен ұлттық тарихты таныстыратын мультимедиалық музей.

Фото: Видеодан скрин

Мұнда тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы ақпарат дәстүрлі экспозициялармен қатар жарық, дыбыс және интерактивті технологиялар арқылы ұсынылған. Осылайша келушілер тарихпен жаңа форматта танысуға мүмкіндік алады.

Экскурсия жетекшісі Әсел Сүйіндікованың айтуынша, музейдегі интерактивті алаңдар келушілер арасында ерекше қызығушылық тудырады.

— Туристер садақ ату ойынын жиі таңдайды. Сондай-ақ VR-көзілдірік арқылы күресіп көруге немесе батырлармен бірге жүгіргендей әсер алуға болады. Мұнда Қазақстан тарихындағы маңызды шайқастар көрсетілген тарихи карта орналасқан. Ал ру-шежіре залында келушілер өз тегіне қатысты мәліметтермен таныса алады, — дейді ол.

Маралдар мекені

Бурабайдағы ерекше демалыс орындарының бірі — марал шаруашылығы. Мұнда келушілер маралдарды жақыннан көріп, олардың тіршілігімен жақынырақ таныса алады.

Экскурсияда қонақтарға жануарды бағып-күту, қоректендіру, өсіру ерекшеліктері туралы ақпарат беріледі. Сондай-ақ марал мүйізінен алынатын панта өнімдерінің қасиеті мен оны сауықтыру мақсатында қолдану тәжірибесі таныстырылады.

Фото: Видеодан скрин

Қазақстандық агротуризм қауымдастығының президенті Халида Әшімованың айтуынша, алғашында көпшілік бұл жерде марал шаруашылығы барын және панта емінің дамығанын біле бермеген.

— Туристерді тарту үшін түрлі жобаларды қолға алдық. Астанадан арнайы турлар ұйымдастырып, бұл жердің мүмкіндігін кеңінен насихаттадық. Соның нәтижесінде 2025 жылы шаруашылыққа 50 мыңнан астам адам келді. Қонақүйіміз небәрі алты бөлмеден тұрса да, келушілер қатары жыл сайын артып келеді, — дейді Халида Әшімова.

Мұнда қонақтарға тек марал емес, мазмұнды демалыстың бірнеше түрі ұсынылады. Демалыс аумағында ұлттық дәстүрді дәріптейтін этноауыл жұмыс істейді. Келушілер атқа мініп серуендей алады, садақ атып көреді, отбасылық экскурсияларға қатысады немесе түрлі шеберлік сабақтарына жазылады. Табиғат аясында тынығып, жайлы қонақүйде қонуға да мүмкіндік бар.

Үш жылдан кейін Бурабайға көлікпен келу шектеледі

Бағдарлама қорытындысы бойынша Ақмола облысының Туризм басқармасы басшысы Андрей Подгурский түсірілім тобына сұхбат беріп, өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында қолға алынатын шаралар туралы айтты.

Оның сөзінше, жергілікті тұрғындар көтеріп жүрген Кенесары үңгірінің маңындағы мәселелер назардан тыс қалған жоқ.

— Биыл ұлттық парк Кенесары үңгіріне апаратын баспалдақты қайта жөндеуден өткізеді, — деді Андрей Подгурский.

Фото: Видеодан скрин

Сондай-ақ ол табиғи аумақтардағы вандализмнің алдын алу үшін бейнебақылау жүйесі күшейтілетінін жеткізді.

— Табиғат аясында қоқыс қалдыратындар, мүлікке зиян келтіретіндер немесе вандалдық әрекетке баратындардың барлығы камералардың бақылауында болады. Жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен бес мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, ұлттық парк аумағындағы көлік кептелісін азайту бағытында да бірқатар жоба қолға алынбақ.

— 2029 жылдан бастап ұлттық парк аумағына жеке автокөліктердің кіруін кезең-кезеңімен шектеуді жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты қазірден бастап келушілер көліктерін қалдыратын арнайы автотұрақтар салу көзделген. Бұл — АҚШ пен Еуропаның көптеген ұлттық парктерінде кеңінен қолданылатын тәжірибе. Әлемнің бірқатар қорығы мен ұлттық парктерінде келушілер тек жаяу немесе велосипедпен қозғалады, — деді Андрей Подгурский.

Оның айтуынша, мұндай шаралар табиғи аумақтарға түсетін жүктемені азайтып, туристік нысандардың экологиялық тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді.

Сарапшылар бағасы

Бағдарлама қорытындысында сарапшылар Ақмола облысының туристік әлеуетіне баға беріп, саланың дамуын тежеп отырған негізгі мәселелерге тоқталды.

Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстембеков өңірдегі тазалық мәселесіне назар аударды.

Фото: Видеодан скрин

— Тазалық деңгейіне төмен баға бердім. Қоқыс жәшіктерінің санын көбейтіп, оларды уақытылы тазалап отырса, жағдай едәуір жақсарар еді, — деді ол.

Ал Қазақ география қоғамының туризм жөніндегі маманы Жансая Ғаниқызы туристік нысандарға қатынау мен тазалық мәселесін көтерді.

— Туристік орындарға апаратын жолдардың сапасы мен көлік кептелісі әлі де өзекті. Сонымен қатар нысандардағы тазалық пен тәртіпке ерекше көңіл бөлу қажет. Туристер саны артқан сайын қоқыс көлемі де көбейеді. Мәселен, таулы аумақтардан күніне сегіз қап қоқыс шығарылады. Сондықтан бұл мәселе инфрақұрылыммен қатар келушілердің мәдениетіне де байланысты, — деді сарапшы.

«Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Елдос Абақанов өңірдің туристік әлеуетін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

— Туризмді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен қалдықтарды басқару мәселесі әлі де өзекті. Сондай-ақ инфрақұрылым толық қалыптаспаған, осы бағытқа көбірек көңіл бөлінуі қажет, — деді ол.

Жалпы қорытынды бойынша Ақмола облысы 22 ұпай жинады.

Айта кетейік, бұған дейін «Таза қала» жүргізушілері Қостанай өңірін аралап, туристік нысандардың жай-күйін, тазалығы мен келушілерге жасалған жағдайды саралады.