«Таза қала» эфирге оралды: Қызылордада туризм қалай дамып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы көрерменмен қайта қауышты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қолға алынған жоба бұған дейін 3 мегаполис пен 20 моноқаланы қамтып, экологиялық ахуал мен абаттандыру деңгейін сараптаған еді.

Фото: видеодан алынған скрин

Биылдан бастап бағдарлама туризм саласына бет бұрып, туристік аймақтар мен демалыс орындарын бес негізгі критерий бойынша бағалайды.

Қорқыт ата кешеніне 17 мың турист келген

Бағдарлама жұмысын Алаштың анасы — Қызылорда қаласынан бастады. Алғашқы бағыт — Қорқыт ата мемориалдық кешені болды. Оның құрылысы 1980 жылы басталып, кейін бірнеше рет жаңғыртудан өткен. Қобыз пішінінде бой көтерген кешен жел соққан сәтте ерекше үн шығарып, келушілерге әсерлі атмосфера сыйлайды. Бүгінде бұл — халықаралық деңгейде қорғалатын тарихи орынның бірі. Мұнда туристер легі жыл сайын артып келеді.

Фото: видеодан алынған скрин

— 2014 жылы реконструкциялық жұмыс жүргізілді. Өткен жылы келушілер саны 17 мыңнан асты. Оның ішінде 4000-ға жуық шетелдік турист бар, — деді «Қорқыт ата» мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Айгүл Бермаханова.

Фото: видеодан алынған скрин

Бүгінде туристерге облыстың тарихи-мәдени мұраларымен танысу үшін кең мүмкіндік жасалған. Өңірде 150 нысанды қамтитын 3D форматтағы интерактивті карта іске қосылып, ескерткіштерге QR-код тақтайшалары орнатылған.

Ақеспе — экотуризмнің бөлшегі

Келесі бағыт — көпшілікке беймәлім, бірақ шипалы қасиетімен танылған Ақеспе бұлағы болды. Табиғаты мен тарихы астасқан өңірге жетудің өзіндік қиындығы бар. Жол бойындағы инфрақұрылым, әсіресе дәретхана мәселесі әлі толық шешілмеген. Соған қарамастан, Арал төскейіндегі Ақеспеден туристер легі үзілмейді.

Алақандай ауыл аумағында орналасқан бұлақ минералды құрамымен ерекше. Оның суы жүйке жүйесі, салқын тию, тері және буын ауруларына шипа ретінде пайдаланылады. Сол себепті мұнда шетелдік туристерді де жиі кездестіруге болады.

Фото: видеодан алынған скрин

— Қазақстанға осымен үшінші рет келіп тұрмын. Радон қайнары туралы жақсы білеміз. Суға шомылдық, емдік қасиеті жоғары екен, — дейді Ресейден келген туристер.

Фото: видеодан алынған скрин

Ақеспе жаз мезгілінде ерекше жанданып, келушілер саны арта түседі. Туристер мекеннің табиғи болмысына таңданыспен қарайды.

— Қазақстандағы Шарын шатқалына екі апта бұрын бардық. Сосын Ақеспе туралы естіп, мыңдаған шақырымды артқа тастап арнайы келдік. Әсеріміз жақсы. Бірақ суы сәл ыстықтау екен, — деді Германиядан келген туристер.

Емдік суға келушілер негізінен мамыр айынан бастап ағыла бастайды. Осы кезеңге қарай қонақ қабылдауға қажетті жағдай жасалып, инфрақұрылым біртіндеп дайындалады. Жалпы, аумақ осыған дейін 6 мыңға жуық шетелдік туристі қабылдаған.

Фото: видеодан алынған скрин

— Қонақүйлерде барлық жағдай жасалған. 15 маусымнан бастап маусым басталады, келушілер де көбейеді. Әзірге бюджеттен қаражат бөлінбегенімен, әкімдік пен кәсіпкерлер бірігіп абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Туристерді күтіп алуға дайынбыз, — деді Қосаман ауылдық округінің әкімі Анарбек Кеншімбаев.

Ақеспе осылайша ауылдың ажарын ашып қана қоймай, алдағы уақытта экотуризм мен емдік туризмнің маңызды орталығына айналуы мүмкін.

Қызыл шатқал, құмды алқап пен Арал жағалауы

Ақеспе ауылы маңындағы туристік бағыт мұнымен шектелмейді. Себебі өңірдің табиғаты бір-біріне мүлде ұқсамайтын ерекше ландшафтымен таңқалдырады.

Фото: видеодан алынған скрин

Қарасандық шатқалы қызыл жартастарымен көз тартса, Кіші Борсық құмдары шексіз құмды алқабымен ерекшеленеді. Ал Арал теңізінің жағалауы бір жағынан кешегі тарихты еске салса, екінші жағынан бүгінгі экологиялық ахуалдың айғағындай әсер қалдырды.

— Өткен жылы геопарк жобасы іске қосылған болатын. Биыл ЮНЕСКО-ның тізіміне ену бағытында бірқатар жұмыс істеліп жатыр. Басты мақсатымыз — жаһандық геопарктер желісіне қосылу. Жоба туризм саласын дамытудың негізгі драйверлерінің бірі саналады, — деді Арал аудандық Дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің әдіскері Фариза Елеусізова.

Сауысқандық шатқалы: көне таңбалар мен қазіргі қауіп

Сапар Қаратау жотасындағы көне петроглифтерімен танылған Сауысқандық шатқалында жалғасты. 2004 жылғы зерттеулер барысында мұнда жартастағы суреттердің ірі шоғыры анықталған. Биыл V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мұраның маңызын атап өтіп, Сауысқандық петроглифтерін ЮНЕСКО тізіміне лайық нысандардың бірі ретінде атады.

Фото: видеодан алынған скрин

Ата Сауысқандық пен Бала Сауысқандық аумақтарында петроглифтер шоғырланғанымен, тарихи ескерткіштің бүгінгі ахуалы алаңдатады. Оған табиғи факторлармен қатар, бұрынғы ванадий кенін өндіру кезінде жүргізілген жарылыстар әсер еткен.

Фото: видеодан алынған скрин

— 2011-2012 жылдары кен жарылыс әдісімен өндірілді. Кейін зерттеу жүргізіп, шекті аймақты белгіледік. Жыныс жақпартасты болғандықтан, дүмпулер әсерінен тастар сөгіліп, петроглифтер зақымданды. Сол себепті жарылыс жұмысы тоқтатылды, — деді Шиелі аудандық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбутегі.

Сауысқандық 2013 жылдан бері мемлекет қорғауында. Соған қарамастан, мұнда күзет те, тұрақты тазалық қызметі де жоқ. Инфрақұрылым мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

— Бұл — сирек кездесетін тарихи нысан. Оны сақтаудың жолы — кіреберісіне сапар орталығын салып, экскурсия жетекшісі мен тазалық мамандарын қарастыру. Сондай-ақ қауіпсіз маршрут пен белгілеу жүйесін енгізу қажет, — деді Бекболат Әбутегі.

Шатқал маңында тұрмыстық қалдықтар мен вандализм белгілері де байқалады. Дегенмен аумақта «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер өткізіліп, тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.

— Туристер тарапынан ластау деректері кездеседі. Соған қарамастан аудан жастары тұрақты түрде тазалық шараларын ұйымдастырып жүр, — деді Шиелі аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов.

Сығанақ — ЮНЕСКО тізіміне үміткер көне шаһар

Келесі кезекте бағдарлама жүргізушілері сырға толы Сығанақ қалашығына табан тіреді. Қазақстанның этно-туристік орталықтарының бірі саналатын көне шаһар ашық аспан астындағы музей іспетті.

Фото: видеодан алынған скрин

Жаңақорған ауданында орналасқан тарихи нысанның қорғалатын аумағы 309 гектар. Мұнда келушілерді жаңартылған қорғау тақталары, QR-код жүйесі және ақпараттық стендтер қарсы алады.

— Туристер қазба жұмыстары жүргізілген аумақты шамамен 1 жарым сағат аралайды. Оңтүстік-Шығыс қақпасын, жауынгерлердің жатын орындарын тамашалайды. Соңғы екі айда 10-нан аса шетелдік турист келді, — деді Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері Құралай Дәрмен.

Көне қалашықтан табылған қыш бұйымдар, құрылыс қалдықтары мен ортағасырлық өркениет іздері Сығанақтың бай тарихынан сыр шертеді. Бүгінде ол шағын төбешіктер түрінде ғана сақталған. 2003-2013 жылдары қазба жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізілсе, 2014 жылдан бері облыстық деңгейде жалғасып келеді.

Фото: видеодан алынған скрин

— Қалашық ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіліміне енгізілген. Өткен жылы толық құжаттары дайындалып, жолданды. Қазір тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Былтыр ЮНЕСКО-ның арнайы өкілі келіп, нысанды аралап көрді, — деді Қызылорда облыстық тарихи-мәдени орталығының директоры Ерқазы Алданазаров.

Ашық аспан астындағы Сығанақ келушілерге ғасырлар қойнауына саяхат жасауға мүмкіндік береді. Инфрақұрылым дамыған жағдайда көне қалашықтың туристік әлеуеті одан әрі арта түсері анық.

Табиғи емнің тоғысқан орны

Сапардың келесі нүктесі — Жаңақорған шипажайы. Еліміздегі ең көне әрі танымал бальнеологиялық сауықтыру орындарының бірі саналатын демалыс орны 1918 жылы ашылған. Мұнда негізінен сүйек-буын, гинекологиялық және урологиялық аурулар емделеді. Ал емдік мақсатта қолданылатын тұзды батпақ пен су «Теріскен» көлінен жеткізіледі.

Фото: видеодан алынған скрин
Фото: видеодан алынған скрин

— 6 ғимарат бар. Шипажай бір мезгілде 405 адамға қызмет көрсетеді. Мұнда 200-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, — деді «Жаңақорған» шипажайы АҚ бас директорының орынбасары Аманжол Алдажаров.

Шипажайда ем алушылардың басым бөлігі балшықпен емделу процедурасын таңдаған.

— Бір адамға шамамен 40–50 келі балшық пайдаланылады. Оның температурасы 45 градусқа дейін жетеді, — деді дәрігер-терапевт Ғабит Үйсінбаев.

«Теріскен» көлінің балшығы мен тұзды суының емдік қасиеті ғылыми тұрғыда дәлелденген. Сондықтан шипажайға келгендер табиғи емнің әсеріне тәнті болып, қайта келуді әдетке айналдырған.

— Алғаш рет 2007 жылы келдім. Содан бері тұрақты келіп ем аламын. Егер араға екі жыл салып келмей қалсам, буындарым сыр бере бастайды, — дейді келушілердің бірі.

Жалпы, Жаңақорған шипажайына жыл сайын мыңнан астам адам келіп, денсаулығын түзейді.

Облыс әкімі: туристік бағыттар кезең-кезеңімен реттеліп жатыр

Туристік ахуалды талқылау мақсатында бағдарлама жүргізушілері Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевпен тілдесті. Шаһар басшысы соңғы төрт жылда өңірде жол инфрақұрылымын дамытуға 185 млрд теңге бөлінгенін айтты. Қазір туристік бағыттардағы түйткілдерді шешу жұмыстары қарқын алып жатыр.

— Қорқыт баба ескерткішіне баратын жол толық реттелді. Автотұрақ мәселесі мен туристерге арналған демалыс орындарының жағдайы да шешімін тапты. Қазалыдағы тарихи Жанкент қалашығының маңы да назардан тыс қалған жоқ.

Бұдан бөлек, Сығанақ қалашығына апаратын жол мен оның айналасын абаттандыру мәселесі күн тәртібіне шығарылып отыр. Бұл жұмыстар республикалық органдармен бірлесіп атқарылады. Сонымен қатар Қазалыдағы Қамбаш көліне де туристер қызығушылығы жоғары. Ондағы жол мен демалыс аймақтарын реттеуге кәсіпкерлер өздері бастамашы болып, жұмыстарды ұйымдастырды. Бұл «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойындағы жолаушылар үшін де қолайлы, — деді облыс әкімі.

Өңірде туризм саласын жүйелі дамыту мақсатында жергілікті мәслихаттың шешімімен арнайы облыстық туризм басқармасы құрылған. Алдағы уақытта құрылым туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ.

Сарапшылар не дейді?

Бағдарламаның дәстүріне сәйкес, сарапшылар 5 негізгі критерий бойынша бағалау жүргізді.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің ішкі талдау басқармасының басшысы Нариман Әлдібековтің айтуынша, облыстағы туристік нысандар көз тартқанымен, инфрақұрылымды дамыту мәселесі әлі де өзекті болып отыр.

Фото: видеодан алынған скрин

— Оң тұстар жеткілікті. Медициналық туризмнің дамып келе жатқаны байқалды. Әлеует жоғары. Дегенмен шешілуі тиіс мәселелер де бар. Нысандарға апаратын жолдарды реттеу қажет. Сондай-ақ петроглифтерге қатысты түйткіл назардан тыс қалмауы керек, — деді сарапшы.

Фото: видеодан алынған скрин

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры Әбділдә Мейірбеков өңірдің тарихи әлеуеті туризмді дамытуға толық мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Ауқымды туристік нысандардың көптігі байқалады. Мұның барлығы — сөйлеп тұрған тарих. Табиғи ресурстардың байлығы да көңіл қуантады. Алайда оны жаңғыртып, жүйелі түрде дамыту қажет, — деді спикер.

Фото: видеодан алынған скрин

«Kazakh Tourism» ҰҚ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Едіге Әділханов туристік нысандарда қауіпсіздік мәселесіне басымдық беру керектігін айтады.

— Сервисті дамыту керек. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларына да ерекше мән берген жөн, — деді Едіге Әділханов.

Фото: видеодан алынған скрин

Осылайша, Қызылорда облысы жалпы есепте 18 балл жинады.