«Таза қала» Қонаев қаласында: Туристік маусымда тазалықты сақтау қиын

Фото: Фото: видеодан кадр

АСТАНА. KAZINFORM – «Таза қала» жобасының экологиялық маршруты Алматы облысында жалғасты. Тілшілер бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласының облыс орталығы ретіндегі алғашқы қадамдарын көрсетеді. Туристік маусым қызып тұрған шақта тазалық мәселесі де өзекті бола түскендей.

Жағажайдағы қоқыстар

Алматы облысының орталығы мәртебесін алғалы Қонаев жаңаша сипатқа ие болып, инфрақұрылымы дамылсыз дамып келеді. Жаңа саябақтар, демалыс орындары салынып, тұрғын үйлер бой көтерді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 30 мыңға жуық адам сенбіліктерге қатысты. Олар екі мыңнан аса ағаш егіліп, екі мың тонна қоқыс шығарған. Қоқыстың негізгі бөлігі туристер көп келетін жағажай маңында секілді. Өйткені, шомылу маусымында Қонаевқа 1 миллионнан астам турист келіп-кетеді екен. 

Фото: видеодан кадр

Қонаевта жалпыхалықтық 8 жағажай бар. Оларды коммуналдық қызмет күніне екі рет тазалайды. Бұл іске бір емес 4 мекеме ат салысады. Дегенмен, шомылу орнын ластайтындар қатары тыйылар емес. Қоқыс жәшіктері де қойылған, алайда олардың іші бос, сыртында шашылып жатқан қоқыс көп. Сондықтан тазарту жұмыстарына волонтерлер де бел шешіп кіріседі. Белсенді жастың бірімен «Таза қала» тілшісі де кездесті. 

Фото: видеодан кадр

«Жағажайдан күніне үш жүк көлігі толған қоқыс шығады. Құзырлы органдар да, қала белсенділері де туристерге өзімен бірге келген қоқысты, өзімен бірге алып кетуді ескертеді екен. Бірақ нәтиже аз. Эковолонтерлермен бірге келіп жағдайды тексергенде үнемі қоқыс көреміз», - дейді волонтер Дидар Асқарұлы.

«Таза қала» командасы Қонаевтың көшелерінде де қоқыстың бейберекет шашылып жатқанын көрсетті. Жүргізуші аулалар арасындағы жаяужолдың өзінен 5 минутта екі қап қоқыс жинады. 

Фото: видеодан кадр

Тілшілерге берген сұхбатында қала әкімі Асхат Бердіханов халықтың тазалық мәдениетін арттыру үшін бейнероликтер түсірілетінін, белсенді азаматтар түсіндіру жұмыстарын өткізетінін айтты. 

Фото: видеодан кадр

Қонаевқа көшіп келушілер көбейді

Қоқыспен қатар, қалаларда жолдың жөнделмеуі, тротуардың болмауы, үйдің қасбеті ғана жаңартылып, аулаға мән берілмейтіні айтылды. Әсіресе 8,10 шағынаудандарда жол мәселесі өзекті. Өз жауабында қала әкімі бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталатынын, ол үшін 500 млн теңге бөлінген жеткізді.

Қонаевқа қоныс аударған азаматтар саны күннен күнге артып келеді. Небәрі екі жылда Алматы облысының орталығына көшіп келген тұрғындар саны 20 мыңға жеткен. Алдағы уақытта қала халқы жүз мыңнан асады. Тиісінше Қонаев қаласы қарқынды құрылыс алаңына айналған. Осыған дейін 106 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Алайда ескі үйлер де назардан тыс қалмауы керек.

«Биыл тек қана 9 үйдің қасбетін жаңартуға қаражат бөлінген. Ол жұмыстар атқарылады, ал басқалары қаражаттың бөлінуіне қарай қолға алынады және жоспарланады», - деп түсіндірді әкім Асхат Бердіханов.

Сонымен бірге, қалада өз қаражатына ауласын көгалдандырған тұрғындар жетерлік. Былтыр 75 тұрғын үйдің аумағын 1500 адам өз қаражатына көркейткен. Бұл үрдіс жылдан-жылға артып келеді. Биыл да аулаларға 600-700 ағаш егілген. 

Фото: видеодан кадр

«Біз көршілермен бірлесіп, ауламызды көркейтуді ойладық. Бірінші ағаш егіп, айналаны жасыл желекке толтырдық. Кейін гүлге көштік. Мәселен мына гүлдің аты – Гибискус. Мұндай сұлулықтың гүлдеп тұрғанына екі жыл болды. Біздің үйде бала көп, әсіресе біздің кіреберісте 17 бара бар. Олар «Көмек керек пе? Гүлдерді суарайық па?» деп қолғанат болуға тырысады. «Балалар бәрін бүлдіреді» дейтін қасаң түсінік жоқ», - дейді қала тұрғыны Любов Погадаева.

Айтыскер жауабы

«Таза қаланың» өткен шығарылымында Жандарбек Бұлғақов өлең шумақтарымен Талдықорғанның сұлулығын жырлап, Қонаевта тұратын Сырымға сөз кезегін берген еді. Кезекті шығарылымда суырып салма ақын үзеңгілес досына жауап берді. 

Фото: видеодан кадр

Айтыскер ақын да жақындарымен Қонаев қаласына тұрақтаған. Тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін ақын қатаң шешімдер қабылдау керектігін айтты. 

Фото: видеодан кадр

«Қаламыз енді-енді қалыптасып келе жатыр. Дегенмен халық демалатын жерлердің тазалығына біраз сын айтуға болады. Сингапур сондай таза болу үшін түкіріктің өзіне мыңдаған доллар айыппұл тағайындаған. Айыппұлдан қорыққан адамдар бір-ақ күнде мәдениетті боп шыға келген екен. Бізде де заң, тәртіп қалыптастыру керек. Өңірдің тазалығына жауапты – тек өзіміз ғана. Өзге елдерден туристер келіп тамашалайды, ал өзіміз бағалай алмаймыз», - дейді ақын.

Фото: видеодан кадр

Қалада өнерлі жастар да, спорт майталмандары да жетіп артылады. Ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев та – осы өңірдің тумасы. Жас өрендерді тәрбиелеуді қолға алған чемпион келер ұрпақтың бойына тазалық мәдениетін қалыптастырғысы келеді. 

Фото: видеодан кадр

«Спортшы елдің намысын қорғайды. Ел намысынан бөлек, рәміздерімізді қолдайды. Шетелге шыққан спортшылар Туды иығына салып, Елтаңбаны кеудесінде көрсетіп, Әнұранды шырқап жүрген спортшылардың елі де көрікті, таза болуы керек. Енді 3-4 жылдан кейін келсеңіздер, Қонаев қарқынды дамыған қалалардың бірі болады», - дейді зілтемірші.

Фото: видеодан кадр

Сонымен бірге, түрлі бейнелерді айнытпай жасайтын мүсінші Тахир Тұрғанжанұлы туған қаласына оралып, қала көркіне үлес қосып келеді. Тахир Тұрғанжанұлы қызметін осыдан 14 жыл бұрын бастаған. Оқу орнын бітіре сала Түркиядан түскен тапсырысты абыроймен орындап, әсемдікке ұмтылған жандардың көзіне ілігіпті. Сол уақыттан бері бірнеше қаланың эстетикасын қалыпқа келтіруге септігін тигізген. 

Фото: видеодан кадр

«Қонаевта демалыс орындары көп. Қазір әкімдік су жағасына орнату үшін кит пен дельфин мүсіндеріне тапсырыс берді. Бұл қалада мені толғандыратыны – ағаштардың аздығы, әсіресе жеміс ағаштары аз. Қаланың қазіргі күйі әлі талай өзгереді, алдағы күнге сенім мол», - дейді мүсінші.

Фото: видеодан кадр

Сарапшылар не дейді

«Таза қала» жүргізушілері Қонаев қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, шаһарға өз бағаларын берді. Бұл шығарылымды Экология саласының сарапшысы Елдос Абақанов, урбанист Әлихан Көшербаев және эколог Бақтияр Шыныбай бағалады. 

Фото: видеодан кадр

«Қонаев қаласының туристік әлеуетін тағы да арттыру үшін инфрақұрылымын жөндеу керек. Видеода көргеніміздей, екі маңызды түйткіл бар, біріншісі – қалдық мәселесі, екіншісі – жолдың жоқтығы. Ал қуантарлығы – жастардың белсенділігі, сенбіліктерге шығуы. Жалпы жергілікті халықтың қалаға сүйіспеншілігін, жанашырлығын көрдік», - деді Елдос Абақанов.

Фото: видеодан кадр

Урбанист Әлихан Көшербаев қалаға даму және абаттандыру салаларында өте көп өзгерістер жасау керегін айтты. Тек қана бюджет мәселелерін шешпей, Қонаевқа сарапшыларды шақырып, өзге қалалардың жақсы мысалдарын алып, қолдану керек.

«Әкімдік қаланың экологиясына, көгалдануына, сондай-ақ халықтың экологиялық мәдениетін дамытуына ерекше назар аудару қажет. Сонымен бірге, қаладағы қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу саласын дамыту бойынша жұмыстарын және коммуналдық қызметтер жұмысын күшейту қажет деп ойлаймын», - дейді эколог Бақтияр Шыныбай.

Жалпы есепте Қонаев қаласы 14 ұпай алды. Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент (18 ұпай), Түркістан (18), Тараз (15), Қызылорда (20), Өскемен (11), Семей (14), Павлодар (17), Алматы (25) және «Талдықорған» қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады. 

Фото: видеодан кадр

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты. Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады.