«Таза қала» Құлсарыда: Қоқыс полигонында ешкім жұмыс істегісі келмейді
ҚҰЛСАРЫ. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы Атырау облысының Құлсары қаласына жетті. Бұл қаланың атауы 19 ғасырда өмір сүрген Құлсары би Тінекейұлының құрметіне қойылған. Дәл осы Құлсары би өлкенің байлыққа толы, несібесі мол болатынын айтып кеткен деседі. Бүгінде Құлсарыда әлемдегі алып мұнай кен орындарының бірі – «Теңіз» орналасқан. Мұнай бар жерде қозғалыс та бар, даму да бар. Ал тазалығын «Таза қала» бағдарламасының түсірілім тобы тексеріп қайтты.
Бағдарлама барысында жүргізушілер екіге бөлініп, қаланың тазалығына қатысты ақпаратты зерттейді. Бірі жақсы, енді бірі жағымсыз тұстарын анықтайды және бар мағлұматты жинап, сарапшыларға тапсырады. Мамандар шешімді 5 критерийге сүйене отырып шығарады. Әрқайсысы 10 балдық жүйемен бағалайды.
Қараусыз қалған саябақ
Құлсары – Атырау облысындағы Жылыой ауданының орталығы, елдің батысындағы ірі моноқалалардың бірі. Қала климаты шөлейтті, жазы ыстық, қысы жұмсақ. Кейінгі жылдары қалада инфрақұрылым мен аббаттандыру жұмыстарын қарқын алып келеді. Қалада 2022 жылдан бастап 20 гектар аумаққа жасыл желек егілген. Қазір қалада сегіз саябақ бар. Ықшамаудандарда шағын аллеялар жетерлік.
– Алдағы уақытта тұрғындарды жаңа саябақтар қуантпақ. Қазір орталықта үлкен саябақ құрылысы жобаланып жатыр. Оны аудандағы ең ірі компаниялардың бірі «Теңізшевройлға» ұсындық. Әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, Құлсарыны дамытып отырған бірден-бір мекеме осы. Оған қоса, «Жастар», «Тәуелсіздік» саябақтарын салуды жоспарлап отырмыз, – деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.
Ал Құлсарыдағы ең ірі әрі ең ескі саябақтың қазіргі күйі аянышты халде. Саябақ кезінде мемлекет меншігінде болып, кейін жекенің қолына өткен көрінеді. Ондағы құрылыстар қирап, шатырлар жерде жатыр. Шөптер қаулап өскен, қасындағы Қамыскөлге қоқыс лақтырылады. Әкімдік жаңасын салуға асыққанша, барды бағалап, ескі саябақты қалыпқа келтірсе болмас па еді?
Тұрғындардың айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын қалаға жасыл желектер отырғызылған. Ал оны күтіп-баптау жұмыстары көпшіліктің көңілінен шықпаған көрінеді. Суарудың тиімді тәсілін пайдаланбағандықтан, ағаштардың ажары кеткен.
Тыл ардагерінің ұрпақтары айналаны абаттандырып жүр
Қазір Құлсарының өз келбетін іздеп жатқан кезеңі. Өткен жылғы жайттан кейін халықтың есеңгіреп қалғаны тағы бар. Дегенмен, туған жерінің табиғатына алаңдап, өз еркімен айналасын тазартып жүрген тұрғындар жетерлік. Мәселен, Құлсарыдағы бұл көшеге өлкенің дамуына елеулі үлес қосқан батыр ана, тыл ардагері Түймеш Сәбетованың есімі берілген. Ал ұрпақтары екі жыл бойы осы аумақты абаттандырып, көгалдандырып келеді.
– Біз әр үйдің төңірегіне қоқыс салатын жәшіктер мен орындықтар орнатып бердік. Ағаштарды өзіміз суарып жүрміз, – дейді Еркін Сәбетов.
Өткен жылы су тасқынынан кейін Жылыой ауданындағы кеуіп жатқан су арналары толып, балық көбейген. Ал құлсарылық жас өнертапқыштар осы балықтарды қорғап қалу үшін арнайы жоба әзірлепті. Олар майда шабақтарды үлкен бөшкеге сорып алып, өзен-көлдерге таситын құрылғы жасап шығарған.
Жас өнертапқыштар осыған дейін Құрсай өзеніндегі қалқымалы қоқыстарды тазартпақ болған. Алайда қамыстар кедергі келтірген соң жоба уақытша тоқтапты. Зерттей келе, жас ғалымдар қамысты шабу экожүйеге кері әсер ететінін анықтаған.
Мұнай қалдығы, қамысқа толы көл, жөнделмеген жол
Құлсарыдағы Қамыскөл мен Құрсай арнасы қамысқа толса да, жағалауында тұрғындар үшін орындықтар қойылып, ағаш отырғызылыпты. Бірақ ағаштар суарылмай қурап тұр, орындықтарды қиратып үлгерген.
– 2019 жылы түбін тереңдету жұмыстары жүргенде барлық қамыс алынған. Биыл Құрсайдың түбі тереңдетілетін болғасын су жіберілген жоқ. Алдағы уақытта қайықтың арнайы құралымен қырқып шығу мүмкіндіктерін қарап жатырмыз. Түп тереңдету жүргенде тазартылады, – деді қала әкімі.
Сонымен бірге, моноқалада жол мәселесі де өзекті. Тіпті, су тасқынынан кейін әлі қалыпқа келтірілмегені де бар. Ал тұрғындардың талабына әкімдік «бізге тиесілі емес» деп жауап беріпті.
– Тіпті қаладағы салық бөлімінің алдында шұрық-тесік жол жатыр. Жол мәселесі бізде өте үлкен проблема. Әсіресе, сапа жағынан қиын болып тұр. Бақылау жоқ, техникалық байқаушылар жұмысына көңілім толмайды, – деді тағы бір тұрғын Азамат Нұрәлиев.
Қазір Құлсарының 68 шақырымына ғана асфальт төселген. Алдағы уақытта 260-қа жуық көше мен көше аралық өткелдерде жол салу жоспарланып отыр. Ал әзірге жергілікті биліктен үміт үзген тұрғындар жолды өзі жөндеп жүр.
Тастанды құрылыс төбесінде адамдар тұрып жатыр
Бұл қалада қоқыс пен үйінді табу үшін әр бұрышты аралаудың қажеті жоқ.
Қазынаға бай өңір болса да, тазалық мәдениеті тұралап қалғандай. Құлсары бойынша 54 контейнерлік алаң, 800-ге жуық қоқыс жәшігі қойылғанымен, тұрғындар қалдықтарды көшеге тастауды жөн көреді.
Ал кейбір нысандар тіпті қоқысқа толып қалған. Сырт көзге тастанды үй болып көрінген ғимараттың үстіңгі қабаттарында адамдар тұрады екен. Айлап жатқан қоқыстың иісі қолқаны қабады. Ал Құлсары әкімі Қ. Әдинов бұл инженерлік құрылыс екенін, жеке кәсіпкердің меншігінде екенін айтуда.
Айтпақшы, Құлсарыда пәтер иелері кооперативі жоқ. Тұрғындар мүлік иелері бірлестігін де құрмаған. Бірақ бұл әкімдіктің әлжуаз әрекеттерін ақтамасы анық. Құлсарыдағы кей көппәтерлі үйдің дәретханасы сыртта орналасқан. Электр сымдары әдеттегідей ашықтан-ашық қалған. Балалар алаңы жартылай салынып, газоны төселмей кеткен.
Мұнда тек балалардың емес, жалпы тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төніп тұр. Қарапайым халық өткен ғасырда бой көтерген, тозығы жеткен үйлерде тұруға мәжбүр. Бұл ғимараттар кез келген уақытта қирап қалуы мүмкін. Мәселен, бағдарламаның түсірілім тобы жертөлесі суға толған үй тұрғындарының назын тыңдады. Сөзі нанымды болу үшін жүргізуші жертөлеге тас лақтырып көрді. Қираған үйдің су мен кәріз жүйесін жөндеу үшін арнайы адам жалданып, белуардан келетін судан қорғанатын костюммен жертөлеге түседі екен.
Қазір Құлсарыда 250-ге жуық көппәтерлі тұрғын үй бар. Өткен жылдан бастап жергілікті әкімдік барлық үйге техникалық қорытынды жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде 120-ға жуық үйді сүру туралы қорытынды шықты. Қазір 2025-2029 жылдарға апатты тұрғын үйлерді сүру жоспары бекітіліп жатыр. Бастапқы кезінде 80-90% көнерген үйлер бірінші кезекте сүріледі.
Су тасқыны салдары, қираған үй қалдықтары
Құлсары былтыр тасқын суының құрсауында қалып, жергілікті жұрт қиын жағдайға тап болған еді. Мемлекет мейлінше көмегін көрсетіп, ел болып, жылу жиналды, жағдай тұрақталды. Бірақ табиғи апаттан кейін қираған үйлердің қалдығы үйінді-үйінді болып жатыр. Мұның бәрі қашан шығарылады, кім шығарады – сұрақ көп.
Ал Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Әдинов тұрғындардың өзі ескі үйлерін бұзумен айналысып жатқанын айтты.
– Былтырғы су тасқынында ауданымызда үш мың үй зардап шекті, кей ықшамауданда тұрғындар үйлерін бұзып, құрылыс қалдықтарын аула сыртына шығарып тастайды. Бұл бағытта бірнеше рет техника тауып, демеушілік көмекпен қоқысты арнайы полигонға тасыдық. Жалпы қала тазалығын сақтау мақсатында сенбіліктер мен тазалық жұмыстары жүргізіледі, – деп ақталды әкім.
Қала әкімінің айтуынша, Құлсарының дамуына 2025-2027 жылдарға үш млрд теңге қарастырылған. Былтыр көпқабатты тұрғынүйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары басталып, 17 үй жөндеу жұмысынан өткен. Биыл тағы 10 үйдің қасбетін жөндеу жоспарланған.
Қоқыс полигонында жұмыс істейтін адам жоқ
Бағдарлама жүргізушілері Құлсарының тазалығына тікелей жауапты маманды кездестіріп, 11 гектар жерді алып жатқан қоқыс полигоны туралы сұрады. Өкініштісі, бұл полигонда кейінгі 10 айда қоқыс сұрыпталмаған. Өйткені сұрыптау желісінде жұмыс істегісі келетін адам жоқ.
– Өздеріңіз айтыңыздаршы, көмбегенде не істейміз? Кезінде 30 пайызын сұрыптап тұрдық, қалған тамақ қалдықтары бәрібір көміледі. Оны да өңдеу керек деп айтып жүргендер бар. Тіпті картон, пластик, тетрапакет, целлофанды өткізетін жер жоқ. Алматы мен Павлодардағы зауыттар өзің әкеліп бер дейді. Оны вагонмен тасысам да өз құнын ақтамайды, себебі бір келісіне 5 теңге төлейді, бір тоннасы – 5 мың теңге. Мансап орталығына жұмысшы, жүргізуші, шебере керек деп хабарландыру береміз. Ешкім келмейді, бәрі «Теңізге» жұмысқа тұрғысы келеді, – деді «Жылыой Тазалық» мекемесінің басшысы Бауыржан Әбдірахманов.
«Таза қала» жүргізушісі Бауыржан мырзамен Құлсарының тазалығын тексеруге бірге шықты. Бірнеше нүктеге барып, шашылып жатқан құрылыс заттары мен жиһаздардың жайын сұрады. Тазалық мекемесінің басшысы оның бірі жеке секторда жатқанын айтса, енді бірі жұмыс күнінің соңына дейін алынатынын айтты.
Тұтас қаланы жаңарту керек – Сарапшылар
«Таза қала» жүргізушілері Құлсары туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымда Астана қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш, елордалық мәслихат депутаты Арсланбек Мағзұм және Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Сағыныш Сағынтаев төрелік етті.
– Көше болcын, аулалар болсын, қоқыс өте көп. Бұл көрер көзге қатты байқалады. Маман ретінде жергілікті қоқыс полигонының көму жұмысына көңілім толмайды. Себебі қайта өңдеуге жатпайтын қоқыс көмілуі керек. Роликте көрсеткендей, қоқыс жердің үстіне лақтырылып жатыр. Моноқала болғандықтан үлкен саябақтар жоқ, бірақ кішкентай аула, сквер, аллеялар бар. Бірақ өзеннің жағдайы өте нашар. Бұл халықтың санитарлық жағдайына зиянын келтіреді, – деді С. Сағынтаев.
Өз кезегінде Астана қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Г. Әбіш тұтас қаланы жаңарту қажеттігін айтты.
– Жалпы қаланың ауасы лас, шаң-тозаң, қоқыстар жатыр. Жолдары сапалы түрде жасалмаған, көптеген кемшіліктерді көрдім. Көгалдандыру да жеткіліксіз, саябақтары аз. Адамдар демалатын орын жоқ. Өзені қамыстардан тазартылмаған. Жалпы тұтас қаланы жаңарту керек. Бүгін көргеніміздей, бұзылған үйлер көп, сол үйлерді сүріп, орнына заманауи тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салса, қаланың мәдениеті де, эстетикасы да жақсарады деп ойлаймын. Құлсарыда өмір сүру сапасын арттыру керек, – деді Г. Әбіш.
Елордалық мәслихат депутаты А. Мағзұм ағаштарды суару мәселесі маңызды екенін атап өтті.
– Менің ойымша, ағаш егу, жасыл желекті баптау – «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының басты критерийінің бірі. Жастар мен балаларға, жалпы қала тұрғындарына арналған кеңістіктер қажет деп ойлаймын. Және осы қалдықтармен жұмыс жасау керек деген ойдамын. Оны жергілікті әкімдік жұмыс істемесе, сырттан келіп біреу жасамайды, – деді сарапшы.
Жалпы есепте Құлсары қаласы 14 ұпай алып, қалалар рейтингінде ең төменгі орынға тұрақтады. Тізім басында Астана (28), екінші орында Хромтау (22), үшінші орында Лисаков (21), төртінші орында Рудный (20), бесінші орында Ақсай (18) қалалары тұр. Сондай-ақ 16 ұпай алған Степногорск және Жітіқара қалалары алтыншы орында тұр.
Еске сала кетсек, «Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.
Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Тележоба аптасына 2 рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30–да көрермен назарына ұсынылды.