«Таза қала» Рудныйға жетті: Кеншілер қаласының тыныс-тіршілігі қандай

Фото: Jibek Joly

РУДНЫЙ. KAZINFORM — «Таза қала» тележобасы Қостанай облысындағы өнеркәсіптік орталықтардың бірі Рудныйға барып, қаланың қазіргі ахуалын зерделеп қайтты. Бағдарлама ережесі бойынша журналистер екіге бөлініп, қаланың жағымды және жағымсыз тұстарын, тазалығы мен эстетикасын бағамдап қайтты.

Кеншілер қаласы

Бұл қаланың тарихы 1949 жылдан басталады. Сол жылы Алтай геологиялық барлау экспедициясының ұшқышы Михаил Сургутанов Сарыбай шатқалының үстінен ұшып, кенеттен компас тілінің бұрылғанын байқайды. Ал үш айдан кейін бұл жерден ірі кен орны анықталып, жаңа қаланың іргетасы қалана бастайды.

Осылайша, қаланың негізгі тірегі — «Соколов-Сарыбай» кен байыту өндірістік бірлестігі. Бұл кәсіпорын Рудныйдың тұрақты дамуына зор үлесін қосып отыр. Ашық карьердің тереңдігі 550 метрге жетеді. Ал кей тұстары екі қабатты ғимараттың биіктігімен бірдей. Бұдан шығатын қалдықтар қайда кететінін өндірісі мамандары түсіндіріп берді.

Фото: Jibek Joly

− Кен өндірген соң шығатын қалдықтарға аршу жұмыстары жүргізіледі. Бұл қалдықтарды біз ішкі карьердің үйіндісіне төгіп, жоямыз. Карьердің белгілі бір бөліктеріне қарасаңыз, өңделген жерлерді байқауға болады, ол жерде темір кені өндірілмейді. Бұл бөліктерге аршылған материалдар себіледі. Яғни қалдықтар қалаға немесе кәсіпорын аумағына жіберілмей, осы жерде қалады, − дейді «ССКӨБ» әлеуметтік жобалар және әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Александр Макаренко.

Фото: Jibek Joly

«Соколов-Сарыбай» кен байыту өндірістік бірлестігі соңғы бес жылда қалаға 40 мыңға жуық жасыл желек отырғызған. Оларды егіп қана қоймай, суаруға және күтіп-баптауға екі жылға 200 млн теңге бөлген. Қысқасы, экономикаға да, экологияға да пайдасы тиіп жатыр.

10 мың тал еккен қария

Биыл Рудныйда 20 мыңға жуық мамық түсірмейтін пирамида бітімдес теректер, қайың мен шырша отырғызылыпты. Жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары әзіресе жазда қыза түседі. Бұл мезгілде қала көркін келтіру үшін 250-ден аса адам еңбек етеді.

Фото: Jibek Joly

− Олар шөп шабу, ағаш егу жұмыстарымен айналысады. Біздің климат уақыт тапшылығын тудырады. Сондықтан тез әрі сапалы жұмыс істеу керек. Қыста жұмысшылар 20-30 адамға қысқарады, негізінен қар тазалау жұмыстары жүргізіледі. Көшелерді тазалаймыз, қар шығарамыз, жүргіншілер жолы мен аллеяларды тазартамыз, − дейді Қаланы көгалдандыруға жауапты компания өкілі Сергей Бейферт.

Сонымен бірге, Рудныйда соңғы 10 жылда 10 мың түп ағаш отырғызған, қаланың құрметті азаматы Ғабдолла Ахметжанов тұрады. 82 жастағы қария бұл игі бастаманы жұбайымен бірге бастаған. Ағаш егуді парыз, табиғатты аманат деп білген ерлі-зайыпты былтырдың өзінде 150 түп терек әкеліп отырғызған. Қаланың жасылдануына үлес қосқысы келген жандарға еш ақысыз көшет те береді.

Ескі үйлер мәселесі қалай шешіледі

Фото: Jibek Joly

Рудныйда 70 жыл бұрын салынған ескі үйлер әлі күнге дейін қолданыста. Тұрғындар бұл үйлердің қашан сүрілетіні белгісіз екенін айтты. Ал балалар ойын алаңдарына жету үшін құмды соқпақтармен жүруге мәжбүр. Түсірілім тобы қала тұрғындарының ұсыныс-пікірін тыңдап, мәселелерді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенкомен талқылады.

Фото: Jibek Joly

− Біздің қаламызда қазір 250 аула бар. Әр аула балалар алаңы болғанын қалайды. Бірақ қазір ол мүмкін емес. Себебі біз бұл жұмыстарды 4 жыл бұрын бастадық. Осы уақыт аралығында 125-тен аса балалар алаңын жасадық. Енді тағы 125 алаңқай қажет. Сондықтан бұл жұмыстарды бірнеше кезеңге бөлдік, − деп түсіндірді В. Ионенко.

Фото: Jibek Joly

Әкімнің сөзінше, осыған дейін Рудныйда 30 нысан жөндеуді қажет еткен. Екі жылда 11 нысанды қалпына келтіріп, 700 отбасына үй кілтін табыстаған. Олар — әлеуметтік осал топтағы жандар, бірінші кезекте көпбалалы отбасылар мен жетім балалар болған. Қазірдің өзінде 1500 жетім бала кезекте тұр.

Қала келбеті

Рудныйдың орталығында таза көшелер көп байқалды, ғимараттары кеңестік дәуірдің классикалық үлгісі мен жаңа заман сәулеті үйлесіп тапқан. Дегенмен қаладағы теміржол инфрақұрылымы ұзақ уақыт бойы жаңартылмаған.

Фото: Jibek Joly

120 мыңнан астам халқы бар Рудный қаласының теміржол вокзалы 1959 жылы бой көтерген. Алайда жарықшақтары бар көне ғимараттың тек шатырлары ғана жаңа секілді. Дәретханасы сыртта орналасқан, оған 200-300 метр жүру керек.

Әділін айту керек, ескі болса да, вокзалдың әр бұрышында пластик, қағаз, шыны деп сұрыпталған қоқыс жәшіктері тұр. Биыл 2025 жылы бұл жер жаңғыртудан өтеді деп жоспарланып отыр.

Фото: Jibek Joly

Дегенмен, қалада шашылып жатқан аула, ескі үйлер, қабырғадағы жазулар мен жөндеуге жабылған жолдар да бар. Тіпті әкімдіктің алдында оқшауланбаған ашық ток көзі тұр. Оған кішкентай балалар ілініп қалса, жағдайы қиын болатыны айдан анық. Сөзі дәлелді болу үшін жүргізуші өз телефонын қуаттап көрді.

Мұндай ашық ток көздерінің тұруы қате екенін әкімнің өзі де мойындады.

− Біздің орталық алаң мерекелік іс-шара жиі өтетін орынға айналған. Біз мұнда Металлургтер күнін, Наурыз мейрамын, 7 мамыр мен 9 мамыр, Қала күні мен басқа да мерекелерді ұйымдстырамыз. Сол сәттерде жүзге жуық сауда нүктелері ашылады. Оларға ток көзі қажет. Дегенмен бұл электр қуаты тек мерекелік шараларда қосылып, басқа күндері өшірілуі керек еді. Осы олқылықтың орнын толтырамыз, − деді Рудный әкімі.

14 минутта жиналған қоқыс

Дегенмен қалада шешімі табылған мәселелер де баршылық, «Таза қала» жүргізушісі аулада контейнерге салынбаған қоқыс үйіндісін көріп, тазалық компаниясына хабарласып көрді. Қоңырауға жауап берген маман тек контейнерлік бактарды тазартатынын, басшылығына барлық шағымды жеткізетінін айтты. Арада 14 минут өткенде компания қызметкерлері аталған мекенжайға келіп, қоқысты тиеп әкетті. Бұл ретте компания ірі габаритті қоқыстарды алып кететінін, бірақ ұсақ қоқыстар міндетті түрде контейнерге салынуы керек екенін ескертті. Сосын кесілген ағаш бұтақтарының үйіндісін тазалау қоқыс компаниясының міндетіне кірмейтінін айтты.

Фото: Jibek Joly

Қоқыс демекші, осыдан бірнеше жыл бұрын Рудный қаласы қалдықтың көптігінен тұншығуға шақ қалған болатын. 2023 жылы қоқыс полигоны басқа компанияның қарамағына өтіп, мәселенің беті бері қарай бастаған.

− Бұл полигон біздің компаниялар құрамына 2023 жылы қосылды. Ол уақытта жағдайы өте нашар еді. Қазақстан Республикасының экологиялық стандартына сай келтіру үшін ауқымды жұмыстар жүргізу қажет болды. Қазір полигон снитарлық және экологиялық талаптарға сай жұмыс істеп тұр, − дейді қоқыс полигонына жауапты компания өкілі Руслан Ишбулатов.

Мұнда қоқыс ішінара қолмен сұрыпталады, ал шілде айының соңында қоқыс сұрыптау кешені пайдалануға берілмек. Яғни Рудный қаласының тынысы тағы ашыла түседі.

Фото: Jibek Joly

− Мына жерде ұсақтағыш тұр, бұл құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге арналған. Екіншіден, мына жерге ангар орнатылады, онда сұрыптау кешені орнатылады. Бұл кешеннің қуаты жылына 50 мың тонна қоқыс сұрыптауға жетеді. Ал қаланың қажеттілігі — 40 мың тонна шамасында, қаланың келешектегі ауқымын тұтас қамту үшін артық қор дайындап отырмыз, − деді Р. Ишбулатов.

Сондай-ақ, мұнда көлік дөңгелегіне екінші өмір сыйлайтын, резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдеп, кәдеге жарататын кәсіпорын бар. Мұнда жеткізілген дөңгелектер түйіршіктеледі, осы арқылы қоршаған ортаның тазалығына үлес қосады.

Фото: Jibek Joly

− Балалар алаңы мен спорттық нысандар құрылысы басталғанда біздегі резеңке ұнтағы үшін адамдар кезекке тұрады. Осыған байланысты кәсіпорынды модернизациялау туралы шешім қабылданды. Бүгінде кәсіпорынға инвестиция көлемі 489 млн теңгені құрады, − деді Р. Ишбулатов.

Сарапшылар не дейді

«Таза қала» жүргізушілері Астана туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.

Фото: Jibek Joly

Бұл шығарылымды Астана қалалық Урбанистика орталығының басшысы Данияр Шындалиев, Астана мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова және «Жасыл ел» жобасы басшысының орынбасары Асылбек Әбдірашитов бағамдап көрді.

− Рудный қаласындағы ең ұнағаны — көгалдандыру бойынша жұмыстар болды, көше бойындағы үлкен ағаштар мен гүлдер көп байқалды. Абаттандыру, аулаларды жаңғырту жұмыстары ұнады. Орталық көшелеріндегі скейт-алаңдар, белсенді жаттығу алаңдары да керемет. Жалпы 8 ұпай беремін және ең төмен баға қала эстетикасына берілді, өйткені үй қасбеттеріне реконструкция өте қажет, − деді Урбанистика орталығының басшысы Данияр Шындалиев.

Фото: Jibek Joly

Өз кезегінде Астана мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова 7 ұпай қойды.

− Қала өсіп келеді, өркендеп келеді. Әдемі, жасыл желектері көп екен. Біраз абаттандыру жұмыстарын да көрдік. Алайда, кемшіліктерін де атап өтсем, біріншіден қоқыс шығаратын ұжымдар аптасына бір рет қана жинай ма, әйтеуір қалдықтар уақытылы шығарылмайды екен. Қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де біраз жұмыс керек, − деді ол.

Рудныйға ең жоғары 9 ұпайды «Жасыл ел» жобасы басшысының орынбасары Асылбек Әбдірашитов берді.

Фото: Jibek Joly

− Қала көшелеріндегі тазалық пен тәртіпті көрдік, коммуналдық қызметтер жүйесін, абаттандыруы, ашық микрофонды қарап шықтық. Менің беретін бағамды орташа деп айтуға болады, бұл моноқалалар ішінде жасалып жатқан жұмыстар осыған дейінгі жай-күйін көрдік, қазіргі деңгейі өте жақсы, қаланың абаттандырылуы да орта деңгейде. Бірақ жергілікті коммуналдық қызметтің жұмысын атап өту керек, қоңырауға лезде жауап беріп, пайда болған проблемалардың дер кезінде жойылуы, − деді А. Әбдірашитов.

Фото: Jibek Joly

Жалпы есепте Рудный қаласы 24 ұпаймен қалалар тізімінде екінші орында тұр. Әзірге ең жоғары ұпай Астана қаласында.

Бұған дейін «Таза қала» жобасының жаңа маусымы Астана қаласынан басталған еді.

Сондай-ақ, түсірілім тобы Ақмола облысындағы маңызды өндірістік және әлеуметтік-экономикалық орталықтардың бірі Степногорск қаласының да тазалығы мен эстетикасын көрсетті.

Еске сала кетсек, Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.

Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Тележоба аптасына 2 рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30–да көрермен назарына ұсынылды.