Таза қала таза ауладан басталады - ОҚО

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Биыл ОҚО-дағы «Таза қала» акциясына Еңбекші ауданынан 64 аула мен 12 көше қатысып отыр. Жүлдегерлерді анықтайтын комиссия мүшелері бүгін соңғы рет сол нысандарды аралап, жүргізілген жұмыстармен танысты, деп хабарлайды «Шымкент-Қазақстан» телеарнасы.

Айтып өтейік, осымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан байқаудың жеңімпаздары қала күні қарсаңында белгілі болады.

Ғани Ілияев көшесіндегі №115 үйдің тұрғындары «Үздік аула» номинациясы бойынша үздік деп танылуға ниетті. Ол үшін екі қабатты үйдегі 12 пәтер иелері де толығымен тер төккен. Жұмыла жұмыс істегеннің арқасында үй айналасы ертегілер әлеміне айналған.

Тұратын жері таза көше атанса, - деп, тырысқандардың бірі - «Ақсу» көшесінің тұрғындары. Олар да осы акция басталғалы бірігіп, көшені көгалдандыру жұмысына кіріскен. Бұл істе әсіресе, зейнеткерлікке шығып, үйде отырған қарттар белсенді. Сондай жанның бірі - Ілияс Тойшиев.  Таңның атысынан күннің батысына дейін көше тазалығын күзеткен қария өз ісіне жұрттың қызыға қарайтынын айтады.

Енді байқау шартына тоқталсақ. Ережеге сәйкес, бір жылы жүлделі орыннан көрінген көше келесі байқауға қатыса алмайды. Ондағы мақсат -қаланың барлық көше тұрғындары мен аула жанашырларын осы акцияға тарту.

Байқау мәресі жақын.  Шымкенттің 4 ауданы бойынша акцияға қатысқан барлық көшелер мен аулалар осы аптаның соңына қарай толық бақылаудан өтеді. Ал,  қыркүйектің 13-і күні комиссия отырысында жеңімпаздар анықталады.