«Таза қала» Теміртауда: Металлургтер қаласынының тазалығы қай деңгейде

Фото: видеодан алынған скрин

ТЕМІРТАУ. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы Қарағанды облысының Теміртау қаласына жетті. Теміртау – тынымсыз тіршіліктің қаласы, таза еңбек пен маңдай тердің мекені. Көпшілігі металлург мамандығын өндірістегі ауыр еңбекпен, күйе мен шаңға батқан жұмысшылармен байланыстырады. Ал олар тұратын қаланың келбеті қандай – жазбаша репортаждан оқыңыз. 

Бағдарлама барысында жүргізушілер екіге бөлініп, қаланың тазалығына қатысты ақпаратты зерттейді. Бірі жақсы, енді бірі жағымсыз тұстарын анықтайды және бар мағлұматты жинап, сарапшыларға тапсырады. Мамандар шешімді 5 критерийге сүйене отырып шығарады. Әрқайсысы 10 балдық жүйемен бағалайды.

Трамвай экологиялық таза көлік

Бүгінде Қазақстан бойынша трамвай желісі үш қалада ғана сақталған. Соның бірі әрі ең жаңасы – Теміртауда. Бірақ бірер жыл бұрын түрлі жағдайларға байланысты трамвай желісі толық істен шығып, жабылудың аз ақ алдында тұрған. Бірақ демеушілердің, жеке кәсіпкерлер көмегімен бұл қоғамдық көлік қайта жолға шықты.

Фото: Jibek Joly

Теміртаудағы трамвай алғаш рет 1959 жылы 5 қыркүйекте релське шыққан. Трамвай бағыттары жыл өткен сайын, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейін азая берді. Ал 2023 жылы 14 ақпанда Qarmet АҚ көлік басқармасына қарасты трамвай желісі өз жұмысын толықтай тоқтатты. Сол кездегі қала тұрғындарының Президентке трамвай қозғалысын қалпына келтіру туралы өтінішінен соң Qarmet рельстерді ауыстыру жұмыстарына кірісіп, 2 қазанда трамвай сынақ режимінде іске қосылып көрді. Оған қоса, қалада 30 шақырым рельске күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Трамвай қозғалысын қамтамасыз ететін электрлі сымдар, кергілер, ілгіштер толықтай ауыстырылды.

– Бүгінде депода 7 трамвай бар. Оның 5-і әзір, қалған екі вагонды іске қосуға дайындалуда. Жуықта тағы 1 вагон жеткізіледі. Сонда барлығы 8 трамвай болады. Трамвайлар көркемдік дизайнмен, жеке стильде жасалған. Сол арқылы Теміртау қаласының атмосферасы, кеншілер мен металлургтер бейнесі көрсетіледі, - дейді Qarmet АҚ баспасөз қызметі.

Мамандар трамвайларды сөзсіз сақтап қалу қажеттігін айтуда. Бұл адамдарды жеке көліктен гөрі қоғамдық көліктерге отырғызуға және ауаның ластану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Барлық өнеркәсіптік қалаларда трамвай қатынасы жақсы дамыған. Тіпті қазір ТМД елдерінде, Еуропада трамвай тасымалын көбейту бастамалары көтеріліп жатыр.

Фото: Jibek Joly

Қала ортасындағы батпақ пен қамыс

«Таза қала» бағдарламасының түсірілім тобы қала орталығындағы батпақты көлшік пен адам бойынан асатын қамыстарды көрсетті. Тұрғындар бұл батпаққа үш жылдан аса уақыт болғанын, қала әкімдігіне бірнеше рет жүгінсе де өзгеріс жоқтығын айтуда.

– Батпақ осында келетін жерасты суларынан, еріген қар суларынан қалыптасады және жаяу жүргіншілер жолынан бірер метр жерде тұр. Оның тереңдігі екі метрге жетеді. Бала түгілі бой жеткен кез келген адам да батып кетеді. Айналасында қоршау жоқ, - дейді қала белсендісі Думан Жақыпбеков. 

Фото: Jibek Joly

Батпақтағы иістенген су бір орында тұрмайды. Көктемде тасып айналаны ластап, жақын маңдағы жаңадан егілген шыршаларды қуратып жіберген көрінеді.

– Көктемде барлық су осы шыршаларға құйылып, көлкіп тұрған еді. Сосын жылу магистралінен ақау кетіп, осы ағаштар қайнаған ыстық судың астында қалды. Көріп тұрғаныңыздар, сарғайып қурап қалды, - дейді қала тұрғыны.

Бағдарламаға сұхбат берген қала әкімі Ғалым Әшімов қазір екі трактор жұмыс істеп жатқанын, қамыстардың алынып жатқанын жеткізді. Ал батпақты тазарту бойынша – әкім бөлек арық қазылып, жаңбыр суын ағызатын арнаға жол жасалатынын айтты және бір айдан кейін қайта келіп тексеруді ұсынды.

Фото: Jibek Joly

Теміртаудың қақ ортасында батпақ қана емес, пальма да өсіп тұр. Қысқы бақта тарихы қырық жылдан асатын пальма, жеміс салып тұрған банандарды және өзге де экзотикалық өсімдіктерді тамашалауға болады.

Бұл өсімдіктер Теміртаудағы қысқы бақ ашылғанда Қарағанды мен Алматыдан жеткізілген.

Фото: видеодан алынған скрин

500 ерікті қаланы күн сайын тазартады

Облыс бойынша ең ауқымды еріктілер орталығы Теміртауда орналасқан.

«Шаңырақ» ұйымында 500-ге жуық ерікті бар. Осы волонтерлар қала көшелерін ай сайын емес, апта сайын емес, күн сайын қоқыстан тазартып отырады.

– Бүгін Теміртау қаласындағы жағалауда үлкен экоакция өтіп жатыр. Оған 300-ден астам экоерікті қатысып жатыр. Орталықтың қызметін атқарып жүргеніне 12 жыл болды. Негізгі қызметтерінің бірі – қаланы тазалықта ұстау, - деді волонтер Руслан Қожекен.

Фото: Jibek Joly

Қаладаға белсенділердің бірі — Алена Хегай. Аумақтағы экологиялық ақуалға бей-жай қарамаған ол айналаны тазартуды 15 жыл бұрын бастап кеткен. Кейін кеншілер шаһарындағы өзі секілді алаңдаулы тұрғындардың басын қосыпты. Олармен түрлі акциялар ұйымдастырып, өлкенің өркендеуіне өз септігін тигізуді қолға алған.

– Сен өзің тұратын жеріңе қандай көмек көрсете аласың? Қазіргі сәтте нақты не істей аласың? Тек сынай бермей, әрекет ету керек. Әкімдік болсын, билік болсын, бәрін сынай берудің қажеті жоқ. Ал енді өз ниетіңмен, қолыңдағы құралдармен, ресурстармен қандай үлес қоса аласың – соны істеу керек. Расында да, бұл біздің қаланың әрбір тұрғыны үшін маңызды, - дейді ол.

Қоқыс жинау жұмыстың бір бөлігі ғана, мұнда қалдықтардың қалай пайда болатыны да маңызды. Еріктілер адамдар көп жиналатын жағажайда қалдықты қайта өңдеуге болатынын, айдалаға ессіз лақтыра салған пластиктің қоршаған ортаға тигізер зиянын да түсіндіреді. Осылайша экологиялық сауатты жандардың қатары Теміртауда күн санап артып келеді.

Фото: Jibek Joly

Тазалыққа құмар тұрғындар

Теміртаудың 6-шағын аудандағы қоқыстар үй айналасын жайлап барады. Куәгерлер ерінген кей тұрғындар қоқысты терезесінен де лақтыра салатынын айтуда. Құдды бәрі жиһазын жаңартып, әлдебір жерге көшіп бара жатқан сыңайлы. Ал былтыр ресми түрде ашылған жерасты контейнерлерін дәнекерлеп жауып тастаған. Тіпті еш уақытта іске қосылмаған, дейді тұрғындар. Дәл осындай қоқыстың көптігі бір емес, бірнеше аулада кезіккен. Жергілікті басшылық мәселені шешу үшін камера қойған екен. Алайда ол қисайған бағаналардағы тек әшекей сияқты.

Фото: Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Ал Б. Момышұлы көшесіндегі үй тұрғындары өз ауласын өздері тазартып, абаттандыруды бастап кеткен. Ұйымдасып гүл егеді, бірі су себеді, енді бірі топырақты қопсытады.

– Алғашында мұнда тақыр тегіс жер ғана жатқан еді. Бірінші кезекте бір көлік топырақ сатып алып, осында төктік. Жерді тегістедік. Сосын әрине бірдеңе егу керек болды. Көршілер алғашында бір түп мамыргүл ағашын әкелді, кейін біртінтеп өз саяжайларынан көшеттер әкеле бастады. Гүлзарлар жасап, жеміс-жидек, көкөністерге дейін егіп тастадық. Оларды жолай өткен кез келген адам пайдалана алады. «Тек менікі» деген ұғым жоқ, - дейді тұрғындар.

Фото: Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Қаладағы бейберекет ебедейсіз өскен ағаштарды да қала тұрғындары өз ауласына тиесілі болмаса да күтіп-баптаумен айналысып жүр. Мұнда күтімсіз қалған ағаштар да, аяқ астындағы шөптер де тұрғындардың күнделікті күресіне айналған. Электр сымдарын жұлып кетпеуі үшін, өзі ауласынан шығып, көше бойы өскен талдарды ретке келтіруге мәжбүр. Тіпті кей адамдар көгалды кесіп жатыр деп шағымданады.

Фото: Jibek Joly

Сондай-ақ теміртаулық кәсіпкер Айдос Долдахан 2016 жылдан бері қолданылған пластик пакеттерді қайта өңдеп, жаңа қоқыс пакеттерін шығарумен айналысып жүр. Бұл үшін қалдықты арнайы құрылғыдан өткізіп, ұнтақтайды және жаңа қалыпқа құяды.

423 млн теңгеге саябақ

Қала тұрғындары 2023 жылы берілуі тиіс болған сквер құрылысы әлі аяқталмағанын айтып, бағдарлама жүргізушілерін шақырды. Аяқсыз қалған құрылыс орнында балалар ойнап жүр. Олар ашық жатқан сымдардың қауіпті екенін олар түсінбейді, түсіндіретін адам да жоқ.

Фото: Jibek Joly

– Мұның бәріне 423 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 220 млн теңгесі игерілді, яғни мердігерге төленді. Ал біздің көріп тұрғанымыз осы. Сіз қалай ойлайсыз, мынау 220 млн теңгеге тати ма? Меніңше әрі кетсе 20 млн теңгеге сай, оның өзі күмәнді, - дейді қала белсендісі Ирина Жақыпбекова.

Фото: Jibek Joly

Бұрынырақта мұнда ауқымды ағаштар болған көрінеді. Тротуар салу үшін оны кескен. Кейін жаңа көшеттер отырғызған. Алайда оны күтіп-баптау қажет екенін естен шығарған.

– Бұған дейін мұнда біршама жасыл желек болған. Оны кеспей-ақ сақтап қалуға болар еді. Бірақ неге екені белгісіз, бәрін алып тастап, орнына жаңа көшеттер отырғызған. Оның өзі қараша айында, алғашқы қар жауып қойғанда егілді. Бұл жеке сектор. Айналада балалар ойнайтын алаң жоқ. Кешкі серуен құратын қоғамдық орын жоқ. Сквер осы мәселені шешу қажет еді. Өкінішке қарай тағы бір бас ауруын туындатты, - дейді И. Жақыпбекова.

Фото: Jibek Joly

Құрылысы сағызша созылып, күрделі мәселе айналған сквердің тағдыры жөнінде қала әкімі де жауап берді.

– Ол жерде қабылданбаған жұмыстар көп. Асфальті, ағаштары, тіпті жалпы нысан қабылданбаған. Біз сотқа берген арыздың ішінде оның бәрін көрсеттік, - дейді әкім.

Фото: Jibek Joly

Сонымен бірге, Теміртау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Мұхамеджан Алдабаев Абай көшесіндегі жаңа скверді көрсетті. Онда 2020 жылы күрделі жұмыстар жүргізіліп, спорт және балалар алаңдары құрылған.

Фото: Jibek Joly

Сарапшылар: Теміртау барлық моноқалаға үлгі бола алады

«Таза қала» жүргізушілері Теміртау туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.

Фото: Jibek Joly

Бұл шығарылымда Астана қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш, елордалық мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова және Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Сағыныш Сағынтаев төрелік етті.

– Қала негізі таза, халқы да өте ұнады. Дегенмен қоқыс контейнерлерінің жаңартылған түрлерін көрмедік. Жақсы технологиямен жасалған қоқыс өңдеу және коммуналдық қызметтерді атқаратын нысандарды көрмедім. Қаланың абаттандыруы жасалып жатыр, әдемі саябақтар көрсетілді. Бірақ, көгалдандыру мәселесі ақсап тұр. Халықтың қауіпсіздігі үшін жарықтандыру мен бейнебақылауды қолға алу керек. Қаланың ескірген үйлерін, көшелерін, аулаларын, аялдамаларын жаңғыртып, жаяу жүргінші жолдарын салу керек, - деді Г. Әбіш.

Фото: Jibek Joly

Мәслихат депутаты М. Әжікенова «Шаңырақ» ұйымындағы 500-ге жуық еріктінің күн сайын қаланы тазартып жүргенін ерекше атап өтті.

– Қаланың екінші ерекшелігі – әрине трамвай, бұл көлік халықтың сұранысына ие болып отыр. Қырық жылдық пальмалар, тропикалық өсімдіктер де көңілден шықты. Ал Бейбітшілік көшесіндегі батпақ қауіпсіздік мәселесін тудырады, - деді депутат.

Эколог С. Сағынтаев Теміртаудың тазалығын өзге моноқалаларға үлгі етті.

– Қала халқының мәдениті қатты ұнады. Әкімдікке қарамай, абаттандырып, кішігірім саябақтар жасап, өз аумақтарын көркейтіп жүр. Журналист маман 10 минут бойы көшені аралап, қоқыс тапқан жоқ, бұл да мақтанарлық көрсеткіш. Менің ойымша, Теміртау қаласы Қазақстандағы моноқалаларға үлгі бола алады, - деді С. Сағынтаев.

Фото: Jibek Joly

Жалпы есепте Теміртау 22 ұпай алып, Хромтау қаласымен теңесті және екінші орынға тұрақтады. Тізім басында Астана (28), үшінші орында Лисаков (21), төртінші орында Рудный (20), бесінші орында Ақсай (18) қалалары тұр. Сондай-ақ 16 ұпай алған Степногорск және Жітіқара қалалары алтыншы орында тұр. Жетінші орында – 14 ұпайымен Құлсары және ең төменгі орында 10 ұпай алған Жаңаөзен қаласы тұр. 

Еске сала кетсек, «Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.

Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Тележоба аптасына 2 рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30–да көрермен назарына ұсынылды.