«Таза қала» Жаңаөзенде: Мұнайға бай қала қоқыстан арылмай тұр
ЖАҢАӨЗЕН. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы Маңғыстау облысындағы Жаңаөзенге табан тіреді. Қазақстандағы ірі мұнай компанияларының бірі осы қалада орналасқан. Қара жерден байлық алатын, тұтас ел дамуына елеулі үлес қосып жатқан қаланың шынайы бет-бейнесі қандай – жазбаша репортаждан оқыңыз.
Бағдарлама барысында жүргізушілер екіге бөлініп, қаланың тазалығына қатысты ақпаратты зерттейді. Бірі жақсы, енді бірі жағымсыз тұстарын анықтайды және бар мағлұматты жинап, сарапшыларға тапсырады. Мамандар шешімді 5 критерийге сүйене отырып шығарады. Әрқайсысы 10 балдық жүйемен бағалайды.
Мұнай компаниясы жыл сайын 750 миллион теңге бөледі
Жаңаөзен – Маңғыстау облысындағы мұнай-газ саласына маманданған қала. Қойнауындағы байлығы ертеректе еуропалықтарды қызықтырған деген дерек те бар. Кейінгі жылдары шағын шаһарда инфрақұрылым дамып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді. Оған қаланың негізгі кәсіпорны да үлес қосып отыр. «Өзенмұнайгаз» АҚ әлеуметтік саясат департаментінің директоры Мұхамбетберді Суитовтың айтуынша, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына жыл сайын тұрақты түрде 750 миллион теңге бөлінеді.
– Біз Неке сарайы, Мәдениет үйлері, Ардагерлер сарайы сияқты көптеген жобаларды жасадық. Жаңаөзен қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту үшін жыл сайын 750 миллион теңге көлемінде тұрақты қаражат бөліп отырамыз. Сонымен бірге, қосымша жұмыс орындарын ашу, жалақыларды қаржыландыру бойынша атқарып отырған міндеттемелеріміз бар. Биыл жыл соңына дейін «Қазмұнайгаз» ҰК Өзенмұнайгаз» АҚ демеушілігімен Оқушылардың шығармашылық үйі пайдалануға беріледі, – деді М. Суитов.
Оған қоса, Кендірлі жаңалауындағы Токмақ жерінде тәулігіне 50 мың куб су тұщытуға арналған зауыт құрылысы жүріп жатыр. Оны жақын күндері салтанатты түрде ашу жоспарланған.
Қоқыс толған көшелер, жөнделмеген жолдар
Жаңаөзенге аяқ басқан сәттен-ақ көзге түсетіні – көше бойында шашылған қоқыстар. Оған тұрғындардың да еті үйреніп кеткендей, оны жинап жатқан да ешкім жоқ. Қаладағы қоқыс салатын контейнерлер әбден тозған, сыртында пластик пен қағаздар, био-қалдықтар мен әйнектер бөлек салынатыны жазылғанымен, аузы-мұрнына дейін толған контейнерге сұрыптап лақтыратын мүмкіндік жоқ. Тіпті полигонға арнайы жеткізілуі қажет тұрмыстық техника да бар.
Жаңаөзендегі «Рахат-2» шағынауданын да қолдан жасалған қоқыс полигоны» деуге болады. Адамдар мұндағы бос жатқан аумаққа қоқысын төгіп кетеді. Айналасындағы тастанды ғимараттарда көңіл көтеріп, қоқысын үйіп кеткендер көп. Тұрғындар тиісті мекемеге хабарласып, шағымданғанымен еш нәтиже жоқ. Осылайша тұрғындар кейде бұл қоқысты өртейді, кейде үлкен техника шақырып, өз үйінен алысырақ ығыстырады.
Қаладағы қараусыз қалған жалғыз қоқыс полигонының да жай-күйі мәз емес.
– Бұл еш санитарлық нормаға да, адамның көңіліне де жағымды емес. Полигонды бір ай бұрын қолға алдық, қазір бюджетімізді, техникамызды, штатымызды қалыптастырып жатырмыз. Барлық техника бар, бірақ 7 жыл бойы қолданылмай, қаңтарылып тұрғандықтан, бәрін қайтадан іске қосып, жандандыруымыз керек, – дейді «Таза Жаңаөзен» МКК директоры Бағдат Тұрлыбек.
Шағын шаһардағы ең өзекті мәселенің бірі – жол. Бұл қалада тіпті жаяу жүргіншілер жолағын да сирек кездестіресің. Соңғы үш жылда Жаңаөзен мен қалаға қарасты төрт ауылда 70 шақырым жолға асфальт төселген екен. Ал биыл Теңге және Кендірлі ауылына автокөлік жолдарын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Қазір жоба бойынша 50 мың шаршы метр ой-шұқырларды жамау керек. Осы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, 52 миллион теңгеге келісімшартқа отырып, мердігер мекемемен Жаңаөзен жолдарына жолақ сызықтарды сызу басталып кетті. Өйткені жыл басында қаражат бөлінбей, конкурс жарияланған жоқ, конкурс жеңімпазы маусым айында ғана анықталды. Былтыр 12 мың шаршы метр жол жөнделді, – деп түсіндірді «Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Игісәт Серікбаев.
Сән-салтанатпен келген қоқыс көліктері
Жаңаөзеннің тазалықтан алшақ қала екенін жауапты өкілдер де мойындап отыр. Әр қадам аттаған сайын кездесетін қалдықтар енді жиналмақ.
– Жаңаөзенді таза қала деп айта алмаймын. Себебі осы күнге дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау жеке секторда болды. Бізде санитария бойынша көп мәселе жоқ. Біздегі мәселе – тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау болды. Өздеріңіз көргендей, қаланың іші лас. Соны енді жоспарлы деңгейге, тазалыққа, мәдениетті қалыптастыру мақсатында коммуналды кәсіпорынды сол себеппен құрдық. Сосын тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны қаланың және төрт ауылдың барлық қалдығы бір жерге төгілетін. Ол жақта сенімгерлік басқаруға берілген екі айдың өзінде төрт рет өрт оқиғасы тіркелді. Осы келісімшартты біржақты бұзып, полигонды «Таза Жаңаөзен» кәсіпорнының баласына бердік, – деді «Жаңаөзен қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ басшысы Әділет Сәми.
Айтпақшы, Жаңаөзенде осыған дейін қоқыс жинауға мердігер компания жауапты болған. Жақында ғана «Таза Жаңаөзен» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылып, тазалықты қамтамасыз етуге міндеттеліпті. Тіпті қоқыс жинайтын және жолды сумен тазартатын көліктердің кілтін табыстау рәсімі өткен.
– Мердігерлер жеке табысын ғана ойлайды. Ал бұл жерде мемлекеттік мекеме құрылғандықтан қаланың қоқысы уақытылы жиналатын болады. Жекеменшік болғандықтан мәселе көп. Қаламызда қоқыстар бар, оны жасырмаймыз. Алдағы уақытта жүйелі түрде ұйымдастыратын боламыз. Бұл техникалар 10 күн бұрын келді, тиісті құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүрді. Оған қосымша, биыл 500 қоқыс жәшіктерін алдық, – деп түсіндірді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Бекнұр Бәлиұлы.
Қала қоқысқа толып жатқанда техниканы салтанатты түрде табыстаудың қаншалықты қажеті бар? Жай ғана үнсіз өз міндетін атқарса жеткілікті емес пе? Осы тұста Мемлекет басшысының «Қазір той тойлайтын заман емес» деген сөзі еске түседі.
Жаңаөзенде ағаштың екі түрі ғана өседі
Бағдарлама кадрлары Жаңаөзеннің орталық саябағын да көрсетті. Қаланың жүрегі саналатын басты саябақтың жайы көңіл көншітпейді. Орындықтар ескірген, субұрқақ та жұмыс істемейді. Жалпы Жаңаөзенде көпшілік демалатын орындар көп емес. Арбаттың да сапасы сын көтермейді. Қаланың негізгі кәсіпорны бөлген 750 млн теңге биыл осы мақсатта жұмсалмақ. Ал әзірге тұрғындардың жиі келетін, қанағат тұтатын орны осы.
Жаңаөзенде қоршаусыз балалар алаңы, қауіпті кәріз құдықтары да жиі кездеседі. Қабырғадағы жазу-сызулардың өзі бөлек әңгіме. Ал қала әкімдігі түсірілім тобы үшін барынша дайындалған сияқты.
– Алаң жақты кеше тазалады, жасыл кеудеше киген адамдарды көрдік. Ал бүгін жасы менен үлкен зейнеткерлер ағаш суарып жүр. Олар тіпті алғашында ағаш суара алмады, бәрін басынан бастап үйретті. Қаланы лас деп айта аламын. Ал мәдениет ешқашан болмаған, болмайды да, – дейді қала тұрғыны Лейла Стрегунова.
Жаңөзенде қазір 20 мыңнан аса ағаш бар, олар орталық жолдың екі қапталында тұр. Өткен жылы қалада 3800 түп ағаш егілсе, биыл 4200 түп отырғызу жоспарда тұр. Климатқа байланысты қалада қаратал мен теректен басқа ағаштың өсуі қиын. Ал жергілікті «Жасыл жебе» клубының экобелсенділері қала тазалығы үшін үнемі сенбілікке шығады.
– Әрбір мерекелік концерттен кейін, қоғамдық іс-шаралардың ертесіне сенбілік өткізіп тұрамыз. Соңғы шарамыз «Тазалық пикнигінде» 80 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл тек қана біздің жұмысымыз емес, қаламыздағы барлық тазалыққа қызығушы азаматтардың бірлесе атқарған еңбегі, – дейді «Жасыл жебе» экобелсенділер клубының жетекшісі Сәбит Қаржаубайұлы.
Ауыз су қалай тұщытылады
«Таза қала» бағдарламасының жүргізушілері жаңаөзендіктер күнделікті тұтынатын ауыз суды тазарту процесін көрсетті. Еділ өзенінен тартылған су осында резервуарға жиналады. Лай су сүзілген соң, құрамына түрлі реагенттер, элементтер қосылады, содан кейін дезинфекция жасалады.
Жаңаөзен тұрғындары күзгі-қысқы мезгілде тәулігіне орта есеппен 23-25 мың текше метр, ал жазғы кезеңде 40-42 мың текше метр су тұтынады. Ал «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық мекемесі 2000 жылдан бері халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді.
– Жаңаөзен қаласында жалпы ауызсу мәселесі бар. Мысалы өткен жылы күннің ысуы мамыр айында басталып кетіп, қуаңшылық болды. Халыққа су жетпей, суды кестемен беруге тура келді. Ал биылғы ауа райы өте қолайлы, жауын-шашын жеткілікті жауды. Қазір тәулік бойы суды еш кедергісіз беріп отырмыз, – дейді «Өзенинвест» МКК директоры міндетін атқарушы Шапағат Шарапатдинов.
Ал тұрғындар пайдаланған суы 10 мың текше метрге дейін су қабылдайтын кәріз тазарту имаратына келеді. Мұнда тәулігіне 55-60 мың текше метр су қабылданып, тазаланып жатыр. Әзірге кәріз суы кәдеге жаратылмай, булануға жіберіліп жатыр. Алдағы уақытта бұл суды қаланы жасылдандыру мақсатында қолдану жоспарланған.
Айтпақшы, Жаңаөзенде тұрғындарды үздіксіз жылумен, ыстық сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етудің тиімді әдісі бар. Мұнда орталық жылу қазандығының өз шағын жылу электр орталығы жұмыс істейді.
– Бұрын орталық жылу үшін электр энергиясын сатып алатынбыз. Енді мұндай электр энергиясы жылудың есебінен өндіріледі және арзанға шығады. Жылу турбина арқылы өткенде генератормен айналдырып, электр энергиясын аламыз, – дейді «Өзенжылу» МКК инженер-электригі Балуанияз Абдуллаев.
Апатты үйлер іргетасы үгітіліп тұр
Жаңаөзенде 266 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың басым бөлігі 1963 жылдан 1975 жылға дейін қолданысқа берілген. Олардың бүгінгі халі тіпті аянышты. Бірінің іргетасы сөгілуге шақ тұрса, енді бірі кез келген күні опырылып кетуі мүмкін. Өткен ғасырда бой көтерген үйлерде еден опырылған сәттер де болыпты.
Тағы бір тұрғын бұл үйге 2018 жылы көшкен. Айтуынша, әкімдік апатты үйден тағы бір апатты үйге әкелген. Енді баспананы сатып алу керек екенін айтыпты. Бірақ қалада ресми 16 үй ғана апатты деп танылған. Қираудың алдында тұрған нысандар бұл тізімге қашан енері белгісіз. Ал көпқабатты үйлердің подъезі тіпті адам шошырлық, тұрғындар ойылған еденде жүруге мәжбүр.
Тұрғындардың мұң-мұқтажын жеткізу үшін бағдарлама жүргізушілері Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысын шақырды.
– Қазіргі таңда дәл осы екі үйде техникалық зерттеу жұмыстарын жүргіздік, оның қорытындысы келесі аптада шығады. Тұрғындардың хабары бар, біз сәуір айында 20 үйге техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияладық. Апатты боп танылған соң тұрғын үйлер сатып алуға, жалдамалы пәтерлерге бюджеттік өтінім беріледі. Бұл Жаңаөзен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің жұмысы, біз тек қорытынды шығарып, сол мекемеге ұсыныс береміз, – деп түсіндірді «Жаңаөзен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысы Ерлан Сарбаев.
Жаңаөзен әкімі не дейді
Жаңаөзеннің жағдайымен танысқан соң «Таза қала» түсірілім тобы қала әкімі Жансейіт Қайнарбаевпен сұхбаттасты.
– Балдық рейтинг бойынша қаланы 70-80 пайыз таза деп айта аламын. Оған бірнеше себебіміз бар. Кезіндегі жекешелендіруге дайын еместігімізді Үкіметке дәлелдедік. Осылайша тұрмыстық қалдық таситын полигонды мемлекет меншігіне қайтарып, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынды қайта құрдық. Санитарлық тазалық жасалып жатыр, бізде тек қана қоқыс шығару мәселесі бар. Қазіргі таңда 8 техника келді. Ал жалпы Жаңаөзен қаласын толық қамту үшін 30 көлік керек, – деді әкім.
Әкімнің айтуынша, жергілікті тұрғындардың тазалық мекемелеріне қарызы бар. Қала бойынша 362 млн теңге, ауылдар бойынша – 120 млн теңге, жалпы көлемі 480 млн теңге қарыз бар.
Сонымен бірге, осыдан 2-3 жыл бұрын ғарыштық мониторинг жасалып, Жаңаөзенде 38 қоқыс нүктесі анықталған еді. Әкім сол қоқыс орындарының төртеуі ғана қалғанын, сот процесі жүріп жатқанын жеткізді.
Маңғыстау облысының әкімі де көктемде Жаңаөзен әкіміне тазалыққа қатысты қатаң ескерту беріп, туристік орындарға баратын жол қоқысқа толғанын сынаған еді. Өз кезегінде әкім ондағы мәселе қоқыс шығаруға қатысты айтылғанын, контейнерлер сыртын қоршау жұмыстары жүргізілгенін айтып ақталды.
– Мына жолдардың жиегін тегістедік, контейнерлер сыртын қаптадық. Егер пластикпен сұрыптаумен айналысқысы келетін кәсіпкерлер болса, еш кедергі жоқ, орнатуға рұқсат. Осыған дейін сұрыптайтын себеттер практика жүзінде болды, халық пластик қоқысты бөліп салмаған соң кәсіпкерлер кері алып кетті. Қазір 22 контейнер орнында пластик торы орнатылған. Бүл жергілікті бюджеттен емес, қызмет көрсететін компания есебінен жүргізуі керек, – дейді Ж. Қайнарбаев.
Сондай-ақ қала басшысы тұрғындардың көпқабатты үйлердің алдына 1100-ге жуық жанама нысан салып алғанын атап өтті. Бүгінде оның 30 пайызға жуығы қалыпқа келтірілген. Ал 30-ға жуық іс сотта жатыр екен.
Топырақты құнарландырып, ағашты көбейту керек – Сарапшылар
«Таза қала» жүргізушілері Жаңаөзен туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымда Астана қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш, елордалық мәслихат депутаты Асқар Смағұлов және Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Сағыныш Сағынтаев төрелік етті.
– Қала көшелерінің тазалығына 0 ұпай бердім. Жергілікті мемлекеттік қызмет жасайтын мекемеге жаңа техника алып жатқандықтан 2 ұпай қойдым. Халық мәдениетіне – 1, абаттандыруға – 0, қала эстетикасына – 0 ұпай берілді. Қала ішінде қоқыс көп екен, полигонның хәлі нашар, абаттандыру шамалы, ал көгалдану мүлдем жоқ, – деді Астана қалалық мәслихатының депутаты Асқар Смағұлов.
Ал елорда құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Г. Әбіш қалада қоқыс көп болғанымен тұрғындарының тазалыққа ұмтылғаны ұнағанын атап өтті.
– Тұрғындар қаланың таза болғанын қалайды. Мұнда коммуналдық қызметті жаңартып, заманауи технологиялармен жұмыс жүйесін жолға қою керек. Қалада саябақтар, жастардың баратын жері жоқ. Жастар да демалыс орны болмағандықтан басқа жаққа кететіндерін айтты. Қала эстетикасына 0 ұпай қойдым, қалаға жаңарту процестері керек деп ойлаймын. Ескі апатты үйлер көп екен, сол үйлердің орнына заманауи үйлерді салу керек. Аулаларды жаңартып, кішігірім архитектуралық формаларды орнату керек. Сондай бірегей нысандар көбейсе, қала келбеті көркейеді деп ойлаймын, – деді сарапшы.
Өз кезегінде С. Сағынтаев Жаңаөзен мұнайға бай өлкеде орналасса да жағдайы мәз еместігін айтты.
– Әрине жергілікті атқарушы орган жұмыс істеп жатыр, полионды өз қарамағына алып, мемлекеттік кәсіпорын құрған. Бірақ бұл жұмыстар әлі жеткіліксіз. Негізгі жұмысты қалдықты сұрыптау және қайта өңдеу бағытында жүргізу керек деп ойлаймын. Себебі қоқыс тек полигонда жатқан жоқ, нағыз қоқыс полигоны – қаланың өзі болып отыр. Ауыз су тұщыту, кәріз суын тазалау жұмыстарын көрдік, бірақ оларды әлі де жақсарту керек. Жасыл желектің аздығы қатты байқалды. Топырағы нашар болғандықтан, ағаштың тек екі түрін отырғызатыны айтылды. Сондықтан жергілікті орган топырақты ғылыми тұрғыда зерттеп, құнарландыруы керек. Бұған облыс әкімдігінің, қала әкімдігінің күші де, қаражаты да жетеді. Қаланың ішінде, көшелерінде қоқыс өте көп. Мұны халықтың өзі мойындады. Бірақ қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Сондықтан қала халқына әлі де экологиялық мәдениетті жақсарту керек, – деді ол.
Жалпы есепте Жаңаөзен қаласы 10 ұпай алып, қалалар рейтингінде ең төменгі орынға тұрақтады. Тізім басында Астана (28), екінші орында Хромтау (22), үшінші орында Лисаков (21), төртінші орында Рудный (20), бесінші орында Ақсай (18) қалалары тұр. Сондай-ақ 16 ұпай алған Степногорск және Жітіқара қалалары алтыншы орында тұр. Жетінші орында – 14 ұпайымен Құлсары қаласы тұр.
Еске сала кетсек, «Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.
Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Тележоба аптасына 2 рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30–да көрермен назарына ұсынылды.
Жалпы Маңғыстауда жыл басынан бері 10 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған.