«Таза қала» және Лисаков: Қоқыс контейнері жоқ қаланың тіршілігі
РУДНЫЙ. KAZINFORM – «Таза қала» тележобасы Қостанай облысындағы кезекті өндірістік қала – Лисаковқа жетті. Бокситке бай, өндірісі озық қаланың тазалығы жөнінде Kazinform агенттігінің фоторепортажын оқыңыз.
Бағдарлама барысында жүргізушілер екіге бөлініп, қаланың тазалығына қатысты ақпаратты зерттейді. Бірі жақсы, енді бірі жағымсыз тұстарын анықтайды және бар мағлұматты жинап, сарапшыларға тапсырады. Мамандар шешімді 5 критерийге сүйене отырып шығарады. Әрқайсысы 10 балдық жүйемен бағалайды.
Қоғамдық көлігі жоқ қалаға жылы аялдамалар берілмек
Лисаков – Қостанай облысындағы шағын, бірақ өндірісімен танылған қала. 1971 жылы Лисаков тау-кен байыту комбинатының базасында құрылған. Тобыл өзенінің жағасында орналасқан бұл шаһардың табиғаты тыныш, өмір ырғағы баяу. Ал қала құраушы кәсіпорындардың бірі – «Краснооктябрь» боксит кен басқармасы. Бұл тек Қазақстанда емес, ТМД бойынша ең көп боксит шығаратын зауыт. Шикізат Павлодарға жөнелтіледі және онда аллюминий жасалады.
Кәсіпорын қаланың дамуын да назардан тыс қалдырмайды. «Краснооктябрь» боксит кен басқармасы Лисаковтың әлеуметтік және экономикалық дамуына негіз болып отыр. Кәсіпорын ERG тобының «Туған қала» жобасы аясында кейінгі үш жылда 10 жоба жүзеге асырыпты. Осылайша, Октябрьский ауылының тұрғындары айналаны көгалдандыру мен абаттандыруға қатысты идеяларына қолдау тапқан.
− Ал биыл мұндай мүмкіндік Лисаковқа да туып отыр. Бюджеті – 60 миллион теңге. Биыл Лисаков қаласында алғаш рет 6 жоба жүзеге асады. Октябрьский ауылында 5, мұнда – 6 жоба. Әртүрлі сипаттағы жобалар бар. Біріншіден аялдама павильонын қайта жөндеуден өткіземіз, жай аялдама емес, жылытылған аялдама жасаймыз. Оған қоса, көлік тұрағы мен бірнеше балалар алаңы салынады, − деді «ҚБРУ» ҚА» АҚ мәдениет және кадрлар жөніндегі директоры Серік Акушев бағдарламаға берген сұхбатында.
Алайда, Лисаковтағы парадокс – қоғамдық көліктердің жүрмейтінінде. Халық көбіне такси қызметіне жүгінуге немесе жаяу жүруге мәжбүр. Зейнеткерлер көп тұратын шаһарға жылы аялдамадан бұрын, ең кемі бір автобус қажет.
Сонымен бірге, кәсіпорын мердігер ұйымдармен қалдықтарды кәдеге жарату туралы шарт жасасады, оларды қайта өңдеуге де жібереді, бұл да экологиялық жауапкершілікті сезінудің айқын көрінісі.
− Біз «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы барлық жобаны қолдаймыз. Көктем келе салысымен, жиі сенбіліктер ұйымдастырамыз. Бір рет қана емес, барлық аймағымызда өткіземіз. Бізге белгілі бір аумақтар тіркелген. Одан бөлек, әкімдіктің, Октябрьский ауылы әкімдігінің өтінішімен қажет кезде техника бөлеміз. Биыл Жеңіс саябағында ағаш кесуге де көмек қолын жібердік. Бізден көшет те сатып алады, − дейді компания өкілі.
Қаңыраған үй төбесіндегі суицид әрекеті
Лисаковта шамамен 35 мың адам тұрады. Кейінгі бес жылда қала халқының саны 13 пайызға азайыпты. Ал қала көшелерінде жүрсең, халықтың тұрмыс-тіршілігінен балалар алаңына дейін кеңестік заманның лебі еседі. Бақытты балалық шақты құлауға шақ қалған әткеншек те бұзбайтын сияқты. Ал қала шырайын қаңырап тұрған көпқабатты тұрғын үйлер бұзады. Осы уақытқа дейін неге бос тұрғаны белгісіз. Әйтсе де айналасында тазалық жұмыстары жүріп тұрады екен.
Бос тұрған нысандардан қашанда қауіп көп. Ол қоқыс алаңына, үй-жайсыз жандардың баспанасына айналуы мүмкін. Бірақ түсірілім тобы тіпті күтпеген жағдайға тап болды. Қала тұрғыны қараусыз қалған ғимараттан секіріп, өзіне қол жұмсағысы келді. Жедел жәрдем қызметінің мамандары тұрғынның осымен екінші рет шатырға шығып алғанын айтуда.
Абырой болғанда, тұрғын аман қалды. Осыдан кейін де бұл ғимарат қараусыз қала бере ме, қала әкімінен сұрап көрді.
− Мына мәселені көтергім келеді. Бізде құрылысы аяқталмаған екі нысан бар. Қала орталығындағы бір нысанды 40 миллион теңгеге сатып алдық. Енді бізде 2-ықшамауданында тағы бір нысан бар. 2-13 мекенжайында. Оның иесі бар, жан-жағын сыпырып, терезесін жауып қояды. Оған қандай да бір бап бойынша айтатын шағым жоқ. Осыған қатысты ережелерді қатаңдатса дұрыс болар еді. Егер әлдекімнің қала орталығында үйі бола тұра, ешқандай шара қолданбаса, абаттандырмаса немесе әлеуметтік нысанға айналдырмаса, оны алып, коммуналдық меншікке өткізу керек, − деп түсіндірді Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев.
55 балалы отбасы сенбіліктен қалмайды
Лисаковта тазалыққа жаны құмар тұрғындар да баршылық. Мәселен бұл қалада 55 бала тәрибелеп отырған Шүкіровтер отбасы тұрады. Мегакөпбалалы отбасы қалада өтетін әрбір сенбілікке белсене қатысады.
− Екі бала асырап аламыз деп барғанбыз, нәтижесінде 55 бала алдық. Бұл қалада тұратынымызға 30 жылға жуық уақыт болды. Сондықтан, әрине, бізге тым болмаса ауламыздың маңы таза болғаны маңызды. Сол үшін осындай күндері шығып, ауланы жинаймыз. Мұнда да аула сыпырушы бар. Бірақ алаларды еңбекке үйрету керек. Балаларды алғанымызға тек қуанамын. Неге соны ертерек жасамадым деп өкінемін. Мен кім болып жұмыс істемедім, енді ғана өзімді тапқандаймын, − қала тұрғыны Рустам Шүкіров.
Лисаков қаласы жоспарлы түрде салынғандықтан, көшелері геометриялық түрде дұрыс. Бір-біріне параллель және перпендикуляр орналасқан. Ал ең үздік ауласы бірден көзге түседі. Ондағы аула сыпырушы да үздіктер қатарынан табылған.
− Біздің аула үнемі таза болып тұрады. Аула сыпырушымыз да жақсы. Есімі Андрей. Оның жұмысына ризамыз. Біз де оған көмектесеміз. Айналаны ластамауға тырысамыз. Бәрін өзіміз жинаймыз. Барлық тұрғын шығып, бірге жинайды. Негізі бір күн жетеді. Қалған уақытта, жаз-күз мезгілінде сол тазалықты сақтаймыз, − дейді қала тұрғыны Лариса Уколова.
Биылдың өзінде Лисаков қаласында 350 мың гүл егіліпті. Енді 100-ден аса адам оны күтіп-баптаумен айналысып жүр. Ал мына ауладағы ғажайыпты тұрғындардың өзі жасаған.
− Бізде мұнда эустома, катарантус, пеларгония, лалагүл, аспалы жақұт гүлі бар. Біздің мақтанышымыз – гортензия биыл бірінші жылы гүлдеді. Жалпы айтқанда қай жерден не табамыз, не ұнайды, бәрін сатып аламыз. Өсінділерін аламыз. Бес қарағай, екі пирамидалық терек, төрт канадалық үйеңкі, шетен отырғыздық. Жалпы осы бұрыш әдемі болғанын қалаймыз, − дейді тұрғын Валентина Дубинина.
Сонымен бірге, Лисаковтың өз «Бәйтерегі» бар. Астанадағыдай биік болмаса да, тұрғындары үшін ыстық әрі ерекше. Моноқала енді «Бәйтерекпен» шектелмейді, алып киіз үй тұрғызуды жоспарлап отыр.
− Осыдан бес жыл бұрын кәсіпкерлермен бірге қала тұрғындары мен қонақтарын қуанту үшін осы композицияны жасадық. Биыл кәсіпкерлермен бір жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл қала орталығында орналасатын, ашық металлдан тұрғызылған киіз үй болмақ. Оның ішінде адамдар демалатын орындықтар орналастырылады, − деді меценат Николай Феленчук.
Қоқыс контейнерін қажет етпейтін қала
Лисаковтың тіршілігі де, тәртібі де қызық. Бұл қаланың тағы бір ерекшелігі – қоқыс контейнерлерінің жоқтығы секілді. Қаладағы арнайы жүк көліктері әр үйдің алдына барып, тұрғындарды күтеді. Ал тұрғындар көлікті күтіп, үйінде сақтаған қоқысын тапсырады. Бұл жүйеге халықтың да еті үйренген. Олар таңертең және кешке қоқысын далаға алып шығады. Тіпті кей тұрғындар «қоқыс контейнерінің қажеті жоқ, иісі шығады» дейді.
− Қалада қоқыс таситын алты көлік бар. Көлік әр үйдің алдында 10-15 минут тұрды. Міне, мына жерде ара-қашықтық шамамен 100 метр, тіпті одан аз. Бұл жерде бізге бір минут та жетеді, − дейді көлік жүргізушісі Владимир Чипиленко.
Дегенмен, көлікті күтпей, қоқысын далаға шығарып тастайтын тұрғындар да бар. Олар қалдықтарды салуға ескі жиһаздарды, қаптарды пайдалана береді. Соңында қоқыс осылай ит-құсқа жем болып жатады. Мәселен мына бір кадрда ескі тоңазытқыш қоқыс жәшігіне айналған.
− Әрине, қоқыс контейнерінің орнатылуын қолдаймын. Бөшкелер болғанда, коммуналды қызметтер содан алып кетер еді. Бұл өте жақсы. Қазір қоқыстарды ит пен мысық шашып тастайды. Пластик бөтелкелерге арналған контейнерлер бар. Жарайды, оған саламыз. Ал қоқысқа әрине, контейнер болғаны дұрыс, − дейді тұрғындар.
Пластикке толы су қоймасы
«Таза қала» командасы әдеттегідей қаладағы қоқыс полигонын түсірмек болды, алайда «өндіріс аумағы» деген желеумен олардың кіруіне рұқсат берілмеді. Әкімдік өкілдерімен сөйлескен соң полигон иесі кешірім сұрап, сұхбат беруге келісті.
− Біріншіден, эмоцияға ерік бергенім үшін кешірім сұраймын. Біз 27 жылдан бері осы полигонның операторымыз. Бізде полигон жұмысын жүргізуші бойынша Президенттен алған екі алтын марапатымыз бар. Полигон мұндай жағдайда болмауы керек. Өкінішке қарай, кейде осындай жағдайлар болады. Бүгін механизатор жеке себептерімен жұмысқа шыққан жоқ. Бүгін өзім де 27 жылда мұндай көріністі бірінші рет көрдім. Бұл мен үшін ұят. Эмоцияға берілгенім де содан болар. Мен абыройым үшін 27 жыл жұмыс істедім, − деп ақталды Қоқыс полигонына жауапты компания басшысы Инна Аман.
Бұл полигонға қоқыстар күніне екі рет жеткізіледі. Олардың шамамен 47 пайызы қайталама шикізатқа айналдыру үшін бөліп алынады. Ал кәдеге жарамайтын қалдықтар крематорда өртеледі.
− Міне, мұнда баламасы жоқ құрылғы тұр. Біз 2004 жылы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып пластик қалдықтарды өңдей бастадық. Полимерлі құм төсеніштері өндіріс желісін 11 жыл бұрын алдық. Ол кезде ешкім жасамаған. 2011 жылы қала алаңына бірінші жасанды шырша өткіздік. 4 метрлік шыршаны пластик бөтелкелерден жасадық, − дейді полигон басшысы.
Лисаков қаласының әкімшілік ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын екі полигон жұмыс істейді. Оның бірі – қала іргесіндегі Октябрьский ауылында. Бірақ ондағы картина тіпті аянышты. Су қоймасы пластикке толған. Дәл осы орын шұғыл түрде тазартылмаса, экологиялық апатқа айналуы мүмкін.
− Жақында жаңа қоқыс полигоны салынады. Ол шілденің соңынан бастап қалдықтарды қабылдай бастайды. Ал мына полигонда енді қоқыс қабылдамаймыз. Жабылуға, жер құнарлығын қайтаруға дайындалып жүрміз. Қазіргі уақытта ол жақта әлі қалдықтарды қабылдап жатырмыз. Онда 6 жыл жұмыс істеген сұрыптау желісін жаңа полигонға әкелдік. Органикалық және тамақ қалдықтарын негізгі массадан бөлу үшін сұрыптау желісіне барабан-сепаратор қостық, − деді жуапты компания өкілі Рафаэль Абдухакимов.
Су қоймасының тазаланбау себебі де бар екен.
− Мұның бәрін металл себеттердің, тордың көмегімен қолмен жинауға тырыстық. Бірақ судың залалдығы сонша, адамдардың қолына бөртпе шығып кетті. Содан бұл жұмыстан бас тарттық, − деп түсіндірді Рафаэль Абдухакимов.
Қала әкімі Абай Ибраев 1,5 гектар аумағы бар бұл полигонды жабу мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді.
− Екінші қалалық полигон 26 гектарды құрайды. Ол әлі толған жоқ, кем дегенде 30 жыл қоқыс қабылдай алады. Қазір оны коммуналдық меншікке айналдыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Ол біздің басқаруымызда болуы керек. Өйткені қалдықтарды жинауға қатысты маған ұнамайтын бірнеше себеп бар, − дейді әкім.
Сарапшылар пікірі
«Таза қала» жүргізушілері Астана туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымды Астана қалалық Урбанистика орталығының басшысы Данияр Шындалиев, Астана мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова және «Жасыл ел» жобасы басшысының орынбасары Асылбек Әбдірашитов бағамдап көрді.
− Бұл жерде «Таза Қазақстан» акциясы аясында жасалған жұмыстар орта деңгейде деуге болады. Ең маңызды ескеретін жайттардың бірі – қала халқының мәдениеті жоғары, ал қалған критерийлер үдеден шықпады. Қала көшелеріндегі тәртіп пен тазалық та орта деңгейде, коммуналдық қызметтер жүйесі нашарлау. Қоқыстардың тек арнайы уақыттарға жиналуы алдағы уақыттарда, әсіресе қыс мезігілінде тұрғындарға қолайсыздық тудыруы мүмкін, − деді «Жасыл ел» жобасы басшысының орынбасары Асылбек Әбдірашитов және 7 ұпай берді.
Ал Астана мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова қалаға 8 ұпай берді.
Расын айтқанда, кішігірім қала үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Коммуналдық қызметкерлер өз жұмыстарымен бөлісіп жатыр. Кемшіліктерін де байқадық, жылы аялдамалар ұсынылған, бірақ қоғамдық көлік жүрмейді. Алайда тұрғындар өз ауласын өздері тазалап жүр, бұл жақсы көрсеткіш, − дейді депутат.
Астаналық Урбанистика орталығының басшысы Данияр Шындалиев те Лисаковты 7 ұпаймен бағалады.
− Лисаков бойынша ең көп ұпайды қала халқының мәдениетіне бердім. Өйткені қала азаматтары абаттандыруды өз қолына алып, өздері еңбек етіп жүр. Ең төмен баға – жергілікті коммуналды қызмет жүйесіне берілді, өйткені қаланы абаттандыруға жақсы әлеует бар, үлкен ағаштар бар, орталық жаяу жүргіншілер бульвары бар екен. Сол жерді абаттандырса, әдемі орын шығады деп ойлаймын, − деді А. Әбдірашитов.
Жалпы есепте Рудный қаласы 21 ұпаймен қалалар тізімінде үшінші орында тұр. Әзірге ең жоғары ұпай Астана қаласында (28 ұпай), одан кейін Рудный (24 ұпай) және төртінші орында Степногорск қаласы (18 ұпай) тұр.
Бұған дейін «Таза қала» жобасының жаңа маусымы Астана қаласынан басталған еді.
Оған қоса, түсірілім тобы Ақмола облысындағы маңызды өндірістік және әлеуметтік-экономикалық орталықтардың бірі Степногорск қаласының да тазалығы мен эстетикасын көрсетті.
Сондай-ақ, «Таза қала» Қостанай облысындағы өнеркәсіптік орталықтардың бірі Рудныйдан шығарылым ұсынды.
Еске сала кетсек, Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.
Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Тележоба аптасына 2 рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30-да көрермен назарына ұсынылды.