«Таза қала» жобасы Ақсайда: Өндірістік қаланың тазалығы қай деңгейде

Фото: Видеодан скрин

АҚСАЙ. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасының бұл шығарылымы Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласына арналды. Түсірілім тобы қала көшелерін аралап, қоқыс сұрыптау жүйесінің жұмысымен танысты, көгалдандыру жұмыстарын бағамдап, тұрғындар пікірін тыңдады. Өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, бағамдап қайтты.

Қала келбеті

Ақсай — ел экономикасына үлес қосып отырған мұнай-газ кен орындарына жақын орналасқан өндірістік қала. Қала іргесі Орал-Елек теміржолының салынуына байланысты 1936 жылы қаланған. Ол кезде тіпті «Қазақстан» кенті деп аталыпты. Ал қала мәртебесі мен Ақсай атауын 1967 жылы иеленген.

Фото: Видеодан скрин

Қала тынысын ашып тұрған — Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны. Бұл кәсіпорын тек отын өндіріп қана қоймай, мыңдаған адамға жұмыс, өңірге серпін беріп отыр.

— Компания жыл сайын жүйелі түрде жаппай сенбіліктер, жасыл желек отырғызу акцияларын ұйымдастырады. Биыл әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырған компания Ақсай қаласының «Жастар» стадионын және қала орталығында орналасқан «Наурыз» демалыс саябағын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарды биыл бастап, 2026 жылы аяқтаймыз, — деді «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» әлеуметтік жобалар бөлімі құрылыстағы учаскелер бастығы Ержан Әубәкіров телеарнаға берген сұхбатында.

Ақсай қаласы күздің қамын жасап, жылу маусымына дайындалып жатыр. Өткен жылы шаһардағы ең ірі үш ықшамауданда ыстық және салқын су құбырлары қайта жаңғыртылған.

Фото: Видеодан скрин

Қалада көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына да баса мән берілген. Бүгінде 10-нан аса саябақ пен гүлзар, 21 балалар алаңы бар. Ал биыл 4 ауланы абаттандыру, 7 балалар алаңын және 8 гүлзар салу жоспарланып отыр.

Фото: Видеодан скрин

Қала тазалығына кім жауапты

Қалада тазалық мәдениеті қалыптасып келе жатқаны сезіледі, бірақ түйіні тарқатылмаған түйткілдер де жоқ емес. «Таза қала» жобасы Ақсайдағы атқарылған жұмыстарға және болашақтағы мүмкіндіктерге объективті баға беруге тырысты.

Фото: Видеодан скрин

Қала орталығы әдемі көрінгенімен, ашық тұрған кәріз құдықтары, қабырғадағы вандализм, күтімсіз қалған жолдар жетерлік.

Фото: Видеодан скрин

Қала көшелерінде қаңғыған иттер көп кездеседі.

Фото: Видеодан скрин

Ал 1-ықшамауданның маңы үйсіз жандардың мекеніне, тұрғындардың қоқыс лақтыратын орнына айналған. Тұрғындардың айтуынша, қалада спортпен шұғылдануға арналған орын аз.

Фото: Видеодан скрин

Әсіресе қала орталығындағы шөп басқан аумақ пен қоқыс толған арықтардың жай-күйі жүргізушілер назарын аударды. Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндықов оған мердігер ұйымдар жауапты екенін айтты.

Фото: Видеодан скрин

— Аудандық тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық мекемесінің мердігерлері қыс бойы қардан тазалау, қар шығару жұмыстарын жүргізеді, көктемгі су тасқыны кезінде арықтарды тазалайды. Жазда жоспарлы жөндеу, шөп шабу, қураған ағаштарды кесу жұмыстарын атқаруы қажет. Шыны керек, кей жерде тұрғындар арықты қоқыспен толтырып тастайды. Бұл арықтар көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суын ағызу үшін керек, — деп түсіндірді әкім.

Үш жыл тегін қоқыс жинаған зейнеткер

Ақсайда 83 жастағы Михаил Цупрев қоқыс жинаумен айналысып, тұрғындарға үлгі болып жүр. Ол осылай нәпақа да табады екен.

Фото: Видеодан скрин

— Мұның бәрін тендер жеңіп алғандар істеуі керек. Ал олар ештеңе істемейді. Өзім бұрынғы әскери қызметкермін, 13 жылдай қоқыс жинаумен айналысамын. Қазір жақсы ақша табамын, 89 мың теңге төлейді. Үш жылдай тегін жұмыс істедім. Бір барғанда 15 мың теңге берді. Кейін тағы бір рет қалтасынан 10 мың теңге шығарып берген еді. Ал қазір жақсы ақша төлейді, — деп сұхбат берді М. Цупрев.

Жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер де қаланың гүлденуіне үлес қосып келеді. Кәсіпкер Елена Красноштанова бәрі бір құмыра гүл егуден басталғанын айтады.

— Кейіннен олардың қатары арта берді. Жыл сайын тәжірибе де жинала түсті. Балалар да көмектесті. Ең қуантатыны, балалар қазір бұл гүлдерді сындырмай, керісінше сақтау мен қорғау керек екенін түсінеді. Бұл көңілге жылу сыйлайды. Солай жыл сайын тәжірибе артып, біздің өңірге сәйкес келетін сұрыптарды таңдай бастадық. Міне, көріп тұрғандарыңыздай, бір топ көмекшім бар. Көмекшілер — біздің клиенттеріміз. Өйткені біздің дүкенде ойыншық пен азық-түлік сатылады, — дейді кәсіпкер.

Фото: Видеодан скрин

Ал «Ақсайдың ең үздік ауласы» атанған мекенжайда гүлмен көмкерілген арт нысандар әр тұрғынның талғамын танытып тұрғандай.

— Мұнда балалар алаңында бәрі жеткілікті. Зейнеткерлерге сәкілер бар. Біз ауқымды жұмыстарды жүргізе бастағанда тұрғындар да қатарымызға қосылды. Мәселен, жаңа бір тұрғын келсе, олар бірден ережені түсіндіріп, қоқыс тастамау керек екенін айтады. Бізде тазалық қызметкерлері бар. Олар күнде жуып-тазалайды. Әрқайсысының өз подъезі бар. Біз ПИК оларға хлор, қолғап, барлық құрал-жабдық береміз, екі айдан кейін толық тазалау жұмысы жүргізіледі. Бізде журнал бар. Тұрғындар оған қол қояды. Сондықтан бізде тек аулаларда емес, подъездерде де таза. Біздің ПИК ертегі арбасын орнатты. Әрине, бұл идеяны әрі қарай дамытқым келеді. Ақ тұлпар орнатсақ деймін, — деді «Ең үздік ауланың» ПИК төрайымы Эльмира Утешева.

Сонымен бірге, түсірілім тобы Ақсай тұрғындарының тазалық мәдениетіне қатысты шағын эксперимент жасады. Олар орталықтағы көшелердің біріне қоқыс тастап, кімнің ескерту жасайтынын тексеріп көрді. «Қоқысыңды ал» деп айтқан адам сол бойы табылмады. Бірақ бірен-сараны қоқысты өзі алып, жәшікке тастамақ болды.

ПИК төңірегіндегі дау

Ақсайда 156 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 76 үйді пәтер иелері кооперативі басқарып отыр. Ал 10-ықшамаудандағы 15-үй тұрғындарының бұл тұрғыда айтары көп.

— Бес жылдан бері бұл үйде ештеңе жасалмайды. Балалар алаңы мен сәкілердің жағдайын өздеріңіз де көріп тұрған шығарсыздар. Сәкілер біршама уақыттан бері ауыстырылған жоқ. Өзім бірнеше рет Тұрғын үй инспекциясына жүгіндім. Арыз жаздым, бәрін Egov порталына тіркедік. Өкінішке қарай, нәтиже жоқ, — деп шағымданды тұрғындар.

Тұрғындардың сөзінше, қазір аулада бір жұмысшы қоқыс жинайды. Ал санитарлық техник, электрші атымен жоқ. Ең қызығы, ПИК басшысы тұрғындардың қоңырауына жауап бермейді, тіпті нөмірлерін бұғаттап тастаған. Ал түсірілім тобын заңгермен бірге күтіп алды. Кіре сала, тұрғындар өзекті мәселелерді жеткізіп, соңы жанжалға ұласуға шақ қалды. Ал Юрий мырзаның айтуынша, тұрғындардың ПИК-ке берешегі бар.

Фото: Видеодан скрин

— Міне, қарыз. Осыны толық өтесеңіздер, келесі күні үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Егер тұрғын үйде апатты жағдай болса, миллиондаған қарызы болса да, біз жасап береміз. Ал өз пәтерінде батареядан су ақса, олар санитарлық техник шақыруы керек. Мүмкіндігінше мен де жібере аламын. Бірақ ол ақылы. Балалар алаңына бояу беремін, сенбілікке шығып, өздеріңіз бояңыздар. ПИК бояуға емес, аумақта тазалау жұмыстарын жүргізіп, оның тұтастығын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл біріншіден. Екіншіден, балалар алаңы ПИК құзіретіне кірмейді, — деді пәтер иелері кооперативінің басшысы Юрий Леонтевич.

Фото: Видеодан скрин

Бүгінде төрт үйге қызмет көрсететін ПИК жұмысшы да жалдай алмай отырмыз дейді. Себебі төлейтін қаражат жоқ. Түйткілді мәселенің түйінін шешу үшін қала әкімінің орынбасары шақырылды.

— Мұндай мәселе жиі байқалады. Тек қана мына үйде емес, жиі кездеседі. ПИК үшін ақша төлейтіндер де бар, төлемейтіндер де бар. Бірақ төлемейтіндерді ПИК сотқа беріп, сот арқылы төлетеді. Мәселе жылдам шешіліп жатқан жоқ, бірақ кезең-кезеңімен шешіліп келеді, — деді Ақсай қаласы әкімінің орынбасары Бекболат Кубаев.

ПИК басшысы сотқа емес, нотариусқа жүгіну керегін, бұл ұсақ жұмысты ешқандай нотариус істегісі келмейтінін айтты.

Ал тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының айтуынша, Ақсай тұрғындары пәтер иелері кооперативіне 50 млн теңгедей қарыз.

Фото: Видеодан скрин

— Егер барлық қарыз төленіп, КСК жұмыс істемей жатыр десе, мәселе басқа. Біз кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, тексеру ұйымдастырып, нұсқаулық берер едік. Жақында бүкіл қарыз сомасын анықтап, нотариустармен жиналыс жасауды жоспарлап отырмыз, — деді Бөрілі ауданы Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Азамат Есболатов.

Қалдықтарды сұрыптау, полигонның жай-күйі

Ақсайда қоқыстарды қайта сұрыптау орталығы жұмыс істейді, яғни, тұрмыстық қалдықтар тек тасталмайды, қайта өңделеді.

Фото: Видеодан скрин

— Біз келген қалдықтар арасынан кәдеге жарайтын картон, пластик, алюминий, пленкаларды сұрыптап, пресстеп, оны өңдейтін зауыттарға жібереміз. Қазіргі уақытта олардың бағасы әртүрлі, бізге айтарлықтай пайда әкеледі деп ойламаймыз. Бірақ біздің мақсатымыз — үлкен құрылғылар алып, резиналарды ұсақтау, ағаштан жаңқа жасау. Содан кейінгі үшінші кезең — пеш алу, себебі парогенераторымен қоқыстан электр энергиясын шығаруға болады, — деді қалдықтарды сұрыптау орталығының басшысы Дархан Күзенбаев.

Фото: Видеодан скрин

Қазір қалдықтарды сұрыптау орталығы мен қоқыс полигонының арасында келіссөздер жүріп жатыр. Себебі 1986 жылы құрылған қоқыс полигоны толуға шақ тұр. Мұнда жеткізілетін қоқыс әзірге тек ішінара қолмен сұрыпталады екен.

Фото: Видеодан скрин

— Қоқысты сұрыптауға үлкен қаражат керек. Бізге түскен ақша тек күнделікті жұмыстануға ғана жетеді. Одан артық инвестиция салайын десең, салған ақша ақталмайды. Қолымыздан келгенше заңға сәйкес жұмыс істеуге тырысамыз, резина, құрылыс қалдықтарын қолмен сұрыптауға тырысамыз. Үкіметтен көмек болар деп ойлаймыз. Себебі бұл бір адамның қолынан келе бермейтін жұмыс, — дейді қоқыс полигонына жауапты компания өкілі Телман Бекмағамбетов.

Фото: Видеодан скрин

Ал қала әкімі Арсен Баяндықов жақында қалаға жаңа қоқыс полигоны салынатынын айтты.

— Қазір жаңа экологиялық талаптарға сәйкес, аудандағы тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық бөлімі жаңа полигон орнын белгілеп, сол жерге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Болашақта бұл полигон салынған соң, кәсіпкер немесе инвесторға басқаруға беріліп, сұрыптау жұмыстары қолға алынады, — деді әкім.

Сарапшылар пікірі

«Таза қала» жүргізушілері Ақсай туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.

Фото: Видеодан скрин

Бұл шығарылымда Астана қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш, елордалық мәслихат депутаты Арсланбек Мағзұм және Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Сағыныш Сағынтаев төрелік етті.

— Қала таза деп ойлаймын. Кемшіліктері де бар. Маған ұнамаған тұсы — қаланың қақ ортасындағы шөп басқан аумақ. Шынымен қала орталығында болса, әкімдік кішігірім саябақ ұйымдастыра алар еді. Тұрғындардың экологиялық мәдениеті де бар деп ойлаймын, өйткені үш жыл тегін қоқыс жинаған кейіпкерді көрдік. Тағы бір тұрғын өз бастамасымен гүлдерді өсіріп жүр. Сондықтан жалпы қала тазалығы, мәдениеті бар. Атқарылатын жұмыстар да аз емес, айтылған жоспарлар іске асса, жақсы болар еді, — деді А. Мағзұм.

Фото: Видеодан скрин

Өз кезегінде С. Сағынтаев тазалық бойынша кемшін тұстары бар екенін, бірақ моноқала үшін қаланың санитарлық жағдайы жақсы екенін атап өтті.

— Көзге түскен жағдай — әкімдіктің алдындағы ағаштардың суарылмай, қурап тұрғаны көрініп тұр. Егер әкімдік алдындағы ағаштардың жайы осы болса, басқалары не күйде? Қаланың коммуналдық қызметіне бір ұпай бердім. Негізі қаланың болашағы бар екені көрініп тұр, су жүйесі, жылыту жүйесі жаңартылды. Бірақ өкінішке қарай, қоқыс қолмен сұрыпталып, қалғаны далаға тасталып жатыр. Қаланың халқы жерде жатқан қоқысты көтермеді. Тұрғындар мәдениетін арттыру бағытында істелетін жұмыс көп. Қала халқы жас болғандықтан, балалар алаңқайын көбейту керек, — деді сарапшы.

Астана қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Г. Әбіш Ақсайда инфрақұрылым жетіспеушілігін жою керектігін айтты.

— Ақсай қаласы таза, әйтсе де тәртіп пен тазалық жағын одан да жақсартуға болады. Қоқыстарды өңдеу жұмысын да арттыру керек. Ғимараттар келбетіне келсек, ескі үйлердің қасбетін заманауи материалдармен қаптауға болады. Жалпы Ақсайда жасыл желек көп, саябақтағы абаттандыру да жақсы, бірақ үлкен саябақтарды көрмедік. Адамдар демалатын қоғамдық орындар байқалмады, — деді Гүлдана Әбіш.

Фото: Видеодан скрин

Жалпы есепте Ақсай қаласы 18 ұпай алып, қалалар рейтингінде бесінші орынға тұрақтады. Тізім басында Астана (28), екінші орында Хромтау (22), үшінші орында Лисаков (21), төртінші орында — Рудный (20) қалалары тұр. Әзірге ең төмен 16 ұпай Степногорск және Жітіқара қалаларында.

Еске сала кетсек, «Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.

Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Тележоба аптасына 2 рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30–да көрермен назарына ұсынылды.