«Таза қала» жобасы Астанада: Заңсыз қоқыс полигондары мәселесі қашан шешіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы еліміздің бас қаласынан шығарылым ұсынады. Күн санап көркейіп, жыл санап жаңаратын Астананың мақтан тұтар тұстары мен өзекті мәселелерін іздейтін сәт келді.
Миллионнан астам ағаш егіледі
Астана бірте-бірте жасыл қалаға айналып келеді. Биыл қала аумағына ірі ағаштар мен көпжылдық бұталарды отырғызуға ерекше көңіл бөлінді. Жалпы есебі 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.
Ағаштардың 40 пайызы қала сыртындағы 350 гектарды алып жатқан дендросаябақтан жөнелтіледі. Ағаштар қалаға жетпес бұрын дендросаябақ аумағында ондаған жыл өседі.
«Бұл тұқымнан өсіп шыққан бір жасар емен ағашы Астанаға көшесіне 2044 жылы жетеді деп ойлаймыз. Оған дейін 4 рет орын ауыстырып, қайта егіледі. Адаптация жасалады, тамыр жүйесі дамиды, орын ауыстыруға бейімделеді. Есесіне емен ағаштары Астана тұрғындары мен қонақтарына мыңдаған жылға дейін қызмет етеді», - дейді «Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС бас аграномы Бақтияр Шаймұханбетов.
Сондай-ақ, биыл 170 қоғамдық және аулалық кеңістікті абаттандыру күн тәртібінде тұр. «Таза Қазақстан» бағдарламасы басталғалы «Астана – тазалық пен тәртіп үлгісі» ұранымен биылдың өзінде 500-ге жуық шараны өткізу жоспарда бар дейді жергілікті билік.
Ләйлә Сұлтанқызы вандализм жөнінде
Күндіз-түні дамыл таппай жатқан қаланың проблемалары да жоқ емес. Бүгінгі бағдарламада белгілі тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы «Стоп, вандал!» акциясына қатысып, қаланың сиқын қашырған сұрықсыз жазуларды өз қолымен тазалады.
Қала меншігіне зиян келтіргендердің жазасы да жеңіл емес. Олар 75-600 мың теңге арасында айыппұл төлейді немесе 40 тәулікке дейін қамалуы мүмкін.
«Қаланың дәл орталығында орналасқан ескі Оқушылар сарайының артында камера жоқ, оған қоса қоқысы жиналмайды. Вандализмге көп жағдайда жас жеткіншектер баратыны түсінікті. Мұндайда ата-ана өзі үлгі көрсетуі керек. Ата-ананың айнасы – баласы. Өзіміз қоқысты көріп қалғанда оны ерінбей жәшікке салсақ, соны баламыз да қайталайды. Біреу заңсыз сызып-бояп жатса – ескертіп айту керек. Соны балаң да өзгелерден тазалықты талап ететін болады. Сондықтан кез келген саналы азамат іс-әрекеттерімен үлгі болуы керек деп ойлаймын», - деді Л. Сұлтанқызы.
«Стоп, вандал!» акциясы Елордада 2021 жылдан бастап тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Шара аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау және қала мүлкіне ұқыпты қарау қажеттілігі түсіндіріледі.
Оң жағалау өмір сүруге қолайлырақ – Блогер
Шаһар эстетикасы жөнінде мұрағаттан Астананың жылдар бұрынғы көрінісін ұсынып жүрген Нұрсұлтан Қамзебаев айтып берді. Астана кейіпкеріміздің көз алдында дамыған. Зәулім ғимараттар, әсем саябақтар – қала халқының мақтанышы. Дегенмен, блогер қаланың жаңа аудандары жаяу жүргіншілерге қолайсыз екенін айтуда.
«Астананың сол жағалауында емес, тарихи мәні бар аумақта – қазіргі филармония алдында кездесіп тұрмыз. Қаланың бұл шаршы аумағы ХІХ ғасырдан бері дамып келеді. Мына жерде сауда көшесі болған. Бұл жерде серуендеу халық үшін өте қолайлы. Ал сол жағалауға барсақ ағашы аз, архитектурасы түсініксіз», - деді Н. Қамзебаев.
Спикер сондай түсініксіз архитектура Ш. Қосшығұлұлы көшесінде де байқалатынын айтуда. Өткен он жылдықта бой көтерген бұл аудан блогердің көңілінен шықпайтын көрінеді.
«2010 жылдары қала шетіндегі бос жерге тұрғын үйлерді жаппай сала бастады. Дұрыстап жоспарлау болмады. Жаңа аудан босла да орындықтары қазірден тозып тұр», - дейді блогер.
Дегенмен Астанада құрылыс қарқына жылдан-жылға артып келеді. Жылына бір келетін туристер де бұл шаһарды танымай жатады.
Заңсыз қоқыс полигондары
Қоқыстың тұтас әлемге келтіретін зиянын елестете алмағандықтан жауапсыз әрекетке баруы мүмкін. Ал GPT жасанды интеллектісі проблеманың алдын алмаса Астананың қандай қалаға айналатынын көрсетіп берді. ЖИ салған суреттер көрмесі елорданың Атырау көпірінде ашылды.
Сондай-ақ, Астананың сол жағалауындағы Хусен бен Талал көшесінде астаналықтар заңсыз қоқыс полигонын жасап алған. Қала тұрғындары немесе шағын құрылыс компаниялары құрылыс қоқыстарын әкеліп, осы жерге тастайды. Әкімдік жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Әкімдік үнемі тазарту жұмыстарын жүргізеді, қар түскенше 80 пайызға дейін бұл жерлерді жинап шығамыз. Бірақ көктем шыққанда бұл қоқыстар қайта пайда болады. Аудан әкімдіктері бір жинап шыққан соң, келесі айда қайтадан жаңа қоқыс төгіліп жатады», - деді Қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова.
Жыл басынан бері қала мен оған іргелес аумақ бойынша 205 заңсыз қоқыс полигоны жойылып, 139 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Қоқыс жәшіктері қалдықтардан жасалады
Қаланың қоғамдық орындарындағы орындақтар, қоқыс жәшіктері қайта өңделген қалдықтардан әзірленеді. Жұмыспен толық танысу үшін бағдарлама жүргізушілері «Экомаф» мекемесіне барды.
«Мұндағы сәкі пакеттер мен жәшік қалдықтарынан және құмнан жасалған. Бұл орындықтар мен қоқыс жәшіктері 20-25 жылға дейін бүлінбей тұрады. Біздің мекеме ай сайын 800-ден аса бұйымдарды дайындайды. Ол үшін жыл сайын 200 тонна пластикті қайта өңдейді. Нәтижесінде, сапалы әрі қалдықсыз өнім пайда болады», - дейді шебер Нұрбақыт Елеусінов.
Мекеме өз жұмысының өнімділігін арттыру үшін «Жасыл даму» акционерлі қоғамынан қосымша қаражат алған. Жалпы осыған дейін «Таза қала» бағдарламасында таныстырылған экологиялық жобаларды қолдап жүрген «Жасыл даму» кеңсесі бас қалада орналасқан. Бұл ұйым бизнестің кеңінен қатысуымен қоқыс өңдеу саласының инфрақұрылымдық дамуына жәрдемдесіп, «жасыл» технологияларды енгізуді жүзеге асырады.
«Мекеме ел аумағында қалдықсыз кәсіпті қолға алғысы келген жобаларға қолдау көрсетіп, қаржылай көмегін ұсынуды бастап кетті. Кәсіпкерлерге беретін несие сомасының пайыздық үстемеақысы – 3 пайыз, бұл қарыз 3-15 жылға беріледі. Қазірдің өзінде 232 млрд теңгеден асатын 94 жоба іріктелді. Алдағы үш жылға да жоспар көп», - дейді «Жасыл Даму» АҚ қалдықтарды басқару департаментінің директоры Сәбит Кашқынбаев.
Ғалымдар жаңалығы
Болашақта жасыл энергияны қолжетімді әрі пайдалану мерзімін арттыру үшін Назарбаев университеті қабырғасында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Әлемнің ең үздік 2 пайыз ғалымдарының қатарына кірген Тимур Атабаев күн панелінің тиімдігін арттыру үшін жұмыс істеуде.
«Мұнда бірден 4 функционалға қол жеткіздік, яғни біздің панель ультрафиолет сәулелерін бұғаттайды, панельді тозудан сақтайды және тиімділігін арттырады. Яғни бұл жоба арқылы күн энергиясынан қуат алатын құрылғының өнімділігін 9 пайызға арттыруға болады. Қызып кетуден де сақтап, өзін-өзі тазартады. Бұл үшін жаңа күн панельдерін сатып алудың қажеті жоқ. Қарапайым су сияқты арнайы аппаратпен сеуіп шығу жеткілікті», - дейді ғалым.
Бұл университет қабырғасында экологиялық мәселелерді шешуге бағыталған жалғыз жоба емес. Бақтияр Солтабаев бастаған топтың жобасы ауадағы зиянды заттарды анықтауға бағытталған. Авторлар бұл мәселенің шешімі ретінде ерекше сезімтал материал дайындап жатыр.
«Ауада қазір улы газдар өте көп. Алайда адам көзі оны көріп, бақылауда ұстай алмайды. Бұл сенсор датчикті адам өзімен алып жүрсе, СО2 концентраты жоғарылағанда сенсор оны ескертеді. Сынақ процессі әлі аяқталған жоқ. Өзім Өскеменде туып-өстім, сонда ауаның ластануы өзекті мәселе екенін түсініп, осы бағытта жұмыс істеп келемін», - дейді ғалым Бақтияр Солтабаев.
Сарапшылар бағасы
«Таза қала» жүргізушілері Астана туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымды сәулетші Серік Рүстембеков, экология саласының сарапшысы Елдос Абақанов және «Жасыл даму» АҚ департамент директоры Сәбит Қашқынбаев бағалады.
«Астанаға 6 ұпай бердім. Әрине заңсыз полигондардың пайда болуы ерекше көзге түскен мәселе болды. Бұл жағынан жұмысты күшейту керек. Оны бюджет есебінен ғана тазалау дұрыс емес деп санаймын. Ластаушылар мен заң бұзғандарды ұстап, солардың айыыпұлы есебінен жою керек деп санаймын. Ол үшін әрине анықтау жұмыстаарын күшейту керек. Жалпы қаланың орталығы таза, абаттандыру жұмыстары көңілден шығады», - деді С. Қашқынбаев.
Сарапшылар Астана еліміздің ордасы болғасын, эстетика мен абаттандыру жағынан қалаға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Жалпы Астана таза, өмір сүруге қолайлы қала болып қалыптасып келеді. Қала расымен де білім мен ғылымның, мәдениет пен спорт орталығына айналды. Астананың туристік әлеуеті де жоғары. Сондықтан қала тазалығына ерекше көңіл бөлу керек деп есептеймін», - дейді Е. Абақанов.
Жалпы есепте Астана 25 ұпай алып, қалалардың тазалық рейтингінде Алматы қаласымен тең түсті. Бұл тізімде Алматы (25 ұпай), Қарағанды (22 ұпай), Қызылорда (20 ұпай), Талдықорған (19 ұпай), Шымкент (18 ұпай) қалалары көш бастап тұр.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты. Түсіру тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады.
Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Қонаев, Жезқазған, Қарағанды қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.