«Таза қала» жобасының екінші маусымы басталды: Моноқалаларға басымдық беріледі

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр көпшіліктің көңілінен шыққан «Таза қала» тележобасы екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға баса назар аударып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Сондай-ақ еліміздің үш мегаполисі — Астана, Алматы мен Шымкент назарға ілігеді.

Айта кетейік, Президент Телерадиокешені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын жүзеге асыру мақсатында «Таза қала» ауқымды экологиялық жобасын бастап, бірінші маусымын сәтті аяқтады.

Фото: Видеодан алынған скрин

Түсірілім тобы Қазақстанның облыс орталықтары мен мегаполистерін түгел аралап, қалалардың тазалығы мен көркі туралы әңгімеледі. Жарты жылда журналистер 30 мың шақырым жол жүріп, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын 200-ге тарта кейіпкермен тілдесті.

Фото: Видеодан алынған скрин

«Таза қала» − елдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған репортаж жанрындағы 20 минуттық тележоба. Оны қос жүргізуші жүргізеді, бірі бағдарлама форматына сәйкес қаланың жақсы жақтарын көрсетсе, екіншісі – жағымсыз тұстарын айтады. Шығармашылық топ қалалардағы экологиялық келеңсіздіктерді, тазалық талаптарына сай келмейтін тұстарын сынға алып, жауаптылардан талап етуді және оның нәтижесін көрсетуді көздейді.

Фото: Видеодан алынған скрин

Жоба жүргізушілері әр қалада бірқатар критерий бойынша зерттеу жүргізеді, тазалыққа жауапты мамандармен, қала тұрғындарымен, белсенділермен сұхбат жүргізеді. Аудан орталықтары мен моноқалалардағы көше тазалығына, көгалдандыру, абаттандыру бойынша коммуналдық қызметтердің жұмысына баса мән беріледі. Сондай-ақ, қала тұрғындарының экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігі назарға алынады.

Фото: Видеодан алынған скрин

Ал биыл телевизиялық экожоба екінші маусымын бастады. Жаңа маусымда еліміздегі облыс орталықтары емес, моноқалаларға басымдық беріледі. Осылайша 3 мегаполис, 20 моноқала және 1 қорытынды бағдарлама көрсетілімі жоспарланған. Атап айтқанда, моноқалалар арасында Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жетіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтпаев, Степногорск, Теміртау, Хромтау, Шахтинск, Екібастұз бар.

Фото: Kazinform

Әр шығарылымда тәуелсіз сарапшылар бейнематериалды қарау арқылы пікір білдіріп, әділ бағасын береді. Сараптама нәтижесі 5 талап бойынша 10 балдық жүйемен бағаланады. Жобаның жыл соңындағы соңғы шығарылымында сарапшылардың бағалауы бойынша қалалардың қорытынды ұпайы көрсетіледі.

Тележобаның алғашқы көрсетілімі 7 шілде күні Астана қаласынан бастау алады. Одан кейінгі әр жаңа шығарылым аптасына 2 рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30-да көрермен назарына ұсынылмақ.

Еске сала кетейік «Таза қала» жобасы жақында «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.