«Таза Қазақстан»: 189 мың тонна қоқыс жиналып, 2 млн ағаш отырғызылды

Фото: Ақмола облысы ІСБ

АСТАНА. KAZINFORM — Экологиялық акцияға жалпы саны 2 млн-ға жуық адам қатысты. Толығырақ Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.

— Биыл «Таза Қазақстан» бастамасы аясында елімізде республикалық және халықаралық акцияларды қоса алғанда барлығы 573 іс-шара өтті, — деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.

Іс-шаралардың нәтижесінде: 

— 189 мың тонна қоқыс жиналды;
— 735 мың га аумақ тазартылды;
— 2 млн-нан астам ағаш отырғызылды.

— Экологиялық акцияға жалпы саны 2 млн-ға жуық адам қатысты. Оның ішінде 156 мың волонтер бар. «Таза Қазақстан» бастамасына мемлекеттік органдар ғана емес, қоғамдық ұйымдар да кеңінен қатысып жатыр, — дейді ведомство басшысы.

Оның ішінде: 

— «Ауыл» партиясының «Таза 25 шақырым» акциясы;
— Бизнес өкілдерінің қатысуымен 281 эко-акция өтті;
— ERG компаниялар тобы 3 миллион түп көшет отырғызады;
— Самұрық-Қазына қоры 137 мың көшет отырғызып жатыр;
— «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлін сақтауға 5 млн доллар көлемінде инвестиция салу шешімін қабылдады.

— Мемлекеттік органдар, бизнес пен қоғамдық ұйымдар атсалысып, еліміз бойынша қол жеткізілген ауқымды жетістіктер «Таза Қазақстан» бастамасы жалпыұлттық қозғалысқа айналып жатқанын көрсетіп отыр, — дейді экология министрі.

Бұған дейін Үкімет басшысы қоқыс тастайтын адамдарға жазаны қатаңдатуды тапсырды. 

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» бастамасының орындалу барысы талқыланып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» бастамасының аясында 2024 жылы кешенді шаралар қабылданды. Нәтижесінде 2019-2023 жылдары орта есеппен 62 экологиялық акция өткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 183-ке жетті. Егер өткен 5 жылда акцияларға 2,4 млн адам қатысып, 900 мың тонна қоқыс жиналып, шамамен 2,5 млн жасыл желек отырғызылса, 2024 жылы экологиялық акцияларға 6,2 млн адам қатысып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналды, шамамен 1,6 миллион ағаш егілді.