«Таза Қазақстан» акциясы: «Жасыл аймақ» аумағына мыңға жуық қарағай көшеті отырғызылды

Фото: ҚР Экология министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - 11 қазан 2025 жылы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ақмола облысында орналасқан РМК «Жасыл аймақ» мекемесінің Қызылжар орманшылығы аумағында 1000-ға жуық кәдімгі қарағай көшеті отырғызылды.

ҚР Экология министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, акцияның негізгі мақсаты – еліміздің орман қорын ұлғайту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және азаматтар арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мен жауапкершілікті арттыру.

-Осындай бастамалар халықтың табиғатқа деген құрметі мен қамқорлығын арттыруға ықпал етеді. Бүгін отырғызылған әрбір көшет – болашақ ұрпаққа аманат, ертеңгі жасыл Қазақстанның сенімді негізі. Бұл игі іс-шара елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты.