«Таза Қазақстан»: Алматыда экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін не істеледі

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылады. 

Биыл 28 сәуір күні қалалық мәслихат 2025–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша Алматыдағы іс-қимыл жоспарын бекітті.

Жоспар 2024 жылдың 31 қазанындағы Үкіметтің № 910 қаулысымен бекітілген 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының негізінде әзірленген.

Оны жүзеге асыру Алматы қаласының экология басқармасына жүктелген. Сондықтан Kazinform агенттігі айтылған ведомствоға сауал жолдап, мәслихат бекіткен жоспар бойынша қандай жұмыс атқарылатынын нақтылады.

Басқарма жауабына сәйкес, жоспарды жүзеге асыруға арнайы қаржы қарастырылмаған, жұмыстар ағымдағы жұмыстар аясында атқарылады. Жоспар негізгі 3 бағыттан тұрады. Олар:

1-бағыт. Экологиялық ойлау, оның ішінде экологиялық жауаптылықты ынталандыру шаралары;

2-бағыт. Экологиялық білім беру;

3-бағыт. Экологиялық ағарту және оны ақпараттық жария ету.

— Бұл 3 бағыт бойынша барлығы 45 тармақтан тұратын қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді іс-шаралар қарастырылған. Қысқа мерзімді мақсаттар қатарында экологиялық құқық бұзуды тіркеуге арналған камералар санын көбейту, қоршаған орта жай-күйінің автоматтандырылған мониторингін дамыту, жасыл желектерге түгендеу жүргізу, велосипед көлігін пайдалануға арналған және электромобильдерді электрмен зарядтайтын станцияларға арналған инфрақұрылым жасау; қоғамдық көлікте жол жүруге арналған кэшбэктер төлеу мәселесін пысықтау мақсаттары бар. Ұзақ мерзімді мақсаттар қалған 38 тармақты қамтиды, — делінген Экология басқарма басшысының орынбасары Мадияр Қожекеновтың жауабында.

Одан бөлек ведомство өкілі «Таза Қазақстан» бағдарламасының «Алматы — біздің ортақ үйіміз» жобасы аясында мегаполисте істелген жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, қаладағы мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері арасында пластик қақпақтарды жинау бойынша экоакция ұйымдастырылып, бірнеше миллион пластик қақпақ жиналған. Сонымен қатар Алматыда тоқыма өнімдерін жинау және өңдеу бойынша жаңа экологиялық бастама іске қосылған. 1 айдың ішінде алматылықтар 20 мыңнан астам қажетсіз киімді өткізген.

— Наурыз айынан сәуір айы аралығында «Таза кәсіп — таза аймақ» акциясы, «Таза жағалау» акциясы, мектеп оқушыларымен бірге өткізілген «Болашақты бірге егеміз» ағаш отырғызу акциясы, «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы, түлектер арасында өткен «Түлектердің ағаш егуі» экочеленджі, кәсіпорындарға арналған «Қалаға арналған ағаш» акциясы, «Мерзімі өткен дәріні тапсыр — табиғатты сақта» акциясы, «Мейірімді қақпақша» акциясы, «Жасыл аула» бастамасы, сондай-ақ «Таза аула — таза қала/аудан» байқауы өткізілді. Жеңістің 80 жылдығына орай сенбілік ұйымдастырылды. Оған 50 мың адам қатысып, 10 мың м³ қоқыс жиналды. 439 жасыл көшет отырғызылды, — деді Мадияр Қожекенов.

Қазіргі уақытта Алматыда автокөліктің ауаны ластануына қарсы бағытталған «Таза ауа» акциясы басталды. 19 тұрақты және 3 жылжымалы экобекетте көліктерге бақылау жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Таза Қазақстан» экоакциясының идеологиясы — тазалық пен тәртіпті сақтау екенін айтқан еді.