Таза Қазақстан: Арыстық кәсіпкер өз қаржысына көшені жарықтандырып, 3 мыңнан астам ағаш екті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Арыс қаласындағы А.Байтұрсынов көшесінің тұрғындары «Таза өлке» акциясы аясында өздері тұратын көшені абаттандырып шықты. Игі бастамаға аталған көшенің тұрғыны, жергілікті кәсіпкер Азамат Байбосынов ұйытқы болып отыр.
Кәсіпкер өз қаржысына бойы 2 метрден асатын 120 түп қара тал, 3000 түп бұталы ағаш, 200 түп роза көшеттерін сатып алып, жасыл желекті көршілерімен бірге көше бойларына отырғызып шыққан. Сондай-ақ, әр тұрғын өз үйінің іргесіндегі тал-дарақтарды тұрақты түрде күтіп-баптап келеді. Бұдан бөлек, тұрғын өз қаржысына 12 дана түнгі жарықшам бағандары мен қоқыс жәшіктерін орнатып, жерлестерінің алғысын алды.
«Бұл идея менің бала кезгі арманым болатын. Жарық және таза, үлгілі көшеде тұру үлкен бақыт деп білемін. Мен ынтымағы жарасқан көршілеріме алғысымды айтамын. Биыл қаладағы үлгілі көше атануға қатысу ойымызда бар», – дейді Азамат Байбосынов.