«Таза Қазақстан»: астаналықтардан онлайн-платформаға 3000-нан аса өтінім түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Елорда тұрғындары абаттандыру, көгалдандыру, жолдарды жөндеу мәселелері бойынша өтінімдерді «Таза Қазақстан» онлайн-платформасы арқылы жолдай алады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Әкімдік атап өткендей, қызмет қала тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие.
— Әрбір қала тұрғыны «Таза Қазақстан» платформасында абаттандыруға қатысты өз проблемасын жеткізе алады. Жүйе іске қосылғаннан бері 3158 өтінім түскен, оның 2803-і орындалды, тағы 39-ы — іске асу сатысында, қалғандары — қаралу үстінде, — делінген хабарламада.
Өтінімдерде көтерілген негізгі мәселелер — аумақтарды абаттандыру, жарықтандыру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою.
Барлық ескерту дер кезінде қаралып, тұрғындарға қолайсыздықты азайтуға мүмкіндік береді.
«Таза Қазақстан» порталының басты артықшылығы — тұрғындармен жылдам әрі ашық өзара байланыс орнатуында.
Осыған дейін «Таза Қазақстан – Таза Жезқазған» байқауының үздіктері марапатталғанын жазғанбыз.