«Таза Қазақстан»: Атырауда бір күнде 1 мыңға жуық көшет егілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында 1 мыңға жуық көшет егілді.
Көшет егу акциясы Атырау қаласындағы «Отбасы» саябағында өтті. Оған қатысқандардың дені – мұнай-газ өнеркәсібінің қызметкерлері. Акцияға үлес қосқандардың арасында қала тұрғындары, спортшылар мен студенттер бар.
Атырау облыстық экология департаментінің бас маманы Ақтолқын Қалдыбаеваның пікірінше, қоршаған ортаға жанашырлық танытатын мұндай іс-шараның маңызы зор.
«Өйткені, акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы мақсатта Атырау қаласы мен 7 ауданда көшет егу, қоршаған ортаны тазалау жұмыстары әр сенбі сайын ұйымдастырылып келеді. Ал, табиғатты жасыл желекке бөлеудің бірден-бір жолы – көшеттерді көптеп егу. Біріншіден, бұл экологиялық ахуалды жақсартады. Екіншіден, атмосфералық ауа сапасына да оң ықпал етеді», -дейді Ақтолқын Қалдыбаева.
Еске сала кетелік, бұған дейін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Атырауда бір күнде Жайық жағалауынан 50 тонна қоқыс жиналғанын хабарлаған болатынбыз.
«Инфо центр» қоғамдық бірлестігінің директоры Заманбек Құрақбайдың мәліметінше, осы кезге дейін 13 сенбілік өткізіліп, оған 45 мыңнан астам адам қатысқан. Ал, арнайы полигондарға 1500 тоннадан астам қоқыс шығарылған.