«Таза Қазақстан»: экология, су мен энергетикаға ұқыпты болу тұжырымдамасы қолға алынады
АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты пікір білдірді.
— Қоғамдық эко-мәдениетті жаңғырту маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Біз экологиялық мәдениетті қалыптастыру және су мен энергетикалық ресурстарға ұқыпты қарау жөніндегі бірыңғай тұжырымдаманы жүзеге асырамыз, — деді Аида Балаева елордада өткен ардагерлер кеңесінің пленумында.
Министрдің мәліметінше, республикалық акция аясында 90 мың волонтердің қатысуымен 15 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды.
— Қоғамдық кеңестердің қатысуымен эко-бақылау акциялары өтті. БАҚ-та арнайы ақпараттық науқан жүргізіліп жатыр, — дейді ведомство басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында «Таза Қазақстан» туралы — әр адамның күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет» деген еді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бір жылда 1,6 млн түп ағаш егілді.
Былтыр «Таза Қазақстан» акциясында миллион тоннаға жуық қоқыс шығарылды.