«Таза Қазақстан» кино саласындағы идеологиялық басым тақырыпқа айналды — Балаева
АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру шаралары туралы айтып берді.
Министрдің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы аз уақыт ішінде жалпыұлттық сипат алып, халқымызды ортақ мүддеге біріктірген үлкен идеологиялық платформаға айналды.
— Осы орайда, Президент бастамасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бірінші бағыт — ағартушылық, мәдени және гуманитарлық сипаттағы ұйымдастырушылық шаралар. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарына биыл 35 мыңнан астам жас тартылып отыр. Келер жылдан бастап бұл жасақтар техникалық, аграрлық, құрылыс және педагогикалық бағыттармен толығады, — деді А. Балаева Үкімет отырысында.
Сонымен бірге, азаматтық белсенділердің қатысуымен бірқатар экологиялық акция өтіп келеді. Мысалы, «Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясы, «10 экологиялық әдет» эко-челленджі және «Таза жағалау» эко-марафонын айрықша атап өтуге болады. Бұл акцияларға 12 мыңнан астам белсенді азамат қатысып жүр.
«Таза Қазақстан» идеясын қолдауға бизнес-қоғамдастық та белсене атсалысып келеді. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы экологиялық жауапкершілікті корпоративтік мәдениеттің маңызды бөлігіне айналдырып, еліміз бойынша 300-ден астам түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған 300-ден астам экологиялық іс-шараға 20 мыңнан астам адам қатысып, этносаралық келісім мен өзара құрмет құндылықтарын нығайта түсті. Сондай-ақ «Ассамблея жастары», «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі» сияқты институттар өңірлік деңгейде белсенді жұмыс істеп жатыр.
— Министрлік өткен жылы кино саласындағы идеологиялық басымдықтарды нақтылады. Қазіргі кезде «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» — басты тақырыптардың біріне айналуда. «Таза Қазақстан» идеясы шетелдегі мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар мен фестивальдер, Мәдениет күндері аясында да кеңінен таныстырылып келеді. Телеарналарда «Таза Қазақстан» брендімен сериалдар, деректі фильмдер мен арнайы жобалар қосылады, — деді А. Балаева.
Айта кетейік, Премьер-министр қоқыс тастайтын адамдарға жазаны қатаңдатуды тапсырды.