Министрдің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы аз уақыт ішінде жалпыұлттық сипат алып, халқымызды ортақ мүддеге біріктірген үлкен идеологиялық платформаға айналды.
— Осы орайда, Президент бастамасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бірінші бағыт — ағартушылық, мәдени және гуманитарлық сипаттағы ұйымдастырушылық шаралар. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарына биыл 35 мыңнан астам жас тартылып отыр. Келер жылдан бастап бұл жасақтар техникалық, аграрлық, құрылыс және педагогикалық бағыттармен толығады, — деді А. Балаева Үкімет отырысында.
Сонымен бірге, азаматтық белсенділердің қатысуымен бірқатар экологиялық акция өтіп келеді. Мысалы, «Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясы, «10 экологиялық әдет» эко-челленджі және «Таза жағалау» эко-марафонын айрықша атап өтуге болады. Бұл акцияларға 12 мыңнан астам белсенді азамат қатысып жүр.
«Таза Қазақстан» идеясын қолдауға бизнес-қоғамдастық та белсене атсалысып келеді. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы экологиялық жауапкершілікті корпоративтік мәдениеттің маңызды бөлігіне айналдырып, еліміз бойынша 300-ден астам түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған 300-ден астам экологиялық іс-шараға 20 мыңнан астам адам қатысып, этносаралық келісім мен өзара құрмет құндылықтарын нығайта түсті. Сондай-ақ «Ассамблея жастары», «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі» сияқты институттар өңірлік деңгейде белсенді жұмыс істеп жатыр.
— Министрлік өткен жылы кино саласындағы идеологиялық басымдықтарды нақтылады. Қазіргі кезде «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» — басты тақырыптардың біріне айналуда. «Таза Қазақстан» идеясы шетелдегі мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар мен фестивальдер, Мәдениет күндері аясында да кеңінен таныстырылып келеді. Телеарналарда «Таза Қазақстан» брендімен сериалдар, деректі фильмдер мен арнайы жобалар қосылады, — деді А. Балаева.
Айта кетейік, Премьер-министр қоқыс тастайтын адамдарға жазаны қатаңдатуды тапсырды.