Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бір реттік экологиялық науқан емес, қоғамның жаңа мәдениеті болуы керегін бірнеше рет атап өтті. Бұл ретте әңгіме тек көшелердің тазалығы мен қоқыс жинау туралы емес. Оның ауқымы әлдеқайда кең — адамның өзіне, айналасына, өзгеге, ортақ мүлікке және туған еліне деген құрметінен көрінетін мәдениет туралы.
– Сондықтан бұл бастама қалаларымыз бен ауылдарымыздың келбетін ғана емес, ең алдымен адамның ойлау жүйесі мен мәдениетін өзгертуге тиіс. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, тек 2025 жылдың өзінде «Таза Қазақстан» іс-шараларына шамамен 7 миллион адам қатысты. Алайда сандарға қарасақ, елді тазалауды үйренгенімізбен, оны таза ұстауға әлі толық дағдылана қойған жоқпыз, – дейді депутат.
Экология министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылы қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін шамамен 600 мың адам жауапқа тартылған. Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі – 5,2 млрд теңге.
Бұдан бөлек, ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы елімізде 3 828 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталған.
– Мәселе қазір тек қоқыспен шектелмейді. Біз вандализм, аялдамаларды, қоғамдық көлікті, ескерткіштерді және басқа да мүлікті бүлдіру фактілерін жиі көріп жүрміз. Ал «Таза Қазақстан» — тек айналаның таза болуы емес. Бұл — істің тазалығы, адамға деген құрмет, әділдік, жауапкершілік, немқұрайлылық пен өзгенің еңбегін сыйламауға жол бермеу. Сондықтан бұл мәселе экологиядан әлдеқайда кең. Әңгіме адамның мәдениеті мен күнделікті өмірде басшылыққа алатын қағидалары туралы болып отыр, – деді М. Қасымбаев.
Құрылтай депутаты мәселені тек салдарымен күресу арқылы шешу жеткіліксіз екенін, мұндай әрекеттің алдын алатын мәдениетті бала кезден қалыптастыру қажеттігін айтуда.
– Адамның қоршаған ортаға, өзгелерге және ортақ мүлікке көзқарасы отбасында қалыптасып, балабақша мен мектепте одан әрі орнығады. Бұл ретте тәрбиені кезекті тәрбие сағатына, байқауға немесе сенбілікке ғана тіреп қоюға болмайды. Бала ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп қана қоймауы керек. Адамды құрметтеу, әділдік, жауапкершілік, өзгенің еңбегін бағалау және өз еліне жанашырлық оның ішкі ұстанымына айналуға тиіс, – дейді спикер.
Осыған байланысты Құрылтай депутаты әзірленіп жатқан бірыңғай экологиялық ағарту стандартының аясын кеңейтуді ұсынды. Оның пікірінше, мектепке дейінгі жастан бастап балаға қоршаған ортаны қорғау ғана емес, адамды құрметтеу, өзгенің еңбегін бағалау, әділдік, тәртіп, жауапкершілік және қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау сияқты құндылықтар да үйретілуі керек.
Бұл қағидаттар жекелеген акциялар мен тәрбие сағаттарымен шектелмей, балабақша мен мектептің күнделікті өміріне енуге тиіс.
– «Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстың нәтижесін өткізілген іс-шаралардың немесе жазылған есептердің санымен бағалау да дұрыс емес. Маңыздысы – баланың алған тәрбиесін күнделікті өмірде көрсете алуы. Яғни тазалықты сақтауы, өзгенің еңбегін құрметтеуі, ортақ мүлікке зиян келтірмеуі және өз әрекетіне жауап бере білуі қажет. «Таза Қазақстанның» мақсаты – елді таза ұстау ғана емес, тазалықты, әділдікті, құрмет пен жауапкершілікті адамның ішкі ұстанымына айналдыру, – деп қорытындылады Құрылтай депутаты.
Еске сала кетсек, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы 2024 жылы басталды. Сол жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру бастамасын көтерген еді.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Айжан Ысқакова тазалықтың ұлттық стандартының негізгі көрсеткіштерін қамтитын цифрлық паспорт жасауды ұсынған еді.