Таза Қазақстан: Павлодарда 26 мыңнан астам ағаш егілді

АСТАНА. KAZINFORM - «Таза Қазақстан» акциясына Ертіс-Баян өңірінің халқы белсене қатысты. Әр аптада өткізілген тазалық, экологиялық іс-шаралар аясында елді мекендер абаттандырылды. Акция барысында облыстың елді мекендерінде жалпы саны 26,7 мың көшет егілген.

Фото: Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

Ел үлкендері мен жастар елді мекендерді көгалдандыруға барлық жерлестерін шақыра отырып, алдағы уақытта ағаш егу игі дәстүрге айналса деген ниеттерін жеткізді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, өңірдегі экожүйені жақсарта түсу осындай шағын қадамдардан басталады.

Алғашқы аптада «Берекелі өлке» атауымен коммуналдық қызметтер мен ұйымдар елді мекендердің аумағын тазалады. 510 шақырым көшелер мен тротуарлар ретке келтірілді, 3200-ден астам жол белгілері, 669 аялдама павильондары және 198 бағдаршам нысандары сырланды, жол бойындағы 350 құдықтың қақпағы қалпына келтірілді.

Фото: Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

Бұдан соң «Менің аулам - менің бағым» апталығы бойынша аулаішілік аумақтар ретке келтірілді. 1 340 аула мен балалар ойын алаңдары, 1168 қоқыс контейнері және 2 963 қоқыс алаңы жиналды. 189 ескерткіш ретке келтірілді.

Фото: Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

- Біздің аймақ тұрғындары «Жасыл аймақ» апталығына да белсене қатысты. Облыстың елді мекендерінде 26,7 мың көшет отырғызылды. «Табиғатты қорғау - адамның борышы» апталығында рұқсат етілмеген полигондар мен ластанған учаскелер жойылды. 32,4 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды, - деп атап өтті Kazinform тілшісіне берген сұхбатында өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Әлішер Теміртас.

Экологиялық айлыққа барлығы облыста 107 мыңнан астам тұрғын, 3,2 мың шаруашылық жүргізуші субъекті, кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, ұйымдар, пәтер иелерінің кооперативтері жұмылдырылған. Үй аулаларынан 54,2 мың тонна қоқыс шығарылған. Бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың мердігерлік ұйымдары елді мекендердің санитарлық жағдайын қолдау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.