Таза Қазақстан: Павлодарда жастарға арналған экоклуб ашылды

Фото: «GREENPVL» экоклубы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «GREENPVL» экоклубының мақсаты – жастардың бойында экологиялық мәдениетті арттырып, қоршаған орта деген қамқорлықты қалыптастыру. Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының бір тармағы ретінде өміршең етіліп отыр.

Павлодардағы Достық үйінде жастарға арналған «GREENPVL» экоклубы ашылды. Мұнда қала жастары жиналып, туған өлкесінің экологиясы мен қоршаған ортаны қорғау бойынша мәселелермен танысады. 

Фото: «GREENPVL» экоклубы

— «GREENPVL» экоклубы — «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысында қолға алып отырған жаңа бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының бастамасымен бұған дейін елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізіле бастағаны мәлім. Азаматтардың санасында тазалық сезімін, қоршаған ортаға қамқорлық қасиеттерін ұялату үшін мұндай жобаларды енгізу өте маңызды. Ассамблея жастары клубқа жиналып, оларға экологиялық мәдениетті арттыру бойынша деректі фильмдер көрсетіледі. Соңынан туған өлкеміздің экологиялық тақырыптары талқыланады. Клубқа Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді жастары мүше бола алады», - деп атап өтті клуб ұйымдастырушылары.

Қазіргі уақытта экоклубқа 50 жас азамат мүше болып үлгерді.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында 100 мың ағаш егілді.