ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған республикалық экологиялық акция аясында тәртіп сақшылары абаттандыру ережелері мен қоғамдық тәртіптің сақталуын қатаң бақылауға алды.
— Өңір көшелерінде күн сайын тексерулер жүргізіліп, бейнебақылау камералары мен заманауи мониторинг жүйелері пайдаланылып жатыр. Осы жылдың басынан бері 6 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 4,8 мыңға жуығы аумақтарды абаттандыру ережелерін бұзуға қатысты болса, тағы бір мыңнан астамы жалпы пайдалану орындарын ластауға байланысты, — делінген ақпаратта.
Сонымен қатар облыс аумағында 120-дан астам рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып, әрбір факті бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде заңсыз қоқыс алаңдарын уақытылы тазартпаған әкімдік қызметкерлері жауапқа тартылғаны хабарланған.