«Таза Қазақстан»: Ұлытауда «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өтті

Фото: Ұлытау облсының әкімдігі

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысында «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өтті.

Аталған бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып, өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады. Акцияның мақсаты – мектеп түлектерін қоршаған ортаны қорғауға тарту, табиғатқа жанашырлық көзқарас қалыптастыру және экологиялық жауапкершілікті арттыру.

Фото: Ұлытау облсының әкімдігі

Іс-шараға Ұлытау облысы білім басқармасына қарасты Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты мен №8 гимназияның түлектері белсенді қатысты. Жалпы 102 түлек қатысып, 102 ағаш отырғызды.

Акция барысында оқушылар білім беру ұйымдарының аумақтарында, сондай-ақ Жезқазған қаласының қоғамдық кеңістіктерінде ағаш отырғызып, өңірді көгалдандыруға өз үлестерін қосты.

Фото: Ұлытау облсының әкімдігі

Айта кету керек, республика көлемінде өтіп жатқан «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» аясында өңірде тәрбиелік және экологиялық бағыттағы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, кітап оқуды насихаттау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және табиғатты қорғауға бағытталған бастамалар жүзеге асырылып жатыр.

«Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырумен қатар, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал ететін маңызды қадам.