Таза Қазақстан: Жамбылдықтар айналаны тазартуға асарлатып кірісті

ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өтіп жатыр. Акция аясында облыстың барлық аудандарында қоғамдық орындар, көшелер, базарлар аумағы мен су айдындарының жағалауы тазартылды. 

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Іс-шара мақсаты — халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыру, өрт қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық орындарды, көшелер мен су айдындарын жиналған қоқыстардан тазарту.

Акция аясында бірқатар тазалық шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақтың көне салты «Асар» дәстүрі қайта жаңғырды.

Атап айтқанда, 7 шілде күні Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласы, 47 үйдің іші мен 1 мектептің жертөлесін су алып, жергілікті тұрғындарды әбігерге салған болатын. 

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақтар мен қоқыстар, ауыл көшелерін басып қалды. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды.

Яғни, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерді асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Оған 150-ге жуық азамат қатысты.

«Ағын судың салдарынан ауылдағы ағайынның әбігерге түскені рас. Көше толы топырақпен тал-дарақты тазалау оңайға соққан жоқ. Осы орайда қазақтың көне дәстүрі негізінде асарлатып келіп жатқан өзге аудандағы бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Қандай қиындықты болмасын ауыз біршілікпен еңсерген еліміздің болашағы жарқын бола берсін», — дейді Сарысу аудандық жастар орталығының директоры Асылжан Пазылбеков.

Сонымен бірге, бастауын Қырғыз елінен алатын Талас өзенінің жағалауын қоқыстардан тазарту жұмыстарына волонтерлер тартылды. «Жастар Таза Қазақстан үшін!» экологиялық акциясына 200-ден астам жас ағалаудағы шашылып жатқан пластик қалдықтарды жинап, 400 қап қоқысты арнайы орынға апарып төкті.

Басым көпшілігі жастарды құраған акция қоршаған ортаның ластану проблемасына, өлкеміздің табиғатын сақтаудың және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын түсіндіруде үлкен рөл атқаруда.

Сонымен қатар, Тараз қаласының «Көктем» алқабында, Байзақ, Қордай, Сарысу аудандарындағы облыстық және аудандық деңгейдегі жолдардың бойында, саябақтарда орталық көшелерде қураған шөптерді шабу жұмыстары өткізілді.

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін артыру мақсатында белсенді азаматтардың, волонтерлардың қатысуымен Тараз қаласындағы Талас өзені мен Жуалы ауданындағы Теріс өзені, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының Нұрлыкент, Қызыларық ауылдарындағы жағалауы бойындағы қоқыстан тазартылып, белсенді қатысушылар марапатталды.

Сонымен бірге, Жамбыл ауданы, Аса ауылында волонтерлер арасында конкурстар, Талас ауданында «Таза көше», «Таза аула» байқаулары өткізілді. Конкурстарға аула тұрғындары қатысып, белгіленген аулалар сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байзақ ауданының Қостөбе және Сарыкемер ауылдық округтерінің аумағында белсенді азаматтар, еріктілер, депутаттар Тараз-Сарыкемер жолының бойы, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, көгалдарды (газон) шабу жұмыстарын жүргізді.

Қордай ауылының кіре берісінде орналасқан «Барыс-2» базары негізгі сауда нысаны болғандықтан, әрі өзге аймақтардан ауыр жүк көліктері көптеп келгендіктен базар аумағы қоқысқа толып жатады.

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Осыны ескеріп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандырып, таза әрі жайлы орта құруға бағыттау мақсатында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Еріктілер мен жергілікті тұрғындар базар аумағын қоқыстан тазартып, жол бойындағы және сауда орындарындағы аймақтарды ретке келтірді. Сондай-ақ, қатысушылар базар маңайындағы жасыл аймақтарды суғарып, ағаштар мен гүлдерді ретке келтіру жұмыстарын атқарды.

Бүгінгі күнге Жамбыл облысында акция аясында 320 мың шаршы метр әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің іргелес аумақтары, 206 мың шаршы метр отын-энергетика кешенінің, 108 мың шаршы метр емдеу орталығының, 508 мың шаршы метр оқу орындарының, 280 мың шаршы метр орта және шағын кәсіпорын аумағы тазартылды.

818 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй ауласы мен 4,5 мың шақырым көше тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды.

60 мыңға жуық көшет отырғызылды, 2,4 мың тал ағашы санитарлық бұталанып, 455 мың шаршы метр жасыл желек суғарылды. 

Сондай-ақ, 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 143 саябақ, сквер аумағы тұрақты қоқыстан тазаланып отыр. Бұл жұмысқа жалпы 910 техника жұмылдырылған.

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі