«Таза Қазақстан» жаңа деңгейге көтеріледі: Президент ұлттық тазалық стандартын әзірлеуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – «Таза Қазақстанды» ұлт болмысына озық өзгерістер әкелген бірегей жоба деп атауға да болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен экологиялық акцияда айтты.

Фото: Ақорда

Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» – жалпыұлттық сипатқа ие болған бастама, сонымен қатар бұл халқымыздың саналы таңдауы.

– «Таза Қазақстанды» ұлт болмысына озық өзгерістер әкелген бірегей жоба деп атауға да болады. Осындай маңызды жұмыстың арқасында халқымыздың бойында мүлдем жаңа қасиеттер мен құндылықтар пайда бола бастады. Бірақ арқаны кеңге салып, мәз болып, босаңсуға болмайды. Біз өркениетті ел боламыз десек, тек алға қарай жүруіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен Таза Қазақстан» экологиялық акциясында.

Сонымен бірге, Президент «Таза Қазақстан» қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеруді ұсынды.

– Алдымызда тұрған биік және өзекті мақсаттар мен міндеттер аз емес, көп деп айтуға болады. Біз «Таза Қазақстан» қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек. Елімізде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу қажет деп ойлаймын. Бұл – уақыт талабы, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты және жас экобелсенділермен бірге Президент саябағы аумағында ағаш екті.

Бұған дейін Қ. Тоқаев еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де таза Қазақстанда жайлы өмір сүруі керектігін айтқан еді.

Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 7 млн адам қатысып, 130 мың гектар жер тазартылған.