«Таза Қазақстан»: жастар заңдылықты сақтауға ниетті

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент университетінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында студент жастардың прокуратура, әкімдік және Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерімен кездесу іс-шарасы өтті.

Фото: Шымкент университеті

Жиында заңдылықты сақтау, азаматтық ұстанымды қалыптастыру және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.

Фото: Шымкент университеті

Құқық қорғау органы мен әкімдік өкілдерімен кездесуге болашақ педагогтер, заңгерлер қатысты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында заң мен тәртіп мәселесінің көтерілуі де ерекше мәнге ие. Өйткені қалада, мекеме аумағында және өз ауласында тазалық сақтау жұмыстары адамның ой тазалығын, айналасына жанашырлықпен қарауын, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге деген ниетін де білдіреді.

Фото: Шымкент университеті

Прокурорлардың айтуынша, профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайған.

Фото: Шымкент университеті

– Жастарға құқық бұзушылық фактілеріне тап болса, полицияға немесе прокуратураға хабарласу қажеттігін үнемі түсіндіремін. Қазір буллинг, дропперлік, алаяқтық мәселелері жиі айтылады. Жасөспірімдер де осындай заңсыз әрекеттерге тап болып жатады. Сондықтан мұндай фактілерді жасырып қалмай, хабарлау арқылы азаматтық ұстаным таныту қажет. Қылмыстық әрекеттердің таралуына жол бермеу үшін құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру маңызды, – деді Еңбекші ауданы прокуратурасының прокуроры Нұрислам Сламбекұлы.

Фото: Шымкент университеті

 

Кездесуде көтерілген мәселелер студенттердің қызығушылығын тудырды. Сол себепті де жиын бірден еркін пікір алмасу форматында жалғасып, жастар өз ойларын ортаға салды. Өзекті мәселелерге қатысты көзқарастарын білдірді.