Тәжік бақташысы ауылын табиғи апаттан құтқарып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пенджикент ауданының тұрғыны Бобохон Маллахонов Тәжікстанның Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің «ТЖ салдарын жоюға қатысушы» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды khovar.tj .

ТЖК баспасөз орталығының басшысы Умеда Юсупованың айтуынша, жергілікті бақташы Амондар ауылының халқын селден бір сағат бұрын ескертіп үлгерген, соның арқасында ауылдастары аман қалған.

Төсбелгіні Соғды облысының төрағасы Абдурахмон Кодири табыс етті. Өңір басшысы Пенджикент ауданында сел көшкінінен зардап шеккен ауылдарды аралауға келген болатын. Бобохон Маллахоновқа ТЖК естелік сыйлықтарын берді.

26 маусымда болған сел көшкінінен кейін зардап шеккен ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген. Олар алғашқы қажетті тұрмыстық заттармен және тамақ қамтамасыз етілген.

Табиғи апаттың келтірген шығын көлемі есептелген соң бүлінген үйлерді қалпына келтіру және баспанасы толық қираған тұрғындарға жаңа үйлер салуға облыстық және жергілікті бюджеттен қажетті қаржы бөлінеді.